ГАЗ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ: Қайда? Қашан? Қалай?

1250cf486374c0595c2e95e29c6a10ec Жаңалықтар

Atr.kz/31 қаңтар, 2019 жыл. «Биыл Мақат ауданының аумағынан газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын ауқымды жобаның құрылысы екі жарым жылға созылмақ». Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттан белгілі болды.

«Алғашқы ақпарат негізсіз» Жаңа өндіріс орны жөніндегі әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Осы жоба бойынша қытайлық компаниямен келісім де жасалғанмыс. Дегенмен, Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі бұл болжамды жоққа шығарды. Биылғы жылдың 16 қаңтарында жарияланған алғашқы ақпараттың негізсіз екендігін баяндады.

«Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасы бойынша жеке қазақстандық компания мен Қытай компаниясы шарт жасасқаны туралы БАҚ-та таралған ақпарат шындыққа жанаспайтыны жөнінде хабарлаймыз. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша барлық мәселелер қаралу сатысында. Бұл ретте ешқандай уағдаластық және келісімшарттар жасалған жоқ.

ҚР Ұлттық Экономика министрлігі (Қашаған газ өңдеу зауытын салу бойынша жұмыс тобы ҚР Ұлттық Экономика министрлігі жанынан құрылған) және ҚР Энергетика министрлігінің үйлестіруімен Қашаған газ өңдеу зауытын салуға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Бұл маңызды жоба Қашаған кен орнынан 1 млрд. текше метр шикі газ өңдеуге мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, еліміз бағалы экспорттық ресурс – тауарлық газдың қосымша көлемін ғана алмайды, сонымен қатар, Қашаған стратегиялық кен орнында мұнай өндіруге шектеуді алып тастайды. Қашаған газ өңдеу зауытын салу жобасы шикі газды жағу мен кері айдау орнына қайта өңдеудің Ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылады. Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру мақсатында бүгінгі күні жобалау құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жобаның технологиялық күрделілігіне байланысты әртүрлі өндірушілерден жабдық қажет етіледі.

Жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін және барлық шарттарды келіскеннен кейін алда құрылысты, жабдықты жеткізушіні, материалдарды таңдауды және тағы басқаны қамтитын жобаны іске асыру міндеті тұр» делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қоршаған ортаны қорғау: Қандай мәселе бар? Осы мәселеге байланысты НКОК компаниясына хабарласқанбыз. Компания өкілдері «Біз ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Бұл нысанның компанияға қатысы жоқ» деп жауап берді.

Оның қуаты, қайда орналасатыны жөнінде де айтылмады. Дегенмен, жақында осы мәселелер Энергетика министрлігінің Petrocouncil. kz сайтының сауалына байланысты жолдаған жауабында көрініс тапты. Газ өңдеу зауытының құрылысы биыл басталады деп жоспарланып отыр. Бұл инвестордың жеке қаржысы және қаржылық институттардың несиесін тарта отырып жүзеге асырылады. Өндіріс орнының нақты қайдан салынатындығы да белгілі болуда.

Ақпаратта көрсетілгендей, болашақ нысан «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының солтүстік шығысынан бой көтереді. Мақат ауданына тиесілі бұл аймақ Қарабатан теміржол разъезінен – 25, Атырау қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналаспақ. Әрине, атыраулықтарды экология мәселесі ерекше алаңдатады. Оның шығарындысы қоршаған ортаға қаншалықты әсер ететіндігі туралы білгісі келеді. Тұрғындардың қойған заңды сұрағына байланысты Энергетика министрлігінің өкілдері «алаңдаушылық танытуға ешқандай негіз жоқ» деп сендіріп отыр.

Олардың айтуынша, өндіріс орны мен елдімекенге дейінгі аралық 1080 метрден кем болмауы керек. Бұл зиянды заттардың апатты мөлшерде шығарылуы негізге алынып көрсетілді. Осы тұрғыдан келгенде, санитарлық-қорғау алаңы зауытқа 1200 метрден кем емес көлемде жасақталған.

– Санитарлық-қорғау алаңы аумағына елдімекендер кірмейді. Сондықтан, көшіру жұмыстары жоспарланып отырған жоқ, – делінген Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бүгінде жұмыс жасап тұрған «Болашақ» зауытының санитарлық-қорғау алаңы 7 шақырымды құрайды. Оның аумағы алдағы уақытта салынатын өндіріс орнының қорғаныш көлемімен қиылыспайды. Яғни, екі зауыттың аралығы 12 шақырымға тең. Істің мәнжайын білетіндер қоршаған орта мәселесіне ерекше маңыз беріліп отырғанын айтады. Өндіріс қалдығы да тиісті рұхсаты бар арнайы мекемелерге беріледі.

Соның негізінде шығарындылар белгіленген жерге заңды шарттарды сақтай отырып, утилизацияланып, содан соң көміледі. Өндіріс орнында орнатылатын жаңа қондырғы түйіршектеу күкіртін шығаруды қамтамасыз етеді. Кесек күкірт өндірісіне қарағанда, түйіршектеу жұмысында шаң болмайды, әрі иісі жоқ. Полимерлі қабыршақты түйіршіктің көлемі 2-5 мм аралығында болады.

Соңында өндірістік желіде герметикалық қаптарға салынады. Осының барлығы ауаға лас қалдықтардың шығарылуына жол бермейді. Атыраудағы өндірістің өркендеуі, жаңа зауыттардың салынуы ел экономикасына серпін береді. Дегенмен, бұл тұрғыда экология проблемасы ұмытылмаса дейміз.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз