Ғасыр ҒАЛАМАТЫ

i Қоғам

Еліміз енді етек жиып, егемендік алып жатқанда жаңа оқу жылын бастаған оқушының «Менің арманымдағы астана…» деп шимайлаған шығармасы бүгін де шындыққа айналды. Арман алдамады, ойлар орындалды. Жұрттың жартысын жалпағымен жайпаған ашаршылық артта қалды. Таршылықтың тарысын қуырып жеген қауырт күндер келмеске кетті. Қайғы мен қасіретке, қан мен терге толы өткен ғасыр ғайып болды.

Келешекке кірпіш қалаған кешегі күнге көз жүгіртсек, өзге елдердегідей бізде де астананың ауық-ауық ауысқанын көреміз.  Бірақ, кеңестік кезеңде тарихтың тілі біраз бұрмаланып, қазақтың астаналары деп шын мәніндегі шұрайлы емес, шөлді қутақыр қоныстар көрсетіліпті. Бірақ, шындықтың аты шындық қой, суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды, қалайда қылыштай қиып түседі. Бәріне уақыт емші емес пе, Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыз таразы басын теңестірді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді.

Арқада асқақтаған арман

Жалпы, жаңа астана не үшін қажет болды және ол неге Арқадан тұрақ тепті, алдымен осыған тоқталайық. Еліміз егемендік алған кезде өмірді ақ парақтан бастау қажет болды. Міне, сондықтан ел жүрегін сәбидің санасындай тап-таза дархан далаға көшіру көзделді. Бұл орайда, бар мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дағдыланған Елбасы білектің емес, білімнің қуатын басты қару ретінде қолданды.

Астананы Арқаға ауыстырудың екінші себебі, елдің бір шеті елеусіз қалмасын деген ой. Бұған дейін де оның Ұлытаудан тұрақ табуы – «артымыздан жау алмасын, алдымыз ашық болсын» деген ойдан туса керек. Не болса да, қысқа күнде қырық құбылған заман ғой. Соның бәрінің артында – кемеңгер де кемел Елбасының көреген саясаты жатыр.

Үшіншіден, қазақтың қос бүйірінен қысқан қысылтаяң нарық жағдайында күн көру кім-кімге де оңайға тимеді. Ешкім жылы орнынан жылжығысы келмеді. Сондықтан сын сағатта экономикалық сілкініс керек болды. Сөйтіп, кешегі Ақмола тозаңнан тазарып, көсегесі көгерді. Оның үстіне, ескі үйлерді күреу де қиынға соқпады, қолға жұқпады.

Құтты қоныс

Тарихи шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Парламенттің қос палатасында қызу пікірталастар жүрді. О баста халықтың бір бөлігі жаңалыққа жатырқай қарағаны рас. Бірақ, көреген Көшбасшы олардың да ойларын тыңдап, тамырын басты. Қалай болғанда да, басшымыз бастады, қалың қауым қостады. Тұңғыш Президент қашан да бірнеше қадам ілгері жүретінін танытты. Тарих тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеді.

Иә, ел басқару, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдау қиынның қиыны екені даусыз. Осынау жауапкершілік жүгін бір басына көтере білген Елбасы алдымен аузына «бісмілләсін» алып, ата-баба аруағына адалдық танытты. Содан кейін ғана іске кірісті. Шағаладай шарқ ұрып, тыным таппады. Таланттың да, тарихтың да тұлпарын алма-кезек мініп, алысқа шауып отырды.

Астанаға алғаш сапарлаған ел азаматтарына алақан жайып, батасын берген ақсақалдың бірі – өзіміздің жерлес жазушымыз, заңғар тұлғамыз – Зейнолла Қабдолов екен. Айтпақшы, алғашқы сапарда мемлекеттік нышандар да Елбасымен бірге ұшқан екен. Ақыры, араға жарты жыл салып, Еуразия кіндігінен қазақтың қуаныш күлкісі естілді. Алыпқашпа әңгімелер артта қалып, бас қаланың бұғанасы бекіді. Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның жаңа Нұр-Сұлтанды емес, Нұр-Сұлтанның жаңа Қазақстанды құрудағы үлесі басым түскендей! Адал еңбек ақталып, дос сүйінетін, дұшпан күйінетін жағдайға жеттік.

Бүгінде сән-салтанат пен маңызды жиынның бәрі осында өтеді. Мұнда ағылған азаматтар көкірек көзін суарып, жан дүниесін жаңартуда. Десек те, болмағанды болды, толмағанды толды деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Ендеше, осынау елдігіміз бен кеңдігімізді Тәңіріміз көлденең көздің сұғынан, қиямпұрыстың құрығынан сақтағай деп тілейік.

Айя Коказова,

журналистика мамандығының 2-курс студенті

*Сіз не дейсіз?

Хэймиш Полс,

«Теңізшевройл» ЖШС бас менеджерінің орынбасары:

– Өзім Оңтүстік Американың тумасымын. Нұр-Сұлтанға бірнеше рет іссапармен бардым. Көркіне көз тоймайды. «Айналдырған жиырма бір жыл ішінде қалайша осындай зор дәрежеге жетті екен?» деп таңданамын. Экономикасы, оның ішінде, инфрақұрылым жүйесі, сәулеті мен дәулеті, әлеуметтік әлеуеті, мәдениеті мен әдебиеті, бәрі де үйлесім тапты. Иен далаға иелік еткен шаһар шынымен де ыстық ықылас пен ерекше әсерге бөлейді. Бұл жердің тұрғындары да өте қонақжай.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз