Ескі вокзалдың қайда орналасқанын білесіз бе?

ЕСКІ ВОКЗАЛ Жаңалықтар

Мұнайлы мекенге өзге аймақтан немесе шет елден ағайындарымыз, достарымыз келе қалғанда Атыраудың санаулы көрікті жерлерін көрсетеміз. «Жеңіс саябағы», Тұрғындар қалашығындағы «Отбасы саябағы», «Исатай-Махамбет»  орталық алаңы, Жайық жағалауы,  Нұрсая ықшамауданындағы «Салтанат сарайын» да көрікті жерлердің қатарына қосып алдық. Гүлденген қала көркімен танысқан қонағыңыздың бұдан кейін шаһардың тарихына да үңілетіні анық. Осы кезде Атыраудың тарихынан сыр шертер көне үйлер мен ғимараттар көп болғанымен, олардың қайсысын айтатыныңды  білмеуің мүмкін. Өйткені, олардың тарихынан өзің де хабарсызсың. Ендеше, біздің «Көненің көзі» айдарында берілетін барлық ғимараттарды оқып жүруге кеңес береміз, оқырман!

ЕСКІ ВОКЗАЛ

Осы жолы қала орталығында орналасқан көне теміржол вокзалы  ғимараты туралы деректермен таныса отырыңыздар. Бірақ, қазіргі вокзалмен шатастырып алмаңыз.

Ескі теміржол  1971 жылға дейін жұмыс жасаған. Кейін автовокзалға айналды. Бүгінде бұл ғимаратта шетелдік компаниялардың маман киімдерін сататын дүкен бар.

Майданға мұнай жөнелтілген

Ескі вокзал қала аумағы кішірек кезде салынған. 1939 жылы Гурьев облысынан мұнай тасу мақсатында Орынбор-Гурьев теміржолының құрылысы салына бастады. Яғни, «Атырау-Қандыағаш» бағыты бойынша орналасқан теміржол бөлімшесінің ұзындығы 505 шақырым болды. Теміржолдың құрылысы 1942 жылы толықтай  аяқталып, пайдалануға берілді. Сол кездегі ең сапалы мұнай өндіріп тұрған Доссор, Ескене кен орындарынан вагонға тиелген мұнай осы теміржол арқылы тікелей Сталинградқа жеткізілді. Сапалығы сондай, Атырау жерінен өндірілген мұнайды сол күйінде ұшақтар мен танкілерге құйғанын да айта кетейік.

Жеңіл көліктермен мұнайды тасымалдау мүмкін емес еді. Теміржол осы мақсатта жүк тасымалдау үшін алдын ала ойластырылып салынған.

1941 жылдың қазан айында Атырауға Донбастан көшірілген Петровский атындағы зауытта токарлық станоктар, 8 шпиндельді оймалауыш, жартылай автоматты станоктар, сегментті араларды қайрайтын жартылай автоматтар, жоғары өнімді престер, т.б. жабдықтар өндіріліп, олардың бәрі теміржол арқылы майданға тасымалданған.

Ал, 1941 жылғы 22 маусымда біз айтып отырған ескі вокзалдан Ұлы Отан соғысына Атырау облысынан (бұрынғы Гурьев) Отан  қорғауға өз еркімен  42509 адам аттанған. Оның ішінде Атырау қаласынан 11302 адам майданға барған. Олардың 13267-сі  шаңырағына қайта оралмапты.

Осы жерден жұмысқа аттанған

Өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, бұл вокзалдан 1943 жылы Қарағанды көмір өндірісін игеруді оқуға сол кездегі гурьевтік жергілікті жастар кетті. Олардың қатарында кейіннен елдің дамуына араласып, көптеген істердің басынан табылған Яуда Мұсағалиев,  қазіргі қазақ балет өнерінің қайраткері  Болат Аюханов та болған. (Ол Семейге кетті). 1954 жылы тың игеріліп жатқан облыстарға көптеген отбасылар жұмысқа жіберілді. Біздің өңірдің байырғы мұнайшылары 1963 жылы Маңғыстау түбегі ашылғанда осы вокзалдан аттанды. 1946 жылы Сахалин аралдарына  балықшылық кәсіпті дамытуға бұрынғы Теңіз, Новобогат аудандарынан көптеген отбасылар осы вокзал арқылы көшкен еді.  Олардың көбі сол жақта тұрақтап қалды.

Әлібек  ҚАЙЫРОВ,

Қазақстанның  құрметті журналисі:

Жастық шағымды еске түсіреді

– Сол кезде қазіргідей жолаушы көп емес еді. Бар-жоғы төрт-бес вагон болған. «Атырау-Орынбор» бағытындағы теміржолдың бөлімшесіне қазіргі Ақтөбе, Қандыағаш, Мақат, Атырау бағыты қараған. 1965 жылы өзім осы теміржолдан Алматыға оқуға аттандым. Сол кезде оқуға, жұмыс жасауға жастардың бәрі осы вокзалдан аттанды. Сондықтан, бұл ғимарат – көптеген көнекөз қариялардың мәңгі есінде. Теміржол ғимараты  жастық шағымды еске түсіреді.

 

Темірболат ҚИБАШЕВ,

зейнеткер:

Бала күнімнің куәсіндей

– Ескі вокзалмен бізді көршілес облыстарға,  мақта теруге, егін жинау науқанына жіберетін. Күз бастала салысымен еңбек науқаны бірге келеді. Сондай кезде оқушыларды еңбекке тарту үшін сабақтан босататын. Әр адам күніне пәлен келі мақта теруі керек деген жоспар қоятын. Жоспарды толық орындамасақ, ұстаздардан сөз еститінбіз. Кейде енді ашылып келе жатқан мақтаның көшегімен атысып, ойынға да беріліп кететін едік. Сонда да әйтеуір қап-қап мақта жинадық. Дегенмен, еңбектің наны тәтті емес пе! Күні бойы бел жазбай жасаған жұмысымызға аз-мұз ақы төлейтін. Кейін сол ақшаға балмұздақ, кәмпит сатып алғандағы қуаныш бір басқа ғой. Бізді сол кезде қоғам жастайымыздан еңбекке үйреткен екен. Өз басым мектепте оқып жүріп мақта тердім, қауын-қарбыз да арқаладым. Мұның бәрі ұсақ-түйек шаруа болғанымен, еңбегі ауыр. Қазіргі жастар ондай сезімдерді білмейді ғой. Вокзал – менің мектептегі бала күнімнің куәсі.

Бүгінгі вокзал

Ал, мынау – қазіргі вокзалдың көрінісі. Ғимараттың іргетасы жетпісінші жылдары қаланған. Сыртқы бейнесін де, қызмет көрсету сапасын да өткенмен салыстыруға келмейді. Нысанға 2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрын нысанның сыйымдылығы 500 жолаушыға арналған болса, қазір 3000 жолаушы еркін жүреді. Мұнайлы шаһардың бет-бейнесі саналатын вокзалдың соңғы үш жылда сыртқы қас беті өзгертіліп, заманға сай жаңарды.

Мұнда жолаушыға қолайлы бөлмелер дайындалған. Ана мен кішкентай сәбилерге де арнайы залдар, VIP бөлмелер қарастырылған.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз