Ескі мектептің екінші тынысы

Бәрекелді Білім

Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау қаласына қарасты Ақжайық ауылында мыңдаған шәкіртті қанаттандырған жарты ғасырлық тарихы бар Марат Отаралиев атындағы мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Оның тұсауын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен ауыл ардагері Қабатай Қалмұрзин кесті.

Бәрекелді!

– Елбасы халыққа Жолдауында адами капиталды дамыту жөнінде тапсырмалар берді. Сонымен бірге, білім саласында да кешенді жұмыстар қолға алынуда. Биылғы жылдың соңына дейін апаттық жағдайдағы тағы үш білім ұясы жаңарып, қайтадан бой көтермек. Барлығы 24 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.

120 орындық білім беру нысаны негізгі және қосымша блоктан, спорт пен акт залдарынан тұрады. Мұнда жеке жылу қазандығы үшін бөлек ғимарат қарастырылған. Қуаты 10,5 киловаттық дизель-генератор қондырылған. Сондай-ақ, 6/0.4 киловольтті трансформаторлық  қо-салқы станса, аумағы 3 текше метр кәріздік әжетқұдық (септик) пен қоқыс алаңы да бар. Спорт пен түрлі іс-қимыл ойындарына арналған алаңдар мен іргелес аумақтағы көлік тұрағы өте ыңғайлы. Кешеннің жалпы аумағы  2111,23 шаршы метрді құрайды. Ұлдар үшін – шеберлік, ал, қыз балаларға тігіншілік үйірмесі ашылған. Әр сынып бөлмесі интерактивті тақтамен, ғаламтор желісіне қосылған компьютермен және баспа құралымен жабдықталған.

Салтанатты шарада НКОК компаниясының мемлекеттік органдармен қарым-қатынас және сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Серік Идранов сөз алды.

Бәрекелді!2

– НКОК компаниясы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Ақжайық ауылының оқушылары үшін салынған орта білім беретін жаңа мектеп. Аталған мекеме Солтүстік Каспий бойынша өнімдерді бөлісу жөніндегі келісім аясында 11 блоктағы көмірсутекті барлау мен өндіру операторы ретінде консорциумның жеті мүшесі атынан қызмет етеді. Барлығы 5600 шаршы шақырым алаңды құрайтын мердігерлік аумақта Қашаған, Қаламқас-теңіз, Оңтүстік-Батыс Қашаған, Ақтоты және Қайраң кен орындары бар, – деді.

Құрылыс жұмыстарын жүргіз-ген мердігер «КаэсСтрой» мекемесінің басшысы Мөңке Шмыков мектеп директоры Ләззат Өтеуғалиға символикалық кілтті салтанатты түрде  табыс етті. Аталған компания осыған дейін Ақтау қаласында бірнеше құрылыс нысандарын тұрғызған. Бұл Атыраудағы алғашқы жобалары екен.

НКОК компаниясының әлеуметтік инфрақұрылым жобалары жөніндегі департамент мене-джері Руслан Әубекеровтің ай-туынша, нысан өз уақытында тапсырылған. «Алдымен ескі ғимарат пен балабақша бұзылып, орнына жаңа мектеп салынып отыр. Оның құрылысына бір жылдай уақыт жұмсалды. Соңғы үлгідегі жобалау жұмыстарымен Орал қаласынан келген мекеме айналысты. Жалпы жоба құны 600 млн. теңгені құрайды» деді ол.

Шараның соңында Марат Отаралиевтің жұбайы Гүлзада Ахметқалиева ақын әулетінің атынан шексіз ризашылығын білдірсе, ардагер ұстаз Ақсұлу Құсайынова «әрбір бала– жұлдыз, оның жарқырауына мүмкіндік бер!» деген қағиданы ұстанатын мектеп ұжымына ізгі тілегін жолдады.

Амандық Абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз