Ерте үзілген ғұмыр

o "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. Өтіп жатқан өмір-ай десеңізші?! Мүмкін, дүниеден озған қайсыбір асылдар жайлы әңгіме бастай қалсақ, алдымен ауызға түсер алғашқы сөз «Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырында…» болар еді. Соған қарағанда адам өмірінің ұзағы жоқ, бәрі де келте, қысқа. Бірақ, олардың қай-қайсысы да сол қысқа ғұмырында замандастарының есінде қалатындай қандай да бір іс тындырып кетеді. Соны жұрт кейіннен сағынышпен әуезілеп әңгімелеп отырады. Біздің Тәкең ағамыз, кәдімгі қаламгер Тасмұқан Тінәлиев те сондай ауыз толтырып айтуға тұрар абыройлы жан еді.

Ол 1939 жылдың тамызында Ноғайлының Атырауға іргелес Азауында дүниеге келді. Әйтсе де, әу бастағы атакүлдігі Мыңтөбе еді. Дегенмен жиырмасыншы жылдардың шаш ал десе, бас алған дүрбелеңінде саптыаяқтың сабынан қарауыл қарап, біреуді біреу түрткен күн туып, құмның екі бұзаулы сиыр, он бес қой, бір түйесі мен қисық құлақ аты бар азаматына күн туып, түтіні қырын ұшты. Осы кезде жан баққан жанұялар жан-жаққа тырым-тырақай қашты. Солардың біразы Астраханның шығыс арқасындағы жаға қырлық – Азау мен Досанкадан сая тапты.

Тасмұқан аға Құби қария мен Сарай әженің ұзақ күткен жалғызы-тұғын. Бірақ, олар жалғыз деп еркелеткен ештеңесі жоқ, керек жерінде жұмсай да білді, қажет болса тыңдата да алды. Территориялық жағынан бұлар мекендеген қоныс Ресейге қарады. Оның Астрахан облысындағы Красный Яр ауданы еді. Әйтсе де, қазақ мектебі бар, қандас бауырларымыз алпысыншы жылдардың ортасына дейін сонда ана тілінде оқып, жалпыға бірдей орта білім алды.

Тасмұқан Зормата ауылындағы Сталин атындағы орта мектепті бітірген соң Гурьев педагогикалық институтына түсіп еді, бірақ, әуелден жазусызуға үйірсектігі мына оқуды қаламай, бір жағынан жасы келген қариялардан ұзап кетудің жөнін таба алмай, денсаулығын дәлел ғып, туған ауылына қайтып оралды. Біраз уақыт Алға ауылдық кітапханасында жұмыс істеді. Одан соң аудандық «Ленин жолы» газетінде фототілшілік қызметте болды. Газет ісі, оның тілшілік тауқыметі Тасмұқанның бала кезден бергі арманы еді.

Сол арманға бір табан жақындай түскен ол негізгі қызметі суретке түсіру болса да журналистік жазу-сызуды, әдеби-көркем шығармашылдықты бір сәт те қаперінен шығармады. Соған сай оның алғашқы өлеңдері мен шағын әңгіме, новеллалары, көркем очерктері әуелгіде өзі қызмет ететін газетте там-тұмдап шыға бастаса, уақыт өте республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды.

Осы кезде ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітіріп алған ол алпысыншы жылдардың аяғында Балықшы ауданында жаңадан «Каспий таңы» газеті ашылғанда жұмысқа шақырылды. Бөлім меңгерушісі, мезгіл өте жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1972 жылы облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне ауысып, ауыл шаруашылығы бөлімінде аға тілші болды. Тәкеңнің шығармашылық шеберлігі осы тұста тіптен шыңдалып, ұштала түсті.

Жұмыс басында Тайсойған мен Бүйрек, Азғыр, Жем бойының малшылары, Жайық пен Қиғашты жағалаған егіншілер, айдын шарлаған балықшылар өмірін көрсетуге белсенді араласты. Жай журналистік жазбалар ғана емес, тереңдеген зерттеу, әдеби шығармалар жазу мүмкіндігін иеленді. Біз де сол кезде Тасмұқан ағамен әріптес боп бір ұжымда қанаттас жұмыс істедік. Аспай-саспай терезеге қараған күйі алдына қарай құлаған ақ бурыл ұзын шашын салалы саусақтарымен артқа қарай тарақтап қойып, қол астындағы қағазына әдемі әріптерін моншақтай тізетін.

Сол кезде ол отыздың дәл ортасындағы жапжас жігіт екен-ау. Бірақ, іс-қимылдарын бақсақ, бәрі ересек жандардың әрекеті. Үнемі байсалды қалпы, біреулерге ақыл айту, көмек жасаумен жүретін. Ал, жазуға келгенде күй талғамай бұрқыта беретін. Әсіресе, оның 1974 жылдың маусымында Қызылқоға ауданының шаруашылықтарында бірнеше күнге созылған қатты жаңбыр, нөсер кезінде қойларын табиғи апаттан аман алып қалу үшін күрескен шопандар ерлігі жайлы очеркі кезінде әріптестері арасында жоғары бағаланды.

Сондай-ақ, оның Ембі ауданының алыс түкпіріндегі қой төлдету барысынан жазылған көлемді репортажы да тұшымды дүние еді. Қыс аяғы созылып, мал азығы таусылған, адам күші жетпей жатқан шақтағы қызу қарбаластағы түз адамдарының іс-қимылы өте нанымды көрсетіледі. Тегінде Тасмұқан ауыл өмірін, оның тірлігін жақсы білетін қаламгер еді. Соған сай жазған дүниелері де әрдайым бояуы қанық, әсерлі болатын.

Тәкең кезінде айдын төсінде ақжал толқындармен алысып, су маржандарын терген мұзбалақ балықшылар жайлы да түйдек-түйдек очерктер тудырды. Олардың біразы аудандық «Ленин жолы», «Каспий таңы», облыстық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Қазақстан» баспасынан жарық көрген балықшылар жайлы «Теңіз тарландары» (1978), «Атырау айдыны» (1982) жинақтарында жарияланды.

Кейін Т.Тінәлиев облыстық партия комитеті жанындағы архивте, одан соң Махамбет атындағы облыстық академиялық драма театрының әдебиет бөлімінде істеген жылдарында әдеби көркем шығармашылдыққа дендеп бет бұрды. Бұрынғыдай өлең құрастыру, шағын әңгіме, новеллалар емес, жанрлық жағынан күрделі, көлемді дүниелер жазуға ден қойды. Оның бұл реттегі алғашқы туындысы сол кездегі өмірге енді ғана ене бастаған халық шаруашылығына мектеп бітірген жастарды көптеп шақыру, яғни, комсомолжастар бригадаларын құру бастамасын көрсету ниеті еді. Повесть «Телегей» деп аталады.

Шығарма нақты оқиға негізінде жазылған. Жетпісінші жылдардың соңында Каспий теңізінің суы көтеріліп, айдын жағалай жайғасқан шопандар өмірінде қиындықтар туындады. Қыстау орны, аула-қораны су басты. Міне, осындай шақта екі мыңдай малы бар отарды шырқ иіріп, табиғи апатпен тайталасқан жастар және олардың бай тәжірибелі тәлімгері – Нұрғазы, шаруашылық басшысы – Сәлменнің қоғамдық малды аман сақтаудағы жанкешті іс-қимылдары шеберлікпен суреттеледі.

Шығармадағы оқиғалар сәт сайын күрделеніп, олар қарапайым тілмен айшықты көрсетіледі. Тасмұқан Құбиұлының келесі бір қомақты шығармасы – кісі қолынан қаза болған белгілі тұлға, республиканың еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Лениндік сыйлықтың иегері Н.Имашевтың (19081973) өліміне орай жазылған «Құпия қаза» (1985) деп аталатын деректі хикаясы. Марқұм осы шығармасын жазу үшін облыстық соттың архивінде айлап отырды. Кейіпкерінің көзкөргендері, сот ісін жүргізуші заңгерлермен талай рет кездесіп, сөйлесті, ой бөлісті.

Ақыры оқырман жылы қабылдаған көлемді шығарманы дүниеге әкелді. Ол «Жалын» журналы мен республика Ішкі істер министрлігі жариялаған жабық бәйгеде екінші орын алды. Тасмұқан Тінәлиевтің жұртшылық жүрегіне ұялаған туындыларының бірі – «Адасқан адам» (1991) повесі еді. Ол сонау жиырмасыншы жылдардың ұр да жық тәртібіне көндікпей жеке бастағы келіспеушіліктен «Халық жауы» атанған Аманғали Кенжеахметовтың ісі жөніндегі шығарма.

Сайып келгенде, Қазақстанның батыс өңіріндегі бұл сынды ішкі қайшылықтарға толы, саяси астары мол Құныскерей, Тоқатай Құрмаш, Аманғали істері бұған дейін қозғалмаған тақырып болатын. Бірақ, Тасмұқан аға бұл сияқты ұлттық дәстүрмен сәйкестене бермейтін жаңа құбылмалы саясаттың да сәнін бұзбай,қазақы тәрбиедегі жеке адамдардың да арына тимейтін әдемі еңбек жазды. Онысын оқырман сүйсіне оқыды. Кезінде қаламгердің алғашқы повесі «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шықты. Ал, соңғы екі хикаясы «Жалын» альманахында жарияланды.

Басқа да повестері жарық көрді. Жалпы қаламгер Т.Тінәлиев туралы сөз қозғағанда оның біз білетін, кезінде түрлі басылымдарда жарық көрген «Алғашқы әңгіме», «Бидай өңді келіншек», «Махаббаттың көз жасы», «Бір уыс топырақ», «Кімдер ғашық болмаған» сияқты оннан астам әңгімелері мен әңгімеге татитын «Тұяқ», «Қайсарлық», «Тоғысқан тағдырлар», «Жүректегі жалын сөнбейді», «Оның аты адам», басқа да очерктері–оқырманын бейжай қалдырмайтын туындылар.

Бір қарағанда, Тасмұқан шығармаларының негізгі тақырыбы – замандастар тағдыры, қоғамдағы әлеуметтік сәйкессіздіктер, оларды шешудің негізгі жолдары. Тасмұқан қаламгер ретінде талғаммен, талдап жазатын. Аз жазса да саз, бірақ, иін қандырып, иланымды суреттейтін. Бір жағынан оған өзінің жастай ауырып, көбіне төсек тартып жатып қалатыны да себеп болған сияқты.

Сол ауру оның көп жағдайда қолын байлады. Ол көпшіл еді, достары да мол болатын. Әйтсе де, ажал келсе алды-артыңа қаратпайтыны белгілі, ойда жоқта кете барды. Бірақ, біз барда, артынан ерген әріптестері, достары барда ол ұмытылмайды. Күлімдеп әдемі жымиған қалпы әлі көз алдымызда тұр. Жылдар өтсе де жүрегімізден жоғалма, жақсы аға!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Ақпарат саласының үздігі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз