Ернар АЙДАР атыраулықтардың арманын орындады

prpop Жаңалықтар

Atr.kz/4 қазан, 2019 жыл. Таза, пәк, адал махаббат… Бірнеше рет отадан шығып, әрбір күні өмір үшін күреске айналса да, шынайы сезімдерін сақтай білген жылыойлық жұпты әнінің клипіне арқау еткен танымал әнші атыраулық тыңдармандарын
жаңа туындыларымен қуантты. «Қала күні» қарсаңында қазақстандық эстрада жұлдызы Ернар Айдар жеке шығармашылық концертін берді. Біз салтанатты кеш алдында әншімен аз-кем әңгімелесіп үлгергенбіз.

– Атырауға қош келдіңіз! Бұл жеке концертіңіздің ерекшілігі неде деп айтар едіңіз?

– Шығармашылық кеш – өзімнің жыл сайын беретін жеке концертім. Атырауға келмегелі көп болып еді. Қалалық әкімдік маған қолдау білдіріп, ән кешімді Исатай-Махамбет алаңында өткізбекші болды. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты кешті «Жастар сарайында» өткізуге бел будық. Ең алдымен, жаңа әндерімді ұсынып отырмын. Бұл тұрақты түрде өткізіп жүрген ән кештерімнің жалғасы.

Жалпы, әр тыңдарманның сүйікті өнерпазы бар ғой. Соны тыңдап, кездессе, ұзақ уақыт бойы қуанып жүреді. Біздің де түпкі мақсатымыз осы еді. Жұртшылықпен жүздесіп, жақсы көңіл-күй сыйлау. Сол үдеден шыға білсек, әншінің арманы орындалды деген сөз. Оның үстіне, өзім де шабыттанғым келді.

– Бұл сауалға бірнеше рет жауап бергеніңізді білеміз. Дегенмен, Атырау өңіріне келгеннен кейін хит әндеріңіздің бірі – «Күнім, сен сөнбеші» атты туындыңыздың шығу тарихына тоқталып өтсеңіз…

– Рас, бұл туралы көп айттық. Қысқаша тоқталсам, жалпы, бұл ән нақты Марлен мен Әнелге арналмады. Алдымен ән пайда болды. Кейін мен аварияға түскеннен кейін туындыны «Күнім, сен сөнбеші» деп атадық. Сосын осы әнге сәйкес келетін кейіпкерлер іздедім, шынайы болса екен дедім.

Сөйтіп жүргенде, Марлен мен Әнелді бір бағдарламадан көріп, Алматыға шақырдық. Сценарийін жаздық, сол бойынша клип түсірдік. Осылайша, ән соларға арналғандай болып кетті. Жастар махаббатқа адал, берік болса екен дейтінбіз. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Қазір қай жерге барсақ та ең алдымен осы әнді сұрайды. Бүгінде бұл ән Әнел мен Марленнің бойтұмары болып қалды.

– Жеке концертіңізде тыңдармандарыңызды қандай жаңа әндермен қуантпақшысыз? Осы жерде алдағы шығармашылық жоспарларыңызбен бөлісудің реті келіп тұрған сияқты…

– «Бір емес» атты жаңа әнім бар. Концерттік бағдарламада «Жақсы көрем осы қалпыңмен» деп аталатын жаңа туындым да бар. Жалпы, өзімді жаңа әндерді жиі шығарып тұратын әншілер қатарынанмын десем қателеспеймін. Оған тыңдармандарымды әбден үйретіп алдым. Қазір жеке концертіммен ел аралап жүрмін. Атыраудан кейін Орал, сонан соң Ақтөбе, осылай жиырмаға жуық қалада шығармашылық кешімді өткіземін.

Қорытынды концертімді 20 желтоқсанда Алматыда, 22 желтоқсанда НұрСұлтандағы «Барыс аренада» өткізбек жоспарым бар. Қазір соған дайындық үстіндемін. Кеш қонақтары ретінде әлем жұлдызы Араш, Түркия елінің өнерпазы Сердар Артач келеді. Арашпен қазақша әнді дуэт болып орындаймыз. Тағы бір белгілі жұлдызды шақыру үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер келісім-шарт мерзімінде аяқталса, оны да шақырмақ ниетіміз бар.

– Бүгінгі таңда өнер жұлдыздарының арасында жарын сахнаға шығару хитке айналды. Сіздің де сондай хайп жасамақ жоспарыңыз жоқ па?

– Ондай жоспарым да, ойым да жоқ. Керек емес деп санаймын. Халқыма өнеріммен таныспын. Өз өнерімді жалғастыра беремін.

– Атырауға алғаш жеке концертіңізбен келгенде мұнайлы өлке несімен есте қалды?

– Атырауға 2013 жылы көктемде алғаш рет жеке шығармашылық кеш өткізуге келдім. Сол кезде афишаларды өзіміз жабыстырып, көшеге жарнама ілетінбіз. Концерт Махамбет атындағы облыстық академиялық театрында өткен еді. «Жарай ма?» әнін Атырау елінен шабыттанып, жазған болатынмын. Кейін жылына екі рет келетінбіз. Бірнеше күн билеттерді өткізе алмай жүрдік. Сонан соң бір күнде билеттердің барлығы сатылып кетіп, бір күнде екі рет концерт беруге тура келді. Мен үшін бұл күтпеген тосын сый болды. Атырау дегенде менің ойыма мінезі тік болғанмен, кең дариядай ақкөңіл халқы бар ел оралады. Ал, жазы ызыңдаған масасымен еске түседі.

Әңгімелескен:

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ

*Көрермен лебізі

Сәуле МАҒАУ,

зейнеткер:

– Концерттің бір ерекшелігі – тегін өтуі. Әншінің кешіне бара алмай жүрген қаншама жанның арманы орындалды. Жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылған кеш керемет әсерге бөледі. Әсіресе, «Ұнатамын», «Махаббат қаласы», «Тамаша», «Жарай ма?», «Бір емес», «Жақсы көремін осы қалпыңмен» секілді сезімге толы сыршыл әндерді бәріміз қосыла шырқадық.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз