«Ер қаруы – бес қару»

«Ер қаруы – бес қару» Жаңалықтар

Ғасырлар бойы аттың жалында, атанның қомында жүріп азаттығын аңсаған ата-бабаларымыз Қазақ жері үшін жауларымен шайқасып, талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Кешегі өткен ер Махамбет те «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жандасып, теңдікті қолдан бермедік» деп жалаулы найза қолға алып, қыннан қылыш суырмап па еді?

«Ер қаруы – бес қару»

XVII-XVIII ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар: Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Райымбек, Ханкелді, Малайсары сынды халқы үшін ерліктің өшпес ізін қалдырған батырлардың ерлік істерінің қайнар көзі – елін, жерін сүю, халқының ар-намысын қорғау.  Осы шайқастарда қолданылған қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары, соғысқа арнап баптаған айтұяқ арғымақтарға ыңғайлы ер-тұрмандары қазір бізге тарих, көненің көзі  болып қалды.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында қару-жарақтар топтамасының бірнеше түрі бар. Атыраулық қолөнер шеберлері Арыстанбек Молдашев, Есім Арыстанов, Айса Отарәлиев және Алматы облысының қолөнер шебері Сағи Иманбаевтың тапсырған садақ, айбалта, найза, қылыш, шоқпар, гүрзі, жебе, қалқан, тағы басқа бұйымдарының көшірмелерін кездестіруге болады.

Бес қару – ертеде батырлар бойына асынған қарулардың жалпылама атауы. Қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген.  Садақ, жебе, қылыш, айбалта, шоқпар, гүрзі, найза, қалқан, қанжар секілді қарулардың түрін мұражайдан таба аласыз.

Әсіресе, сабы әдеміленіп жасалған, күміс пен алтын жалатылған қанжарға назар аудармай кету мүмкін емес. Соның ішінде Социал Қамеденов  өз әкесінің пайдаланған қанжарын 2005 жылы мұражайға тапсырды. Атасы Құмар Райысов  ауылдағы қарапайым халықтың малын сойып, тыныштық бермеген ақтардың 10 адамын ұстауға көмектескені үшін 1920 жылы «қызылдардың» басшылары осы темір қанжарды қынабымен сыйға берген. Бұл – қазіргі Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылынан үш шақырым жердегі теңіз жақ беттегі (оңтүстік) Өлеңді аралында болған оқиға.

Мұражай қорына әр жылдарда тапсырылған мылтықтардың түрлерін, түпнұсқаларын да кездестіруге болады. 1980 жылы Қарабау селосының тұрғыны Қарақайшы Қолдасынов селодан оңтүс-тікке қарай  70 шақырым қашықтықта Қамсақты деген жерден тауып алған білте мылтығы, батыр Құныскерейдің пайдаланған қос ауыз мылтығы, Жылыой ауданының тұрғыны Қазихан Қилыбаев тың Ембі өзені мен Үстірт маңындағы жергілікті аңшылар аң аулағанда пайдаланған ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысына жататын мылтығы, 1961 жылы автоклуб қызметкерлері Ш.Нұржанова мен Ж.Өтегенов Жылыой ауданының Жылтау бөлімшесіндегі Ақкетік орнынан тауып алған аңшы тапаншасы және  Құрманғазының ұрпағы Ақбас шалдан алған Ахмедияр қарттың 1940-1970 жылдары аңшылыққа пайдаланған мылтығы мұражай қорындағы құнды жәдігерлер болып есептеледі.

Сондай-ақ,  бетті жауып тұру үшін темір томағалар да сақталған. Бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданының аумағынан 1951 жылы сауыт, 1962 жылы дулыға табылған.

Жаужүрек бабалардың бүгінгі ұрпағы да қазақтың бес қаруына үлкен құрметпен қарайды. Әлі күнге дейін даңқты бабаларынан қалған қаруды қастерлеп, төріне іліп қойғандар да бар.

Светлана НҰРПЕЙІСОВА,

облыстық тарихи-өлкетану

мұражайының қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз