Енді жалақысы жоғарылар мен табысы төмендер төлейтін салық ара­сында қандай айырма болады?

tmtmt Жаңалықтар

Аtr.kz/26 мамыр, 2020 жыл. Әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырмасының түйіні осында. Яғни, жалпақ тілмен жеткізсек, жоғары жалақы алатындар мен табысы аз адамдардың төлейтін салықтары ара­сында айырма болады.

 7-ден 15 пайызға дейін

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында жария еткен жаңалық қазір қызу талқылануда. Бұл бағытта түсінік берген Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Қасым-Жомарт Тоқаев айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс деп санайды. Яғни, қазіргі 10 пайыздық мөлшерлемеден төмен болады. Ал, айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады» деп жазды.

Президент жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс деген пікірде. Оның көлемін Үкіметтің комиссиясы анықтайды. Алайда, жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек.

Мемлекет басшысының ойынша, табысы төмен адамдар салықты аз төлесе, ресми түрде көбірек тіркеледі. Осы санаттағы адамдардың барлығы «көлеңкеден» шықса, нақты саны анықталып, әлеуметтік қорғауға ие болады.

Мәселе көтеріліп, Үкіметке жолданды. Міндетті түрде депутаттар, сарапшылар, м а м а н д а р дың п і к і р і ескеріледі. Жинақталған пікірлер негізінде тиімді тетік қалыптастыру көзделуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар бүгінде бастау алды. Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы іске кірісті. Оның құрамына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, салалық министрліктер өкілдері мен белгілі қоғам қайраткерлері еніп отыр. «Жұмыс тобы енді ғана іске кірісті. Табыс салығының мөлшерлемесі, шегі әзірге белгіленген жоқ. Ұсыныстың бәрі қоғаммен ашық талқыланады. Шынайы ақпарат осы жұмыс тобынан шығады», – деді ол онлайн брифингте.

Бұл – жаңашылдық емес

Жалпы, мұндай жүйе б і р қ а т а р м е м л е к е т т е бұрыннан қолданылып к е л е д і . Д ү н и е ж ү з і н д е үдемелі салық салудың да бірнеше түрі бар. Бүгінгі күні озық елдерде пайыздық мөлшерлемемен үдемелеу салық жүйесі қолданылады. Мысалы, Ұлыбританияда 12500 фунт стерлингтен аз жылдық табысы барлар салықтан босатылған. Ал, 50 000 фунт-стерлингке дейін табыс табатындар – 20, 150000-ға дейінгілер 40, 150000-нан аса­тындар 45 пайыз салық төлеуі тиіс.

Испанияда жылдық табысы 60 мың еуродан асатындар табысының 45 пайызын мемлекетке кері қайтарады. Бұл әдіс Францияда да қолданылды. 2013 жылы енгізілген жаңа жүйеге сай, кірісі 1 миллион еуродан асатындар қосымша салық төлеп, 75 пайызға дейін салық төлеуі заң аясында бекітілді. Алайда, уақыт өте келе көп қарсылықтарға байланысты 2017 жылы бұл тәртіп жойылды. Қазір осы елде 5,5 пайыз бен 49 пайыз арасында жеті түрлі салық мөлшерлемесі белгіленген. Сингапурдағы жүйеге сай, алатын жалақыңыз елдегі орташа жалақы мөлшерінің 40 пайызына жетпесе, сіз жеке табыс салығын төлеуге міндетті емессіз.

Германияда 19-53% аралығында, Австрияда 50% көлеміндегі салық төлеу жүйесі пайдаланылады.

Жеке табыс салығының маңызы

Ж ұ м ы с ш ы л а р д ы ң жалақысынан алынатын салық мемлекеттік бюджеттің 9 пайызын құрап отыр. Осы ретте Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев:

«Қазіргі заманда жеке табыс салығы салықтың  маңызды бір түрі болып саналады. Әсіресе, жергілікті бюджеттің 34 пайызын осы жеке табыс салығы қамтып отыр, мемлекеттік бюджеттегі үлесі 9 пайыз шамасында. 2007 жылға дейін Қазақстанда осы салықтың прогресивті шкаласы қолданылған. Ал, 2007 жылдан бері жалпақ шкалаға ауыстық», – деді.

Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір әлем бойынша жалпақ шкала қолданатын 29 ел бар. Қалған елдер, соның ішінде, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының елдері прогресивті шкаланы пайдаланады.

А т ы р а у о б л ы с т ы қ м е м л е к е т т і к к і р і с т е р департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Байтеміровадан білгеніміздей, былтыр жеке табыс салығынан түскен сома 120 млрд. 14 млн. 32 мың теңгені құрады. Бұл – облыстық бюджетке түскен жалпы салықтық түсімдердің 36,2 пайызы.

 ТҮЙІН:

Мәселе көтерілді. Жұмыс басталды. Демек, өзгерістердің орын алары анық. Ашық талқыдан өтіп, тиімді тетікті қарастыру бағытындағы жұмыс тобы түйткілдерді түгел сараламақ. Салық мөлшерлемесін арттыру арқылы «көлеңкелі» экономиканың күрт даму мүмкіндігі, Лаффер заңы, салықтан қашатындар санының артуы секілді мәселелер жаңа жүйенің кері әсері бар екенін білдіреді. Ендеше, жеті рет өлшеп, бір рет кесілуі тиіс. Өйткені, Президент атап өткендей: «Салық – бұл халықтың ақшасы. Оның есебінен ұзақмерзімді жалпымемлекеттік міндеттер орындалады».

Гүлжан ӘМІРОВА

 *Сіз не дейсіз?

Мұрат САРМАНОВ,

«Қазақстан Фермерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы:

– Жалпы, біздің саланың зейнетінен бейнеті көп. Шаруагерлер жер салығынан босатылған, тұтастай салық жүйесі жеңілдетілген режиммен есептеледі. Десек те, субсидияға байланысты, ауылдағы бизнес жүргізудің кейбір кемшін тұстары әлі де бар.

Ал, мынау өзгерістерге орай айтарым, біз өндіріс орны емеспіз. Яғни, саламыз аса жоғары табысты болып саналмайды. Бізге қатысты есеп-қисап жүргізген сәтте барлық шығын түрлері толық есептелуі тиіс деп ойлаймын. Жаңа жүйенің қарапайым халық үшін тиімді болары сөзсіз.

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры:

– Әлемдік экономика талаптарына сай, байлар мен кедейлердің табысының ара қашықтығы алшақ болмауы тиіс. Яғни, дамыған экономикасы бар елдердегі осынау екі санатқа жататындардың табысына қатысты айырма 6-7 пайызды құрайды. Соның нәтижесінде олардың экономикасы үздіксіз даму векторында тұрады. Ал, біздегі бұл көрсеткіш 20-25 пайызды құрап отыр. Өйткені, табысы төмендердің саны көп те, сәйкесінше алатын ақылары аз. Ал, ауқаттылардың саны аз да, табысы жоғары. Сондықтан, прогрессивті салық салу жүйесін енгізу өте дұрыс. Себебі, экономика дамуы үшін үйлесімділік пропорциясы болуы қажет. Яғни, әділдік орнауы тиіс.

Сондай-ақ, экономикада Лаффер заңы деген бар. Егер мемлекеттің кірісін арттыру үшін салықтың мөлшерлемесін арттырып жіберсе, соның салдарынан көлеңкелі экономикаға жол беріледі. Өйткені, ауыртпалық көп түскен соң, салықтан қашатындар көбейеді. Сөйтіп керісінше кіріс азайып қалады.

Сол үшін де түгел құрылымды қайта қараған жөн. Жалпы, салық жүйесінде өзгерістер болып тұруы қажет. Бұл – экономиканың талабы.

*КЕРЕК ДЕРЕК

Әлемнің кейбір елдерінде жеке табыс салығы немесе қосымша құн салығы деген ұғым мүлдем жоқ. Мәселен, Кайман аралдары тұрғындарының төлейтін бірден-бір салығы – импортталған тауарлар үшін 25% болатын баж салығы ретінде төлейтін ақысы ғана. Ал, Араб Әмірліктеріндегі жалғыз салық түрі – алкоголь өнімдеріне салынатын 50 пайыздық салық. Әлемдегі тағы бір бай елдің бірі Катарда әлеуметтік сақтандыру мен импорттық тауарлардан алынатын 5 пайыздық салық жүйесі енгізілген. Кувейт тұрғындарының төлейтіні — әлеуметтік сақтандырудың жарналары ғана.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз