Елімізде мұғалімдерге 50 пайызға дейін қосымша ақы беріледі

мұғалім 1 Білім

Қазақстанда мұғалімдерге 50 пайызға дейін қосымша ақы беру заңдастырылды. Бұл туралы «Әділет» нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде хабарланды.мұғалім-1

Өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына енгізілген.

Жаңартылған білім мазмұны бойынша бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне 30 пайыз көлемінде қосымша ақы берілетіні айтылады.

– Көрсетілген қосымша ақыны белгілеу тәртібі мен шарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Аталған қосымша ақы лауазымдық айлықақыға заңнамада белгіленген нормативтік оқу жүктемесінен артық емес нақты жүктемені ескере отырып белгіленеді, – делінген құжатта.

Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұлттық біліктілік тестінен өткен бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беретін мұғалімдерге: педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модераторларға 30-50 пайыз көлемінде қосымша ақы төленетіні айтылады.

– Көрсетілген қосымша ақыны белгілеу тәртібі мен шарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Аталған қосымша ақы лауазымдық айлықақыға заңнамада белгіленген нормативтік оқу жүктемесінен артық емес нақты жүктемені ескере отырып белгіленеді. Осы тармақ 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі, – деп жазылған аталған құжатта.

Осы қаулы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген.

 

Шаһсұлтан БАҺАДҮР

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз