«Экономикалық бонус ұлғаяды»

экспо 2017 Жаңалықтар

– Әлемдік экономикада қалыптасқан жағдай, соңғы жылдары жел энергетикасымен бірге, күн сәулесі қуатына салынған инвестиция көлемінің артып келе жатқандығын көрсетіп отыр. Демек, Астана таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбы өзекті күйінде қала береді.

экспо-2017

Инвесторлар тарапынан биожанармай мен энергия қалдықтарын өңдеу саласына қызығушылық жоқтың қасы. Геотермальды қуат, мұхит энергиясы тақырыбы да әзірге ғалымдар үшін «жабулы қазан» күйінде қалып отыр. Десе де, әлемдік жағдай баламалы қуат көздерін табу мақсатында алып мемлекеттердің аяусыз қаржы құйып жатқанын көрсетуде. Мәселен, Еуропа елдерімен бірге, Қытай мемлекеті де көш бастап келеді. Баламалы қуат көздеріне Таяу Шығыс тарапынан да қызығушылық жоғары. Бұл елдегі инвестициялық көрсеткіш бірден 58%-ға жоғарылап, Үндістанның салымы 22%-ға дейін артқан.

Демек, халықаралық ЕХРО көрмесі – Қазақстан үшін сырттан инвестиция тартуға зор мүмкіндік беретін тетік.

ЕХРО көрмесі аясында Астанада жаңа идеялар мен технологиялар шоғырланады. Және тұтас әлемнің «жасыл экономикаға» көшуіне мүмкіндік беретін ең жаңа технологиялар ұсынылатын болады. 

Қазақстан тарапынан ұсынылған жобалар бойынша еліміздің Энергетика министрлігімен бірлескен жұмыс жүруде. Арнайы құрылған жұмыс тобы қазір отандық жобаларды талқылап жатыр.

Әлемнің қызығушылығы жоғары

«Болашақ энергиясы» тақырыбымен Біріккен Араб Әмірлігінде өткен бүкіләлемдік саммит аясында ресми Абу-Даби мен Астана арасында жаңа келісім жасалды. Меморандум «EXPO-2020 Dubai» ұйымдастырушыларына «Астана ЕХРО-2017» компаниясының халықаралық көрмеге дайындық тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік береді.

«Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің хабарлауынша, халықаралық дәрежедегі көрмені ұйымдастыру мен өткізуде тәжірибе алмасу мақсатында қос тарап жұмыс тобын құруға мүдделі.

Ресми шара барысында «ЕХРО-Dubai2020» бюросының атқарушы директоры Наджиб Мохаммед Аль-Али Қазақстанның көрмеге дайындық деңгейін жоғары бағалаған.  «Астанада өткізілетін ЕХРО-ға дайындық және «Болашақ энергиясы» тақырыбына қызығушылық деңгейі бізді тамсандырды. Сондықтан, көрменің сәтті өтетіндігін үлкен сеніммен айта аламын. Біздің ұйым «Астана ЕХРО» тәжірибесін зерттеп, «ЕХРО-2020» көрмесін жемісті өткізуге мүдделі» деп атап өтті ол.

Айта кеткен жөн, Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне қатысатындығы туралы келісім-шартқа 2015 жылдың қазанында қол қойды.

ЕХРО көрмесінің дағдарысқа қарсы әсері:

– 36,8 млрд. теңгеден астам сомаға шарттар жасалды;

– жалпы сомасы 244 млрд. теңгеге бағаланған инвестициялық жобалар іске асырылуда

Көрменің Қазақстанда өтуі отандық экономикаға не береді?

– отандық кәсіпорындарды қорғау;

– жаңа жұмыс орындарын құру;

– бюджетке қосымша төлемдер;

– инвестицияларды тарту және жаңа жоғары технологиялық салаларды құру;

–  инфрақұрылымды және коммуникацияларды дамыту;

– туризмді ынталандыру және қызмет көрсету (сервис) саласын жетілдіру;

Әлішер ПІРМЕТОВ,

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз