«ЕКІНШІ ДИНА» АТАНҒАН…

Жаңалықтар Мәдениет

Atr.kz/7 маусым, 2019 жыл. Жыр дүлдүлі Жұмекеннің туған топырағы – Қошалақта дүниеге келген атақты күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның Халық әртісі Бақыт Қарабалина сонау алпысыншы жылдары қазақта тұңғыш рет домбырашы қыздардың керуенін бастаған-ды.

Күйші Бақыт Қарабалина 1965 жылы консерваторияның халық аспаптар факультетін бітірді. 1960 жылдан бастап, Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің құрамында жүріп, шетелдерде өнер сапарларда болып, домбырашы-солист ретінде әлемге қазақтың қара домбырасының қасиетін танытты, талайды таңырқатты. Ол халық композиторлары Құрманғазы мен Динаның, Сейтек пен Дәулеткерейдің, Мәмен мен Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы болды. Музыка сыншылары «Бақыт Қарабалинаның орындауындағы күйлер ерекше тереңдігімен ерекшеленеді» деп баға берген.

Дина Нұрпейісованың күйшілік мектебі – өзіндік мәнермашығымен ерекше әлем. Өз заманында Бақыт «Динаның өзіндей, Динаның көзіндей күйші» атанып, 1983 жылы «Қазақфильм» түсірген «Қайран шешем» көркем фильмінде Дина Нұрпейісованың рөлін сомдады. Бұл фильм туралы кезінде ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов былай деген еді: «Дина туралы фильм түсіргенде, бағымызға орай Дина рөліне дайын тұрған Бақыт Қарабалина бар еді. Бақыт шығармашылық жағынан да, келбет-кісілігі, мінезімен де Дина табиғатына өте жақын тұлға болатын. Тіпті ол Динаның өзіндей, көзіндей болып көрінетін еді».

Динаның көзіндей күйшінің өнер жолы оңай басталмаған. Жастайынан домбыраға құмар Бақыт арман арқалап, Алматыға консерваторияға келгенде қабылдау емтиханының уақыты өтіп кетеді. Академик Ахмет Жұбанов есік алдында домбырасын құшақтап жылап отырған кішкентай қара қызды көріп, одан жөн сұрайды. Бақыт жайын айтып, Динаның бір күйін орындап береді. Балапан қыздың болашағын таныған Ахмет Жұбанов оны консерваторияға оқуға қабылдатады. Бақыт Атырауда, Құрманғазыда жүрген кезінде түрлі жарыстарға қатысып, «кішкентай Дина» атанады, ел ауызына ерте ілігеді. Кезінде Фариза апай да оркестр құрамында болып, домбыра тартқан ғой. Бақытпен құрбы-құрдас болған.

Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп апайдың Бақыт туралы айтқан естелігін естіген едім. «Бақытпен бірге өстік, бірге оқыдық, туыстық жақындығымыз бар-тын. Қарабала атамыздың кенже қызы тұғын. Домбыраны кішкентай кезінен тартатын. Өте еңбекқор еді. Консерваторияда оқып, оркестрде қалды, он жеті шет мемлекетті көрді. Белгілі өнер адамдарымен дос болды. Оқып жүрген кезінде демалыс күндері біздің үйдің тамағын ішіп, аунап-қунап кетуші еді» деп отыратын Нәсіп апамыз. Бақыт Қарабалинаны күйші ретінде халық жақсы таниды.

Бірақ, Еуропа, орыс композиторларының шығармаларын домбыраға икемдеп, нотаға түсіріп кеткен Бақыт апамыз екенін көпшілік біле бермейді. Тіпті Бақытты кезінде музыка зерттеушілер навотор деп бағалаған. Моцарт, Бетховен, финдердің «Полькасы», «Түрік маршы», венгр биі, румын сазы, орыстың «Калинка» сияқты шығармаларды домбыра табиғатымен үндестіріп, нотаға түсіру кез келген музыканттың қолынан келмейтін іс. Бұған тереңдік пен шеберлік керек.

Бақыт Қарабалинаның ұстаздығы жайында шәкірті, күйші Талап Қараш былай деп жазыпты: «Біздерге күй үйретіп қана қоймай, әрбір студент бойындағы кемшілікті тез көре біліп, әрдайым педагогикалық ықпалмен тәрбиелеп отырушы еді. Мен Бақыт апаймен әр жолыққан сайын өзімді бір әскери қолбасшының алдында тұрғандай сезінетінмін. Бір күні «күй анасы Дина туралы фильм түсіріліп жатыр, бүгін сабақ болмайды, апай киноға түсуде» деді курстастарым. Содан кино түсіріліп жатқан жерге келдік. Көптің ішінен Бақыт апайды іздеп, үлкен үйдің ішін кезіп келе жатырмыз, кенет бір бөлмеден ұлы Құрманғазы бабамыздың шәкірті Дина Нұрпейісованың өзі шыға келгені! О, тоба! Не боп кетті әлем» деп тұрамыз.

Әлгі Дина Нұрпейісоваға жан бітіп, маған қарап күлімсіреп: «Талапжан-ау, Бақыт апайыңмын ғой, танымай қалдың ба? Мені әбден гримдеп, Дина боласың деп, кимешек кигізіп, кемпірге айналдырып жіберді» – деді. Сол күні біз ұлы Динаның өзін көргендей әсерде болған едік». Иә, сол фильмнен соң Бақыт Қарабалинаның даңқы артты. Фильм телеарналарда, кинотеатрларда жиі көрсетіліп, көпшіліктің жылы ықыласына бөленді. Бұл күйшінің ең жұлдызды шақтары еді. Бақыт апайдың көп жылғы құрбысы болған ҚР Еңбек сіңірген әртісі, консерватория профессоры, қобызшы Меруерт Каленбаеваның да айтар естелігі көп.

«Бақыт өмірде қызуқанды, батыл мінезді, талапшыл, шыншыл, тілтабысқыш адам болды. Барған жерінде өзінің осындай қасиеттерімен көзге түсетін. Жаз айларында алыстағы ауылдарға гастрольге шыққан кезде, әртістер бір шәйнек шайға зар болады. Сонда Бақыт танымайтын елдің арасына кіріп кетіп, бір шәйнек шай әкеп, бәрін мәз қылатын көрінеді. Оның тағы бір қасиеті, сахнаға шыққанда тіпті өзінің ауруын да, қиналып жүргенін де ұмытатын. Біле білген адамға бұл үлкен рух» дейді өз естелігінде Меруерт Каленбаева. «Мен Дина апайдан домбыра үйренген жоқпын. Бірақ, ол кісінің өнегесімен домбыра ұстадым. Дина Нұрпейісова менің ғана емес, өнерді сүйген бар адамның үлгі тұтар тұлғасы» деген екен Бақыт Қарабалина.

Динадан соң Бақыт шықты күй әлеміне. Ападан домбыра үйреніп, оның өнегесімен қаншама қазақ қызы қолына домбыра ұстады. Бақыт Қарабалина да өзінен кейінгі толқынға өнеге-мектеп болды. Көзі тірі болса, үлкен өнер иесі, атақты күйші апамыз Бақыт Тоқсанбайқызы 80 жасқа толар еді. Бірақ, бар саналы да мағыналы ғұмырын ұлттық өнерді дамытуға арнаған ұстаз-ғалым, күйші Бақыт Қарабалинаның фәниден бақилыққа аттанғанына жиырма сегіз жыл өтті. Мен бұл мақаланы Бақыт апамызды білгендер ескере жүрсін, білмегендер біле жүрсін деп оймен жазып отырмын…

Маржан ЕРШУ,

ақын, педагогика ғылымдарының кандидаты

Дина Нұрпейісованың күйшілік мектебі – өзіндік мәнер-машығымен ерекше әлем. Өз заманында Бақыт «Динаның өзіндей, Динаның көзіндей күйші» атанып, 1983 жылы «Қазақфильм» түсірген «Қайран шешем» көркем фильмінде Дина Нұрпейісованың рөлін сомдады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *