Днепрден басталған даңқты жол

whatsapp image 2019 11 18 at 15.31.09 Жаңалықтар

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Бүгінде арамызда есен-сау жүрген санаулы соғыс сарбаздарының бірі – атыраулық Әлібек Түсібәлиев ақсақал биылғы наурыз айында тоқсан бес жастың төріне көтерілді.

Сәл шегініс жасасақ, 1925 жылдың көктемінде Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының топырағында кіндік қаны тамған Әлекеңнің әкесі Түсібәлі қарапайым шаруа адамы болатын. «Өзен жағалағанның өзегі талмай ды» демекші, отызыншы жылдардың басында теңізден балық аулап, сонымен өз отбасын ғана емес, ағайын-туыс, ауылдастарын асырап, елді жайлаған аштықтан аман қалуына себепші болған жандардың бірі екен.

– Әрине, бәріміз де баладан өстік қой. Өз басым балалық кезеңімді – балдәурен шағым деп айта алмаймын. Өйткені ол, кеңес өкіметінің жаппай колхоздастыру, кезеңімен тұспа-тұс келді, – дейді майдангер бір сәтке ойлана қалып.

«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды ұстанған кеңестік солақай саясаттың салқыны тимеген ауыл қалмады. Кішкентай болсақ та осынау қолдан жасалған қырғын мен зұлматзобалаңды құлағымыз естіп, көзіміз көрді. Есеңгіреп қалған ел енді ғана есін жиып, еңсесін тіктей бастағанда кенеттен сұм соғыс та басталып кетті. Кәмелет жасына жетержетпесімізде әскер қатарына шақырылдық.

Сөйтіп, ат жалын тартып, азамат болған кезімізде жастығымыз отжалынға шарпылды. Осылайша, терең тебірене, күрсініспен өткенін еске алған ардагер әңгімесінің желісін жауынгерлік жорық жолдарымен одан әрі жалғады. Өзі айтқанындай, Шарапи Байекешов, Баймаш Нұрымов, Ғайнеден Ғаббасов, Мұфтах Қойшиев, Нығмет Дәуленов, Зинетолла Бекбосынов сынды бір топ ауылдастарымен бірге Қарулы Күштер қатарына алынған ағамыз әуелі кіші командирлер дайындайтын қысқа мерзімді курста оқиды.

Содан 1942 жылдың соңында аға сержант шенінде екінші Украин, үшінші Белорусь майдандарына қарасты 80-атқыштар дивизиясының қ ұ р а м ы н д а а л ғ а ш қ ы ұрыстарын өткізіп, талай кескілескен шайқастарға қатысты. Н е м і с – ф а ш и с т басқыншылары жаулап алған Украина мен Белоруссия жерін оккупанттардан тазарту мақсатында берілген тапсырмаға сәйкес, бөлімше командирі, аға сержант Әлібек Түсібәлиев қасындағы жолдастарымен бірге қару-жарақтарын асына өзеннен қайықпен өтеді.

Сөйтіп, күші басымдау көрінген жауға тұтқиылдан шабуылдап, атыс нүктесін жойып жіберіп, өздеріне қорғаныс шебін жасап алады. Сол жерде көрсеткен өжеттігін ескеріп, басшылық оны«Ерлігі үшін» медалімен және Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатымен марапаттауға ұсынады. Атылған оқ қарша борап, көз аштырмас кескілескен қанды шайқастардың бірінде ауыр жарақаттанып, бірнеше ай бойына госпитальде жатып емделеді. Сауығып шыққасын өзінің әскери бөлімшесіне қайта оралады.

parara

1944-1945 жылдары барлаушылар полкінің сарбазы ретінде Ұлы Отан соғысындағы бетбұрысты кезең, шешуші шайқастардың бірі болған атақты «Яссы-Кишинев» операциясына қатысып, осынау қауіпті де қатерлі жорықта ерлігімен көзге түскендердің бірі де осы біздің кейіпкеріміз еді. Бұл жолы барлаушылар алып келген «тіл» – екі бірдей неміс офицерінің қолға түсуі аса маңызды рөл атқарып, қарсы жақтың қару-жарағын, орналасқан позициясын, өзге де деректерін біліп, әскери құпияларын ашуға септігін тигізді. Жоғарыда баяндалып кеткендей, Украина мен Белоруссиядан басталған азат ету операциялары Польша, Румыния, Чехословакияда жалғасын тапты. Біздің сарбаздардың күшімен Германияның да көптеген қалалары жаудан тазартылды.

Осылайша, жер бетіне бейбіт заман орнатқан Жеңіс күнін сапта жүріп қарсы алды. Сан мәрте тегеурінді дұшпанның бетін тойтарып, қасқая қарсы тұрып қайтарған, талай шайқастарда шыңдалған ағамыз соғыс аяқталған соң да бірнеше жылын әскер қатарында өткізді. Елдегі жағдайды қалпына келтірумен байланысты берілген маңызды тапсырмаларды орындауға қатысты.

Содан 1949 жылы ғана туған жерінің топырағына табанын тіреп, туған елімен қауышқан майдангер еңбекте де әрдайым алда, абыройлы, ортасында беделді болды. Өндірістің түрлі салаларында басшылық қызметтердің тізгінін ұстап, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз), Қызылқоға аудандарында тұтынушылар қоғамдарын басқарды. Ұзақ жылдар бойы «Атыраубалық» АҚ-ның автокөлік базасында, балық тауарлары базасында директор қызметін атқарып, ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдырып, жұмысты байыпты басшылықпен, ұтымды ұйымдастыра білді.

Толайым табыстарды еншілеп, еңбек бәсекесінде үздік нәтижелерге қол жеткізді. Жолында жүк қалдырмаған нар тұлғалы азаматтың майдандағы ерлігі мен өңірдің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі, еліне сіңірген еңбегі еленіп, лайықты бағасын алды. Мереке күндерінде, салтанатты жиындарда кеудесіне жарқырата тағып жүретін І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері мен «Жеңіске қосқан үлесі үшін», «Ерлігі үшін», даңқты қолбасшы Г.Ф.Жуков атындағы, сондайақ, Жеңістің мерейтойлық медальдары мен басқа да наградалары соның айқын айғағындай, жүріп өткен жолының куәсіндей көрінеді.

Әлібек Түсібәліұлының өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінде алар орны өз алдына бір төбе. Қай кезде де кешегі ел қорғаған ерлердің, қала берді еңбеккерлердің, соғыс зардабын көрген мүгедектер мен зейнеткерлердің мүддесін, тұрмыс жағдайының түзу болуын ойлап жүретін ағамыз жиырма жыл бойына Балықшы аудандық (кейіннен аймақтық деп аталды) ардагерлер кеңесіне басшылық жасады. Ол – Атырау қаласының Құрметті азаматы.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз