ДІНИ АХУАЛ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ

«Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық дін істері басқармасы басшысы Еркінбек Шоқаев өткен жылы дәстүрлі ислам діні жолынан адасып жүрген 1280 адамға кеңес берілгенін атап өтті.

Биылғы жылы дін істері басқармасы 1200-ге жуық іс-шара  жоспарласа, оның бүгінге дейін 759-ы жүзеге асқан. Атыраулықтардың көңілінен шыққан «Өмірзая» көркем фильмі де осылардың қатарына кіреді. Бұл фильмді тұсаукесер рәсімінде бір мыңға жуық көрермен тамашаласа, 34 мыңнан астам оқушы  мен мұғалім назарына ұсыныл-ған.

Еркінбек Керімбекұлы облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан берілетін «Иман нұры» діни-танымдық телебағдарламасының бүгінгі таңда рейтингісі жоғары екендігін ерекше атады. Оның айтуынша, «Иман нұрына» өзге облыстардан, көрші Ресей елінен де сауал жолдап хабарласады. Облыстың «Атырау», «Прикаспийская коммуна», сондай-ақ, жеті аудандық газеттерде арнайы беттер мен айдарлар беріліп, халықтың діни сауатын арттыруға баса мән берілуде.

– Өткен жылы баласына екпе салдырудан бас тартқан 900-ге жуық отбасы анықталса, оның 276-сымен ғана сөйлесу мүмкін болды. Соның нәтижесінде 23 отбасы екпе алудың қажеттігін түсінді. Шетелдерде діни бағытта бейресми оқып жатқан жастардың отбасыларына түсінік жұмыстары жүргізілгеннен кейін бес азамат қайтадан елге оралды, – деген Е.Шоқаев жұма намазының үлгісі классикалық араб тілінен қазақшаға аударылғандығын айтты. Баспасөз мәслихатында, сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үздік бейнероликтер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған үздік көркем шығармалар конкурстары жарияланды.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз