«Денсаулық» медициналық пойызы сәуір айынан бері 21 мың қазақстандықты тексерді

Жаңалықтар

  Atr.kz/18 қыркүйек, 2019 жыл. «Медициналық пойыз» жобасы еліміздің барлық өңірлері бойынша жұмысын жалғастыруда.

Бүгінге дейін ол Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шалғай бекеттерін аралап үлгерді. Қазіргі уақытта медпойыз Атырау облысының тұрғындарын қарап жатыр.

Пойыз емханаларда нақты мамандары жоқ шалғай елді-мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Пациенттердің көбі пойызды сапалы әрі тегін медициналық көмек алу үшін асыға күтетіндерін атап өтті.

Еске сала кетсек, жоба 29 сәуірден бастап жүзеге асырылып келеді. «Медициналық пойыздың» басты мақсаты еліміздің шалғай аудан тұрғындарын тегін медициналық қызметпен қамту. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ат салысуымен жүзеге асырып жатыр.

Жалпы медициналық пойыз дәрігерлері қазіргі уақытқа дейін 21 000 тұрғынды тексерді, оның ішінде 4000 бала да бар.

Сонымен қатар, 2019 жылдың 20 тамызы қосымша «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылды. Қазір ол Түркістан облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде.

Пойыздар неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, ренгенография және флюорографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ-зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Пойыз кестесімен www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru ресми сайттарында таныса аласыздар.

Atr – Ақпарат”

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *