#Абай-175: Даналыққа суарылған дала заңы

Жаңалықтар

Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. Тас дәуірінен бері келе жатқан адамзаттың тіршілік түйткілдерін, қоғамдық формациялардың болмыс-бітімін сараптай қарасақ, қазақ елінің өзіне тән әдетғұрыптары мен заң жобалары қалыптасқан. Мыңдаған жылдар бойы қоғам сипатына және одан кейінгі дәуірлердегі, жалпы, жер бетіндегі мемлекеттердің дамуы, қалыптасуы бір-бірімен етене аралас өркен жайғанын тарих саралап берді.

 Алтайдан Қап (Кавк а з ) т а у ы н ы ң баурайындағы Қара теңізге дейінгі аралықтағы ұлан-байтақ далада бірде күшейіп, бірде әлсіреп, сан ғасырды артқа тастаған Сақ, Ғұн, Үйсін, Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Оғыз, Алтын Орда, Ақ Орда, Дешті Қыпшақ тәрізді Евразияда үстемдік құрған ұлыстар мен мемлекеттердің түпнұсқалық жүйелі заңы ел басқаруда, келелі кеңес айтуда өзінен кейінгілерге үлгі болғанын бәріміз білеміз.

Қазақ тарихында дала өмірінің барлық қыр-сырларын реттейтін заңдардың бірнеше кезеңі болған. Оларды «әдет», «жасақ», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы», «Абай ережесі», «Абақ керей ережесі» деп кезең-кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бүгінгі таңда Қасым мен Есім, Тәуке хандардан қалған заңдардың аты қалың жұртшылыққа  етене таныс. Ал, Арыс би жазып кеткен «Әдет», Майқы би жазған «Ұлы жасақ» заңдарын бірі білсе, бірі білмесі анық.

Сол сияқты Абайдың Қарамолада жазған ережелері, абақ керейлер  ұстанған «Абақ керей ережесі» туралы көп айтыла бермейді. Биыл елімізде һәкім Абайдың 175 жылдық торқалы тойы аталып өтеді.  Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Елбасымыз Н.Назарбаев «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі»,-деп толымды сипат берген еді.

Қанатты оймен келісе отырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «жаңғыру бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз.

 Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған»- дегені Абай бейнесіне маңыздылықты одан сайын арттыра түседі. Қазақта халықтың өткен өмір тәжірибесін, салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білген, шиеленіскен, дау-дамайды екі-ақ ауыз сөзбен шешетін небір шешендер, билер болған. Билік пен шешендік егіз өнер іспетті.

Ғасырларды артқа тастап, уақыт сынынан өткен «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны» деген сияқты мақалдардың күні бүгінге сақталуы көптеген жайлардан хабар береді. Билік бергенде жат-жақынға бөлмейтін,  әділдіктен, адалдықтан, әдептен озбайтын билердің бірегейі Абай болған. 1885 жылы мамыр айында Шар өзені бойында Орта жүз рулары бас қосқан жиын өтеді. Оған жүзден астам билер қатысады.

Бес дуан ел бас қосқан бұл жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданады. Өкімет тарапынан негізгі жоба ұсынылса да, ол қазақтың «Есім салған ескі жолы, Қасым салған қасқа жолымен» ұштасып жатуы керек болатын. Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтар ұлы кемеңгер Абайға жақын, әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгертулер, түзетулер қосып, өңдейді.

«Абай ережесі» қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалған. Бұл Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткізген тарихи жеңісі еді. Заң алдындағы жауапкершілік өмір талабына сай өзгертіліп, келелі кеңесте қабылданады.  Заң қатарлы мәні болған Қарамолада қол қойылған Ережеге салыстырмалы талдау жүргізер болсақ, қазақ әдетғұрып құқығының, соның ішінде жетпіс үш баптан тұратын құжаттағы көптеген нормаларының көрінісін қазіргі заманғы әкімшілік құқығында байқауға болады.

Сотта іс жүргізудің тәуелсіз және жан-жақты түрде өтетіндігіне кепілдік беретін судьяның бейтарап болуы тәрізді ең маңызды қ а ғ и д а л а р д ы ң бірі Қарамола е р е ж е с і н і ң 5-бабында көрініс тапқан. Оған сәйкес, би егер дауласқан ж а ғ ы н а н б і р і туысқан жақыны б о л с а н е м е с е олармен араздықта болса, өзін билік айтудан босатады.

Қ а р а м о л а ережесінде құн  дауы, жесір дауы, мал дауы, мүлік дауы, әмеңгерлік, мұрагерлік дауларды шешу, шешім шығару және сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктері де көрсетілген. Мысалға, Абай ережеде жесір әйелдерге қатысты мұрагерлік бойынша туындайтын мәселелерді қарастырған. Онда жесір әйел балалы болса да, баласыз болса да екінші рет күйеуге шыққысы келмесе, қайтыс болған күйеуінің бүкіл мүлкі мен байлығына ие болып қалған. Бірақ, жесір әйел жаман қылықтарға жол беріп, мұраға алған мүлкін талантаражға салып, оңды-солды шашатын болса, қайтыс болған күйеуінің туыстарының ішінен қамқоршы тағайындалып, оған жесір әйелді бақылап, оның шаруашылығын басқару міндеті жүктелген.

Егер екінші рет күйеуге шығам десе, балалы жесір әйелге төсек орны мен киім-кешегінің үстінен мүлкінің 1/8 бөлігі, ал, баласыз болса, 1/6 бөлігі тиесілі болған. Ұл баласы қалған мүлкімен күйеу жағындағы туыстарында қамқоршы тағайындала отырып, қалдырылған. Қыз баласы үнемі анасымен қалып, кейін анасы оны туыстарына әкелуге міндетті болған. Туыстары мен аға-бауырларынан бұрын қалған мүлкінің өзіне тиесілі бөлігі болмаған. Осыдан, «қазақ жесірін жылатпай, жетімін бастан сипаған» деген мағыналы ұғым қалыптасқан.

Мұраға ие болудың бұл тәртібі қазіргі заңның тәртібіне де ұқсайды. Ережеден бөлек, Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы  – кісілік, мәдениет, ізгілік. «Абайға – 175 жыл» тақырыбымен өтіп жатқан мерейтой аясында, Абайды қалай дәріптесек те жарасатыны сөзсіз. 

Президент Қ.Тоқаев айтқандай, оның  ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта,  мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас, әдет-ғұрып  туралы айтқан тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені, Абай мұрасы – бүкіл адамзаттың рухани азығы. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп өткен кемеңгердің есімі мен өзі өмір сүрген ортасын, тағдырдың талқысына түсіп, шырқы бұзылған халықтың мұңмұқтажын асқан шеберлікпен сипаттап кеткен еңбегін мәңгі жадымызда сақтап, кейінгіге жеткізу қашанда парыз.

Манат КӨМІРШІНОВ,

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз