Банктер неге қырын қарайды? (+ФОТО)

ANU 5037 Жаңалықтар

Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелері талқыланған жиын өткізді.

Көшпелі жиында  облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 57135-ке жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 103,5 пайызға өскен. Бұларда 131864 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы кәсіпкерлер өндірген өнімнің көлемі 1,7  трлн. теңгеден асты. Яғни, шығарылған өнім көлемі бойынша Атырау облысы республикада көш бастап тұр. Жалпы кәсіпкерлікті қолдауға былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген 1,4 млрд. теңге  игерілді.

ANU 5037

Дегенмен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржылық қолдау болғанымен, Жылыойдан басқа қала мен аудандарда жобалар саны соңғы екі жылдағы көрсеткіштен аздау. Ауылдан кәсіп ашуға ниеті барларға екінші деңгейлі банктердің кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүлік нысандарына деген талабы тағы бар. Олар ауылдағы мүлікті кепілдікке алмайды, әрі банктердің аудандарда филиалдары жоқ. Ірі кәсіпкерлікке көбірек көңіл бөлетін банктердің шағын кәсіп иелеріне бет бұра қоюы қиын.

ANU 5087

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиев өткен жылдың қорытындысын баяндады. Жергілікті бюджеттің кірістер түсімі 285,9 млрд. теңге болып, болжамнан 80,6 млрд. теңгеге артық орындалған. Кірістің негізгі үлесін салықтық түсімдер (96%) құрайды. Бұдан әрі басқарма басшысы әлеуметтік, тұрғын үй және жол құрылыстары, инфрақұрылым мен іске асырылған инвестициялық жобалар бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрсұлтан Бисембиев өткен жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.

Көшпелі мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қала мен аудандар әкімдеріне, басқарма басшыларына бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау, бюджет есептілігін сапалы жүргізу және уақытында тапсыруды міндеттеді.

– Біз барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Облыстың бюджетін де, республикадан бөлінетін қаражатты да тиімді әрі уақытылы игеруіміз керек, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

«Атамекен» ҰКП мамандары облыста бизнесті дамытудың басым бағыттары мен нысандардың орналасуын анықтауға және аймақтық даму карталарын құруға мүмкіндік беретін скрининг өткізген болатын. Бұл туралы жұмыс тобының жетекшісі Әнуар Керімбаев жан-жақты ақпарат берді.

– Нәтижесінде 46 мыңға жуық кәсіпкердің тізімі жасақталды. Дерекқор базасында олардың алған несиесі, тапшы мамандар, бос жұмыс орындары және сол аумаққа қажет кәсіпкерлік нысан туралы ақпарат жинақталған, – деді ол.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті дамыту, колледждерде жұмысшы кадрлар даярлаудың, бәсекеге қабілетті өндірілген өнімді экспортқа шығарудың, онлайн түрде зерттеу жүргізудің маңыздылығы жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.

– Атырау облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Елбасы әр облыстың даму бағдарламасы болу керек деп тапсырма берген болатын. Соған байланысты облыс әкімімен келісіп, Атырауда бұл тапсырманы толық орындап шықтық. Сондықтан, облыс әдістемесін барлық аймақтарға да тәжірибе ретінде таратуға болады деген ойымыз бар, – деді Абылай Мырзахметов.

Аймақ басшысы кәсіпкерліктің және жалпы бизнестің дамуы мемлекеттің басты бағдары екенін атап өтті.

– Осы скрининг нәтижесін көре отырып, басқа сала қызметкерлері өздері атқармаған салаға бет бұратын шығар. Сөйтіп, жаңа кәсіп көзін ашуға мүмкіндік алады. Ауқымды жұмыс атқарылды. Осы істі әрі қарай жетілдірейік, – деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметов шағын және орта бизнесті дамыту, облыс әкімі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Бұдан соң облыс әкімі  қабырғасы жарылып, апаттық жағдайда болған аудандық емхананың жайымен танысып, бірінші қабатына күрделі жөндеудің қалай жүргізілгендігін көрді.

Арнайы ғимарат бөлінген аудандық жастар ресурстық орталығы жастардың бос уақытында бас қосып, креативті ойларымен бөлісетін орынға айналған десе болғандай. Орталыққа бас сұққан аймақ басшысы аудандағы өнерлі және спортшы жастармен кездесіп, биылғы Жастар жылындағы қолға алып жатқан игілікті істерінен хабардар болды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев барлық келушілерді тыңдап,  мәселелерін шешу мақсатында бірқатар мемлекеттік мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Бақытжан  ЖҰМАТ, Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз