«Ауылым – әнім»

preview Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы, танымал әнші Гүлмайдан Сүндетованың туған жері Жанбай ауылында өткен ән кеші осылай аталды.

preview

Кеш шымылдығы әншінің орындауындағы халық әнімен, Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерімен ашылды. «Әкемнің көзін көрген, анаммен сырлас болған көнекөз қариялардан бастап, аяғын апыл-тапыл басқан сәбилерге дейін осы залда отырғаны көңілімді босатты. Табанымның ізі қалған, балалық шағымның қимас сәттеріне куә болған туған ауылыма келіп жеке концертімді өткізбегеніме 18 жыл болған екен. Қаншама жерлерде ән кешімді өткіздім, әлемнің талай елінде ән шырқадым, бірақ, дәл бүгінгідей толқымаппын», – деген Гүлмайдан Сүндетқызы Ұлы Даланың жырауларынан да термелерді төгілтті.

Кезінде атағы төрткүл Қазақстанға «Жетісудың Сарасы» деп танылған әншінің жастық шағы аталған өңірде өтті. «Жамбылдың жастық шағы» фильміндегі Бұрым қыздың даусын жасады. Майра Уәлиқызы атындағы республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Керекудің Майрасы» атанған Гүлмайдан Сүндетованың қоңыраудай сыңғырлаған дауысы бүкіл қазақ сахарасын тербеткен еді.

Одан беріде әнші талай жетістіктерге жетті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. Қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік еткен Жанбайдан шыққан, өнерге ғашық Гүлмайдан әлем сахналарында ән әуелетіп, өзін талғампаз шетел көрермендеріне де мойындатты. Бұның бәрі жебеушісі болған өнер киесінің арқасы шығар, бәлкім! Соңғы жылдары өзіне ұнаған өлеңдерге ән жазып, оны өзі орындап та жүр. Кей әндерін өзі шәкірт санаған әншілерге де берген болатын. Соның бірі – әнші, республикалық «Арай» әншілер конкурсының бас жүлдесін иеленген Елена Ералина. Өнер жолында да, өмір жолында да өзіне үлгі-өнеге болған ұстазынан үйренгені көп екенін айтқан ол «Анашым» әнін орындады.

Туған топырағына еркелеген кейіпкеріміз Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Асхат Әмірғалиевпен бірге Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке – Ақ Жайық», Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Қазақ қызы» әндерін орындады.

Кеш Гүлмайдан Сүндетованың «Астана», «Атырауым – мекенім» әндерімен мәресіне жетті. Өнер мерекесіне мұрындық болған, өнер жолындағы Жанбай ауылының түлегін өзі қанат қаққан ортасына шақырған Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов өнерпазды ұлығылап Алғыс хат тапсырып, шығармашылық табыс тіледі.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз