Бұрынғының баласы қолға су құйып, баталы болушы еді…

1553663995 1536061643662 Жаңалықтар

Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. Қай ұлттың да, ұлыстың да болашағы ұрпағымен тығыз байланысты. Бұл – баршаға аян, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Сондықтан, атамыз қазақ бала тәрбиесіне ыждағаттылықпен қараған, ақсақалдар ауылдағы қарасирақтардың әр ісіне мән беріп, дұрыс қадамын мадақтап, көпке үлгі еткен, қателігін де дер кезінде түзеген. Халқымызда бала тәрбиесіне қатысты нақыл сөздер мен ақынжыраулардың бүгінге жеткен өнегелі насихаттары да жетерлік. Тек соны зердесіне тоқып, жүзеге асырар ұрпақ болса…

БҮГІНГІНІҢ БАЛАСЫ

«Жақсыдан жаман туады, Бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, Адам айтса нанғысыз» деп ақын Махамбет, ел тізгінін ұстайтын, ел ертеңін қолына табыстауға лайық ұрпақты аңсап, оған қатысты өз тұжырымын, бүгінгінің тілімен айтқанда, өзіндік концепциясын жасаған. Шындығында, кейде елге белгілі тұлғалардың балаларына қатысты көпшілік арасында сын айтылатыны бар.

Мүмкін, «Бір бала бар – әкесіне жете туатын, бір бала бар – әкесінен өте туатын, енді бір бала бар – кері кете туатын» дегенде де данышпан ата-бабаларымыз осыны меңзеді ме екен?! Әйтеуір, ел ертеңіне үлкен алаңдаушылық білдіріп, бүкіл ел болып тәрбие тізгінін қолға алу керектігін айтып, дәлелдеп, жүзеге асырған жер бетінде бір ұлт болса, ол – қазақ! Ұлттық педагогика деп аталатын ғылым да осы негізде шыққаны белгілі.

Cөзіміз ұрпақ тәрбиесі туралы болғаннан кейін, бүгінгі жас өскіннің ау-жайы қалай? Көргеніміз бен естігенімізді түйіндеп, осы мәселеге сырт көз болып қарайықшы, бір сәтке. Басқаны айтпағанда, қарапайым сәлемдесуді білмейтін ұл мен қызды көргенде, «Сәлем – сөздің анасы. Өзінен үлкенге сәлемдесе білмеген адамнан ешқандай адамгершілік күтуге болмайды. Адам бойындағы қасиет ең алдымен оның қалай сәлемдескенінен байқалады» деп, үлкен-кішімізді кішіпейілділікке, кісілікке баулыған ата-әжеміздің сөзі еске түсетіні рас.

Өз-өзінен ісініп, кісімсіп, білгішсініп тұратын кейбір жастардың сәлемге келгенде салғырттық танытуы – әрине, ата-ана тәрбиесінің кемшіндігі. Қазіргі таңда ата-анаға өзінің бауыр етіне бар жағдайды жасауға мүмкіндік жеткілікті. Тек жетпейтін екі нәрсе бар, бірі – уақыт, екіншісі – ата-ананың балаға көңіл бөлуі. Көңіл бөлу дегенде біздің айтпағымыз – қымбат телефон, киім-кешек, яғни, материалдық жағдай емес, рухани қолдау.

Сәби сананың қоршаған ортада көргенінбілгенін тез сіңіріп алатынын ежелден білген қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қорытындыға әлдеқашан келген. Бала өз отбасында көрген тәрбиені бүкіл ғұмырына азық етеді. Сондықтан, жақсылықпен өскен баладан жамандық шықпайтыны және мейірім көрмеген жастың өзгеге қайырымдылық танытпайтыны да әлімсақтан анық.

Тіптен, үйге келген қонаққа сәлемдеспей, мұрын астынан міңгір ете қалып, өз бөлмесіне кіріп кететін жасөспірімдерді де көріп жүргеніміз шындық. Келген адаммен ісі болмай, қолындағы айфонын немесе планшетін шұқылап отыратын олардан не үміт, не қайыр?

Басын көтеріп, ашық-жарқын дауыспен, күлімсіреп, үйге келіп отырған адамға ізет білдірмеген баладан ертеңгі күні елге сыйлы атпал азамат шығатыны неғайбыл емес пе? «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дегенде де халқымыз ата-ана өнегесінің, ұяда көрген үлгісінің бүлдіршінге өмір бойына жолдас болатынын айтқан ғой.

«Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар?» деген даналықта да бір адамның ғұмырына өзек болатын тәрбие жатқаны кәміл.

ҚОЛҒА СУ ҚҰЮДАН БАСТАЛАТЫН КІСІЛІК

Жақсылықтың ерте-кеші, үлкен-кішісі болмайды. Қазақ жас өскін тәрбиесін бесікте жатқан кезінен-ақ бастаған ғой. Апыл-тапыл жүре бастасымен қолына сүлгі мен құманын беріп, үйге келген қонақтардың қолына су құйғызған. Қолға су құйған балаға үлкендер алғыс пен батаны жаудыратыны ақиқат. Сонда, жастайынан баталы сөздерді құлағына сіңіріп, үлкенді қадірлеп өссін деген ізгі ниет осы бір қарапайым қызметтің астарында жатқаны ақиқат.

Сүлеймен патша туралы аңыз еске түседі осындайда. Алла Тағала оның пешенесіне әуелде тек он бес жыл ғұмырды жазған екен деседі. Әкесі, ол да патша, Сүлейменнің бір қолына құман, бір қолына сүлгі беріп, келген адамдардың қолына су құйып тұруға міндеттеген екен.

Үлкенді-кішілі қонақтар Сүлейменнің ілтипаты мен елгезектігіне разы болып «Жүзге кел», «Ғұмырлы бол!», «Патша бол!», «Әлемнің билеушісі бол!» деген сияқты тілектерді күнде айтады. Бала ержетеді. Жасы он бестен асады, сонда әкесінің түсіне аян келіпті дейді.

Онда Жаратушы: «Халықтың, көптің тілегі мен батасын қабыл еттім. Сүлейменге ұзақ ғұмыр мен бүкіл әлем билеушісі дәрежесін сыйлаймын! Ол бүкіл аңдар мен құстардың, жанды-жансыздың тілін білген ғұлама ғалым болады» депті.

Бұл аңыздың жастардың бойындағы кішіпейілділік пен елгезектікке қалай тәрбиелеудің үлгісі бола алатыны сөзсіз.

БОЛАР БАЛА…

Ата-бабаларымыздың «болар бала – жасынан» деп, әр бүлдіршіннің сөзі мен ісіне баға бергені – көрегендік. Тарих пен шежіреде де ұлт ұстыны болған заңғайыр тұлғалардың бала жасынан зерек, қабілетті, мейірімді, адамгершілігі мол болғаны жайлы аз айтылмайды.

Қазыбектің он үш жасында қалмақ қонтайшысын сөзден жеңуі, Саққұлақ шешеннің бала кезінен тапқырлықпен көзге түсуі, Уәлиханның ұлы Әбілмансұрдың Абылай атанғанға дейін Төле бидің түйесін бағып, Сабалақ атанған кезіндегі іс-әрекеттері, бала Сырымның шешендігі, жас Бекеттің кісілік келбеті – осының айғағы.

Қазіргі таңда да қабілетті, зерек балалар аз емес. Оларға вундеркинд деп ат қойып, айдар тағып жатады. Ал, осы вундеркиндіңіз баяғының Бекеті мен Сабалағының жасаған адами қасиеттеріне ие бола ала ма екен? Әлде миында тек қосу мен алу, бөлу мен көбейтуден бастап, синус-косинустар, физикалық формула мен химиялық элементтерге ғана орын бар ма?

Ата-ана баласының сабағына ғана мән беріп, тәрбиені екінші орынға қоя ма? «Тәрбиесіз берген білім апат әкеледі» деген әл-Фараби бабамыздың сөзін ұмытпайық. Оны мектеп пен ұстаздарға арта салуға және болмайды. Адамның ең қымбаты – ұрпақ, оның болашақта жақсы адам болып өсуі үшін ең алдымен жауапты – ата-ана.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

«Шығамын тірі болсам, адам болып» деген Сұлтанмахмұттың арманы қандай биік еді? Осы арман бүгінгінің баласында болса, кәне? Ұлы Абай «Адамның бір қызығы бала деген» дей келіп, «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет алсын, шен алсын деп бермедім» деп, бүгінгінің ата-анасына да жол сілтеп тұрғандай-ау? Сіз не дейсіз, оқырман?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз