БОЛАТ ҚҰБЫРЛАР ЗАУЫТЫ ӨЗ ӨНІМДЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

«Арселор Миттал Ақтау» компаниясының маркетинг және сату жөніндегі бас директорының орынбасары Нұрлан Сейітовтің айтуынша, еркін экономикалық аймақта жұмыс істейтін зауыт өнімдері еліміздің бірқатар қаласында қолданысқа енген. Өндірістік қуаты жылына 60 мың тоннаға тарта құбырлар шығаратын зауыттың зертханасы да бар екен. «Алматы облысындағы ұзындығы 64 шақырымға жететін газ құбырлары – біздің өнімдеріміз. Тіпті, жоғары сапалы өнім дайындау үшін арнайы сертификатымыз да бар», - деген Нұрлан Атажанұлы зауыттың «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнай құбырларына қорғаныс жабынды әзірлегендіктерін жеткізді. Жалпы, қай уақытта да «АрселорМиттал Ақтау» компаниясы біздің облыспен тығыз байланыста көрінеді. Бұған дейін «Теңізшевройл» құбырлардың мұндай жабындыларын тек Еуропадан алыпты. 

 

«Мықты, әрі төзімді құбыр жасауға темірлерді Теміртаудан аламыз. Құрыштың кейбір маркалары Франциядан әкелінеді», – деді таныстыру сөзін жалғастырған компанияның қорғаныс жабындыларын сату жөніндегі менеджері Қорлан Адамбаева. Бұдан басқа, кәсіпорын басқа компанияларға қызмет көрсетуді ұсынады екен. Мүмкіндік болса, инвесторлар іздейді.
Қорлан Санбетәліқызының айтуына қарағанда, қорғаныс жабындылары техникалық талаптарға сай пайдаланылса, 34 жылға дейін қолдануға болатын көрінеді.
Мамандардың мәлімдеуінше, болашақта компания жаңа зауытты іске қоспақ ниетте. Қазақстанда үлкен диаметрлі болат құбыр дайындайтын бірегей зауыттың цехтарына қызығушылық білдірген атыраулық компаниялар өкілдері өнімдеріне қатысты сұрақтарын жолдады. Айта кету керек, «АрселорМиттал Ақтау» «АрселорМиттал» құбырлар шығаратын компанияның құрамына кіреді. Оның 12 мемлекетте осындай 24 зауыты бар болып шықты.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз