БЛОГЕР. ВАЙНЕР. ЖУРНАЛИСТ мамандықтарының мәні бір ме?

Газет және оқырман Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/26 қараша, 2019 жыл. «Жас қалам» жобасы аясында «Инстаграм», «Ютуб» секілді әлеуметтік желі арқылы көпке танылған блогер, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай, тележүргізуші Жансерік Бейсеев, «Аikyn.kz» сайтын құрастырушы Асқар Беков жастарға шеберлік сабақтарын өткізді. Мүмкіндікті пайдаланып, біз де белгілі бұқаралық ақпарат өкілдерінің пікірін білген едік…

«Блогинг» – бүгінгі бренд Жасыратын несі бар, қазір журналистика саласында дарынды да, дарынсыз да мамандар бар. Неге дарынсыз? Себебі, бұрынғы ғаламтор болмаған кездегідей елеп-екшеуден өтпейді. Егер журналистер ұсынған өнім сапасыз болса, оны тұтынушылардың білім-білігі де таяздана түсетінін көп адам ескере бермейді. Ал, әлеуметтік желідегі журналистика жайы мүлдем бөлек әңгіме. Белгілі блогер Ақерке Берлібайдың сөзінше, компьютер мен ғаламтордың тілін білетіндердің бәрі бірдей блогер болып кете алмайды.

– Келісемін, бүгінде өз ойын сауатты жеткізе алмайтындар көп. Өйткені, олар газет оқымайды, теледидар көрмейді. Есесіне, әлеуметтік желіде көп отырады. Бірақ, бұған блогерлер кінәлі емес, бұл – әркімнің өз таңдауы. Демек, газет-журналдар мен телевизия өкілдері көптің назарын аудара алатындай бір құрал ойлап табуы керек деп ойлаймын.

Жалпы, адамның айналаға танылуы немесе белгілі бір салада жетістікке жетуі оның өз ерекшелігін тауып, соны өзгелерге үлгі ете алуына байланысты. Ал, ғаламтор – тез танылудың ең оңай, әрі қысқа жолы. Бір ғана бес минуттық бейнеролик арқылы мыңдаған, тіпті миллиондаған аудитория жинауға болады. Әйтсе де, мұның өзі екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Бүгінгі қазақ телевизиясын алып қарасақ, жастардың көбі ұлттық арнадан санаулы бағдарламаларды ғана көруі мүмкін. Ал, одан басқаларынан бейхабар. Бұдан нені байқауға болады? Яғни, көрермендер мен оқырмандардың көп шоғыры әлеуметтік желіні пайдаланады деген сөз, – дейді ол.

Мақалалар – мәңгілік

Ал, қазақ телевизиясының жас өкілі Жансерік Бейсеев ғаламтордағы «ғажайыптардың» бәрі де өткінші жаңбырдай жауып өтетінін еске салады.

– Ғаламторға жүктелген кез келген ақпараттық өнім бүгін бар, ертең жоқ. Тіпті, кеше ғана жүктелген ақпараттың өзін бүгін іздеп таба алмай жатамыз. Ал, газетте жарық көрген мақала бізден кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалады. Оны ешкім де ешқашан өшіре алмайды.

Екіншіден, әлеуметтік желідегі жаңалықтар талдау мен сараптаудан өтпейді. Себебі, оны блогерлер басқалардан бұрын беруге тырысады. Ақпарат ғаламторда ұзақ сақталмайтынын біліп, жеңіл-желпі бере салады. Қатесі тұрмақ, мағынасына мән бермейтіндері де бар. Осыдан келіп жауапкершілік мәселесі туындайды. Рас, мойындау керек, қазір блогерлер мен вайнерлер салтанат құрған дәуір десе болады. Бірақ, осының өзі өтпелі кезең екенін байқамаймыз.

Айталық, Жапонияда ірі бейнехостинг болып табылатын «ютуб» желісін ешкім мойындамайды. Ондағылар жаппай газет оқиды, жергілікті телеарналарды көреді. Өйткені, сондағы мәлімет анағұрлым сенімді. Вайнерлерге оралсақ, олар тек жарнама арқылы табыс тауып жүр, – дейді әңгімелесушіміз.

Бесаспап маманның болашағы жарқын Иә, жер бетінде қанша адам болса, сонша пікір бар. Солардың бәрін болмаса да, кейбірін ескеруге әбден болады. Әсіресе, блогинг саласын журналистика негізінде дамыту керек деген пікірді сала өкілдері қос қолдап қолдайды. «Айқын» газетінің ресми сайтын құрастырушы Асқар Беков мультимедиялық журналистикаға бейімделу қажеттігін алға тартады.

Оның ойынша, бүгінгі журналист жанжақты болуы тиіс. Ол мақала жазып, суретке де, бейнежазбаға да түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасы мен каналын да жүргізіп те үлгеруі керек. Бұл – уақыт талабы. Осы орайда, Атыраудағы м у л ь т и м е д и я л ы қ журналистиканың жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын республикалық масс-медиа өкілдерінің өзі мойындап отыр. Сөзіміздің айқын айғағы ретінде бір ғана «Телеграмм» қосымшасын айтуға болады.

Мұнда мұнайлы мекеннің кез келген тұрғыны мен қонағы жауапты мамандармен тікелей тілдесе алады. Бұл – бұқара мен билік арасын жалғайтын тамаша мүмкіндік. Көкейде жүрген мәселелерін тұрғындар тікелей облыс әкіміне де қойып жүр. Оған нақты жауаптар дер кезінде берілуде.

ТҮЙІН

Сайып келгенде, тілші, тележурналист, блогер, вайнер, бәрінің де мақсаты біреу, ол – әлеуметті пайдалы ақпаратпен жедел қамтамасыз ету. Ендеше, ортақ іске бірлесе жүріп жұмылған жөн-ақ. Бірінің білмегенін екіншісі толықтырып отырса, сегіз қырлы, бір сырлы журналистер шоғыры қалыптасады деп сеніммен айтуға болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *