Биыл – «Еріктілер жылы», бұл да Абай ұстанымынан бастау алады

nngegegeg Жаңалықтар

Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. Қарасөздері мен өлеңдерінен адамзат баласына деген сүйіспеншілік, адамгершілік сезімі менмұндалап тұратын Ұлы ақын – қай істе де жөн сілтеп, бағыт беріп тұратын данагөйліктің шамшырағы.

Өз халқын сүю, оған жаны ашып, жақсы істерге жол бастаушы болу оңай емесі анық. Болашақтың мекеніне бағыт алған жас ұрпақ қашан да оның шығармашылығынан қуат алады, бағыт-бағдарын анықтайды. Ізгілік, адам баласын сүю, жан дүниені сәулелендіру – Абай нұсқаған жол, Абай өсиет еткен жақсылық нұры.

«…Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істін бәрі бос» деген жолға қаншама мағына сыйып тұр десеңізші! Шындығында, бір-біріне жақсылық жасап, сыйласудан асқан жалған дүниеде бақыт бар ма, сірә?! Осыны іштей түйсініп, жанжүрегімен ұғынған «Еріктілер топтары» – бүгінгінің батырлары, халықтың жанашырлары. Қиналғанға қол ұшын созып, сүрінгенді демеп, қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін «Еріктілер» шын мәнінде жас өскінге үлгі бола алатыны даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғасыр парағын жаңа ашып, табалдырықтан аттаған 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауында да үлкен мән бар.

«Малыңды жауға, Басыңды дауға, Қор қылма, қорға, татулас…» – демей ме Ұлы Абай? Абыздың әр сөзі – бір-бір бағдарлама, өсиет-өнеге. Бұл Ел Президенті мен Абай ұстанымының бір арнада тоғысуын танытатыны сөзсіз. Абай тойы – ел тойы, халық тойы, сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына әзірлік жасалуда. Ақынның 170 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, халықаралық деңгейде аталып өтті.

Қазақстанда Халықаралық Абай қоры ашылды. Қазіргі таңда жастардың бастамасымен «Абайтану» клубтары ашылуда. Бұл дегеніңіз – Қазақстанның болашақ жастарын Абай мұрасымен Тәуелсіздіктің Туын тігіп, егемен ел атанып жатқан кезде тереңірек таныстырып, оның таусылмас ілімімен сусындата білу. Абайды оқу – бәріміздің алдымызда тұрған игі міндет,

абыройлы міндет, биік парыз. Сондықтан да Абайды тың серпінмен оқып, өз санамызға Абай тұлғасы мәңгілік тұлға екендігін сіңіре білсек, одан тек қана ұтарымыз анық. Абай – туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, асқар тау, ағар бұлағы, қасиетті ана тілінің шешендік бастауы.

Жиырма бірінші ғасыр және Абай… Иә, Уақыт деген мықты сынаптай сырғып, құмдай сусып қолда тұрмайтыны ақиқат. Абай дүниеге келген дәуір, ол өмір сүрген қоғам ғасырлар қойнауына еніп кетті, алайда, «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!…»

« Ж е т і н ш і сөзінде»: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмас, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып, жылтыр –жылтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкіреген кезде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», « бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп толғанған еді абыз Абай.

Жан құмары – адам баласының рухани жан дүниесінің іңкәрлігі. Дүние есігін ашқан жас бала ержетіп, ат жалын тартып ержетіп, азамат қатарына қосылған шағында рухани әлемін байытуға ұмтылса игі еді. Сонда ғана «Ойға түстім, ойландым, Өз мінімді қолға алдым» деп тебіренетіндер қатары көбейе түспек.

«Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен», – дейді Мұхтар Әуезов.

Дана ақынның пайымынша, адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы – шығармашылық ойлау. Абайдың айтуында, ой кісіге табиғат құбылыстарын ғана емес, адам өмірін талдау, қорыту, салыстыру үшін берілген. Нағыз адам мұратына жетудің екінші шартын Абай еңбек, қызмет деп есептейді.

«Сенбе жұртқа тұрса да көзге мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап», – өмірлік мұрат, азаматтық позиция, ақындық ұстаным осынау сөздердің тереңінен қол бұлғайтыны даусыз. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну – Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты.

Абайдың жастайынан көргені, естігені халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланды. «Шын хакім, сөзің баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп толғанған екен «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінде Мағжан Жұмабаев. Біз Мағжаннан асырып айта алмайтынымыз шындық.

Абай – теңдесі жоқ ақын, аса дарынды композитор, асқақ ойшыл философ, қай жағынан алғанда да жаңашыл, реформатор, халқымыздың отандық, тіпті дүниежүзілік мәдениет тарихынан ерекше орын алған ұлы тұлға. Оны туған халқының шын мәніндегі жан серігіне, сырласына, ақылшысына, демеушісіне айналдыру ұрпағымыздың болашағы, қазақтың ұлттық рухани дүниесінің жаңғыруы үшін қажет екені айдан анық. Ұлы тұлғаның ұлы туындыларының ұлттық рухани қуат-күшін еселей түсетін қасиеттерін жастарымыздың танып, ойын оятып, сонымен бірге бүгінгі а у м а л ы – т ө к п е л і жағдайларда кездесетін қиыншылықтардың түйіндерін шешуге де пайдалана білу керек-ақ.

Бұл жайында Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!» деп, келешек ұрпаққа Абайды оқу барысында берілетін өнегелі тәрбие ұшан-теңіз екенін айтып кеткен. Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойлары, тамаша шығармалары, қарасөздері мен жалынды жырларында маржандай төгілдіреді, оның әрбір сөзінен соншама жақын лебі сезіледі. Ол леп өткен заманның тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Өйткені Абай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – Тәуелсіздіктің көк байрағын қолға алып, теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғасыр парағын жаңа ашып, табалдырықтан аттаған 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауында да үлкен мән бар. «Малыңды жауға,Басыңды дауға, Қор қылма, қорға, татулас…» – демей ме Ұлы Абай? Абыздың әр сөзі – бір-бір бағдарлама, өсиет-өнеге. Бұл Ел Президенті мен Абай ұстанымының бір арнада тоғысуын танытатыны сөзсіз».

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз