Әбіш есімі дүние тұрғанша тұрады

Әбіш есімі дүние тұрғанша тұрады Жаңалықтар

«Әбіш Кекілбаев – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді». Бұл – Халық жазушысына Елбасының берген бағасы. Жыл бұрын ортамыздан озса да, уақыт мінберінде аты мәңгілік салтанат құратын ұлы тұлғаны Атырау жұртшылығы да құрмет тұтады.

Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған шаралар жақында Ақтөбеде болған еді, алдағы аптада Қызыл-ордада жалғасады. Еліміздің әр өңірінен белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері бұл жолы жазушының ізі қалған Жайықтың жағасына жиналды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасын зерттеу-ғылыми орталығы ашылды. Бұл орталықта енді жас ғалымдар филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің жетекшілігімен жазушы шығармашылығын жан-жақты зерттеп, зерделейтін болады.

%d3%99%d0%b1%d1%96%d1%88-%d0%b5%d1%81%d1%96%d0%bc%d1%96-%d0%b4%d2%af%d0%bd%d0%b8%d0%b5-%d1%82%d2%b1%d1%80%d2%93%d0%b0%d0%bd%d1%88%d0%b0-%d1%82%d2%b1%d1%80%d0%b0%d0%b4%d1%8b

 «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты еске алу кешін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ашты: 

– Қазақтың біртуар ұлы Әбіш Кекілбайұлының бақилық болғанына да бір жыл болды. Орны толмас қаза. Әбіш аға уақыт болған кезде ағайын-тума ғана емес, кіндік қаны тамған маңғыстаулықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар қайғырып, көңілдерін білдірді. Бүгін бір жылдық қадесінің алдында осындай еске алу шаралары әр өңірде болып жатыр.

Әбіш Кекілбайұлы жастайынан өте зерек, табиғатынан жақсылыққа, білімге құштар болған. Біз Әбіш ағаны жазушы ретінде ғана танымаймыз, мемлекет қайраткері, ел дамуына қаламымен де, сөзімен де, ісімен де ерекше үлес қосқан бірегей тұлға ретінде білеміз. Елін, жерін сүйген азамат, еліне болсын деген азамат Әбіш ағадай қызмет атқаруы керек шығар. Қарап отырсаңыз, бұл кешке Әбіш ағамен бірге қызмет атқарған үзеңгілес жолдастары, Әбіш ағаға қарап бой түзеген іні-қарындастары, ағамыздың шығармашылығымен таныс, соған еліктеп өскендермен қатар осы оқу орнының студенттері де келіп отыр. Бұл қуантарлық жағдай, ұрпақтар сабақтастығы деген – осы.

Әбіш аға бір сөзінде «Мен өз шығармаларымда қарапайым ғана адам емес, рухы күшті адамды суреттегенді қолдаймын» депті. Рухтың күштілігі – ар тазалығы, сезім шынайылығы. Сондай адам ғана өмірдің өткінші қуаныш-қайғысына мойынсұнбайды. Ол адамның өмірі жеңіл болмауы мүмкін, бірақ өкінішті болмайды.

Күн-түн демей атқарған қызметтеріне ел куә. Қанша білсек те, ағамызды әлі толық білмейміз. Кемеңгерлер, жазушылар өз заманынан озық туады. Кей кезде жазғандарын түсініңкіремейміз. Біз Әбішті зерттейміз деп жатырмыз. Заман өте келе, зерделей келе ол кісінің жазғандарын түсінуге болады. «Әбіштану» орталығының  сондықтан да маңызы зор.

Ол кісінің пендешіліктен ада болғанын Әбіш ағамен араласқан адамдар біледі. Әбіш Кекілбайұлы Елбасымыздың көмекшісі, Жоғары Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы бола жүріп, сол кезде елге қажет адам болды. Әрқайсысы бір төбе болып, есеңгіреп, болашағымыз не болады деп отырған кезде жоғарыда Әбіш аға сияқты сабырлы, өткенді терең білетін, келешекті болжай алатын көмекшілердің болуы заңдылық деп ойлаймын.

1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті  Н.Назарбаевтың қызметке ресми кірісу салтанатында Әбіш ағамыз: «Ойлағанымыз болды, ортамыз толды. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікті біздің ұрпақтың көруі бұйырды», – деді. Қазына еді. Әлі де берері мол еді. Мен өз тағдырыма Әбіш ағамен кездестіргені үшін ризамын. Ол кісінің Бақтықожа Салахатдинұлымен бірге барып, батасын алғанмын.

Құрманғазы Сағырбайұлы жөнінде Әбіш ағамыз: «Жұмыр басты пенделер, біздер, мына дүниеге келіп, бұйырған несібемізді теріп жеп, уақыты келгенде жөнімізді тауып кете береміз. Сонымен қатар, көзі барда өзі, көзі жоқта өнері қауымның басын сүйеуге, қолтығынан демеуге жарайтын тұлғалар өмір тұрғанша, дүние тұрғанша жасайтын тұлғалар болады. Құрманғазы сондай адам» деген болатын. Құрманғазымен бірге Әбіш аға өзі туралы да айтып кеткен. Бүгінгі атқарып жатқан істеріңіз жарасымды жалғасын тапсын. Маңғыстаулықтар жақсы бастама көтеріп жатыр, Әбіш Кекілбаевқа арналған мәдени орталық ашқалы жатыр. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз айтқандай, «Әбіш – Маңғыстаудың – 363-інші әулиесі». Бұл тек Әбіш Кекілбаев үшін емес, ел үшін, ұрпақ үшін жасалып жатқан іс.

Кешті Президент әкімшілігінің инспекторы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өтеген Оралбаев жүргізді.

%d3%99%d0%b1%d1%96%d1%88-%d0%b5%d1%81%d1%96%d0%bc%d1%96-%d0%b4%d2%af%d0%bd%d0%b8%d0%b5-%d1%82%d2%b1%d1%80%d2%93%d0%b0%d0%bd%d1%88%d0%b0-%d1%82%d2%b1%d1%80%d0%b0%d0%b4%d1%8b-2

Алғашқы болып мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Өмірбек Бәйгелді сөз алды.

– Бұл қасиетті топырақтан таланты тұла бойына тұнған қаншама дарын шықты? Фариза мен Әбіш те сол қатардан еді. Жақсының атын ұлықтап жатқан елге разы болып отырмыз. Әбіш Кекілбайұлы жан-жақты азамат болды, халық оны жазушы ретінде таныды. Сөз дарыған елміз, ақынға кенде емеспіз, бірақ, Әбіш ақындардың ішінде сұңқары еді. Оның аты ұмытылмайды. Бірге туған бауырымдай болды, – деп естеліктерімен бөлісті.

ҚР ҰҒА академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев те жазушы жайында жақсы лебіз білдірді. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері Ақерке Нығымова мен Мәдина Теңеловаға Ә.Кекілбаев атындағы арнаулы стипендия тағайындалғаны жөнінде сертификат табыс етті.

– Шоқтығы биік, асқаралы шыңдай, аузы дуалы Әбіш Кекілбаевтың жалған дүниеден өткеніне жыл толып қалыпты. Осыған байланысты еске алу шаралары өтіп жатыр. Кеше біз Ақтөбе қаласында болдық. Өте маңызды іс-шаралар жоспарланыпты. Мен де өз өмірімде дәм-тұзым жарасып, Әбішпен дос, сырлас, сыйлас болдым.

Әбіш – өте күрделі тұлға. Оның шығармашылығын түсіну үшін көп жұмыс керек. Дарынды жанды көрген кезде қазақ атамыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу Әбішке келгенде өз мағынасынан айырылатындай. Кеше Ақтөбедегі жиында оның жиырма бес түрлі қыры ашылып, талдау жасалған еді.

Майталман жазушы,  қаламы қуатты қаламгер, көрнекті сыншы, талай романдар жазған қабырғалы қаламгер. Мен өз басым Әбіш Кекілбаевты замана талаптарын терең түсіне білген, өз өмірін халқына арнаған ұлт перзенті деп ойлаймын.

Өткен тарихқа көз жіберсек, бізде ел қорғаған хан болмаған тәрізді еді. «Басқа елдің хандары кемеңгер, батыр, біздің хандарымыз жауыз болатыны неліктен?» деген сұраққа жауап жазып, тарихтан тұңғыш рет құнды деректер келтірген Әбіш Кекілбаев болды. Оны қалай кемеңгер демейміз?! Оның арқасында әдебиетімізге жарқырап Әбілқайыр хан, Абылай хан, Сырым батыр келді. Осының бәрі – Әбіштің еңбегі. Халқының адал перзенттерін сомдап, халқымен қауыштырған Әбіш Кекілбаевты заңғар жазушы дейміз. Ғұлама Әбіштің артына қалдырған рухани мұрасы өшпейді. Енді Әбіштану үрдісі басталды. Келешек ұрпаққа осыны жеткізіп, сусындата білу керек. Әбіш – қазақ көсемсөзінің хас шебері.

Әбіштей сырлы сөздің зергері аз. Оның «Елең-алаң», «Үркер» романдарында «Батыстан тықыр шықса, шығысқа, шығыстан тықыр шықса, батысқа, терістіктен қоқай көрсе, күнгейге, күнгейден қоқай көрсе терістікке жөңкілген халық» деген жолдардағы халқымыздың өткен ғасырлардағы жәбір-жапасының, шеккен азабы мен тартқан мехнатының көрінісі жатыр емес пе?

Мен Әбішті ғалым деймін. Романдарын жазу үшін шаң қауып архивтерде отырды, салыстырды, ізденді. Сол ғасырлардағы қазақ тарихын Әбіш еңбегінен оқып жүріп бой көтердік, еңсе түзедік. Әбіш – хакім. Абай айтқан екен: «Әрбір ғалым хакім бола алмайды, әрбір хакім ғалым бола алады» деп. Әбіштің кітаптарын оқи отырып, тарих тереңіне сүңгігеніне, келешекті болжай білгеніне таңданамыз. Мемлекет қайраткері, Елбасының сенімді серігі, Тәуелсіздіктің сардары бола білді. Міне, енді Әбіштің мәңгі өлмес екінші өмірі басталды, – деді академик Кенжеғали Сағадиев.

Бұдан кейін Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның  «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор, өнертанушы Илья Жақанов сөз алды.

– Бүгінгі жиын бір ғана университет аясында болып жатқан жоқ, бүкіл облыстарды қамтуда.  Әбіштің таңғажайып, ұзақ, қызықты өмірін арқау етіп, алдағы жылдарға кете беретін шаралар басталып жатыр. Қаншама роман, публицистикалық  дүниелерді мұра ғып қалдырды? Соны жазып отырған суреткердің жазушылық болмысын білеміз бе? Мен Әбішті студент кезден білемін. Тарих ұзақ толғатып туатын перзент келбетін Әбіш Кекілбаевтан  көреміз.

Бірде Ақселеу Сейдімбековтың «Социалистік Қазақстанда» әдебиет бөлімін басқарған кезі. «Жезкиік» өлеңінің мәтінін алып келіп отырсам, Әбіштің де келе қалғаны. Қоңыр күз. Әбіш шаршаңқы жүзбен қарап отыр. Ақселеу маған сыбырлап: «Осы кісіге айтсам ба екен, ұлт мәдениетінің келешегі туралы мақала жазу керек еді. Мықтымсынғандарға айтып көріп едім, ұзаққа созатын түрлері бар»-деді. Сөйтіп, Әбішке қолқа салды. «Қағаз бар ма?» – деді Әбіш. Біз мазаламау үшін кабинеттен шығып кеттік. Сол арада төрт сағат өткенде ұлт туралы үлкен толғаныс туды. Ешқандай қағазға қарамастан, отырған бойында бұрқыратып жазды. Төгілдіріп, көкейкесті мәселе етіп ешкімнің айтуға жүрегі дауаламайтын, батылы бармайтын тұсты жазды.

Оның тума талантын екінші көргенім, 1993 жылы қазақ қобызының атасы Ықыластың 100 жылдығы Жамбыл облысында тойланды. Облыс әкімі – Өмірбек Бәйгелдиев. Жұрт титықтаған кезде қаражатты қайдан тапқанын білмеймін, ел еңсесін көтеру үшін қыруар қаржы бөлді. Сол тойда Жамбыл облысы Сарысу ауданында 470 киіз үй тігілді. Ықыласқа мәрмәр тастан кесене орнатылды. Сонда ғұлама Әбіштің төгілте сөйлеген сөзі жұртты таңғалдырды. Ең мықты деген музыка мамандары айта алмаған Ықылас қобызының сарыны туралы айтып, арғы-бергі аңыздарға кетті. Суреткерлік қыры ғажап болатын.

Әбіш өмірінен үшінші эпизод айтайын. Сонау 1996 жылы Қарабураның тойы болды. Ол туралы 1000 беттен тұратын «Қарабура» кітабын жаздым, сөйтіп «Өлке» баспасына тапсырдық. Алғы сөз жазу үшін Әбішке келдік. Мемлекеттік хатшы қызметінде жүрген кезі. Мың беттен тұратын кітапты алдына жайып салып,  олай қарады, бұлай қарады. Жанымда жазушы Кәрібай Ахметбеков бар. «Елдік пен ерлік киесі» деген алғы сөз жазды. Қайдан алып жатыр! Толстой сияқты кең тынысты! Оңаша сөйлесуінің өзі ғажап еді. Грек мифологиясын қазақ мифтерімен байланыстыра отырып, ұлтымыздың мұрасының биіктігін дәлелдейтін.

Әбіш мұрасы қай қырынан алсаң да таусылмайтын тұңғиық сыр. Этнограф, ойшыл, ғалым, ағартушы, жазушы, ғұлама!

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзі де көпке үлкен ой салды.

– Бірде Алматының ыстық жазында ҚазМУ-ден шығып бара жатқан жас жігіт аялдамада тұрса, бір әйел адам отыр екен. Әлгі жігіт бұл отырыстың мәнін сұрайды. Сонда әйел бұл жерде ұлының емтихан тапсырып жатқанын, жалғыз ұлы екенін айтады. Әлгі жігіт те өзінің жалғыз екенін айтып, ұлы емтиханнан шыққан соң қонақ боп кетулерін өтінеді. Сөйтіп тұрғанда бір бұйра шашты қара бала сыртқа шығыпты. Ол  Әбіш Кекілбаев екен. Ал, отырған қазақ әйеліне бұрылып келіп әңгімелескен жігіт – ақын Қайрат Жұмағалиев, отырған ана  Айсәуле анамыз болатын.

Мен де Әбіш ағамен ширек ғасыр араластым. Әңгімесін тыңдадым, жанында жүрдім. Бірде Әбіш ағаның үйіне барып, амандасып жатсам, төргі бөлмеден Айсәуле анамыз дауыстап жатыр: «Бақтықожа келді ме?» деп. Мен таң қалдым. Өте бір ғажап жан еді. Ол кісі – Елбасыдан бастап, қарапайым қазаққа сыйлы болған ана. Клара апам ол кісіні алақанға салып күтті.

«Әр қазақ менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, 1999 жылы желтоқсан айында үлкен бір жиында Мырзатай Жолдасбеков ағамыз: «Мен өмірімде төрт данышпанды көрдім. Олар –  Қаныш, Мұхтар, Әлкей, Әбіш» депті. Мен осыған арнап өлең де жаздым. Өмір – өлшеулі. Ағамыз өмірден өтсе де ол кісінің соңында өлмес мұра қалды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұқамбетқалидың сөзі Әбіш ағаның ақыл-парасатының кеңдігіне арналды.

– Бүгінгі әңгімеміздің арқауы бәрімізге ардақты Әбекең болып отыр. Шынында да, халықтың маңдайына бір ғасырда бір-ақ рет бітетін, бәлкім, тіпті бітпей кетуі де мүмкін ерен тұлға еді. Ерен тұлға болатын себебі, Құдай оның басына ақыл мен парасат, биік адамгершілік пен кісілік мейірімді молынан беріп қана қоймай, сол бергенді халқының қажетіне жаратарлық  терең ой мен талант деп аталатын қасиетті де оған қос-қосымен үйіп-төгіп бере салған. Ол әдебиеттің қырық қырын, сегіз сырын түгел меңгерген білгірі еді. Сондықтан да, ол әдебиеттің барлық жанрын, прозаны, поэзияны, драматургияны, сынды қалайша меңгерсе, гуманитарлық ғылым салалары – тарихты, философияны, саясаттануды, өнертануды, әлеуметтануды да соншалықты білімділікпен игергені таң қалдырады. Мұның бәрі оның таза, қуатты эрудициясының арқасында жүзеге асқан. Меніңше, заманнан заман оралғанда ондай ұлы тұлғалар сирек те болса дүниеге қайта оралып тұратын болса керек.

Біздің Әбіш дәл сондай классикалық ұғымдағы энциклопедист еді. Өйткені, Әбіштің асқан терең телегей-теңіз білімі көсемсөзді де, көркемсөзді де асқан шеберлікпен жымдастырып жіберетін академиялық ойлау жүйесі, таңғажайып шешендігі бізге соның айқын мысалындай көрінеді де тұрады.

Ал, енді суырып салма шешендігі туралы айтар болсақ, қайбір жылы реті солай болып, Әбекең Парламент депутаттығына Павлодар облысы Баянауыл ауданынан кандидат болып түседі. Сондағы сайлаушылармен өткен үлкен жиында сол елдің бір ақсақалы тұрып: «Шырағым, талабыңда қапы жоқ, бірақ, неге өз туған жеріңнен кандидаттыққа түспедің?  Осы елдің де екі-үш баласы бар еді, солар да талап қылып жатқан» деп сұрапты. Сонда Әбіш ағамыз: «Ақсақал, сауалыңыз орынды. Менің де аталарым айтқан бір сөз бар еді. Жүйрiктiгiңдi сынағың келсе,

Ат баптаған ауылға бар.

Құлын күніңнен көрмедiм деп,

Сыйпамай жiбермес жалыңды.

Жiгiттiгiңдi сынағың келсе,

Азаматы өскен ауылға бар,

Атаңмен табақтас болмадым деп,

Сындыра қоймас сағыңды, – деген. Сосын келіп едім» – депті. Сонда ақсақал: «Әй, ағайын! Мына баланың сөзі сүйектен өтіп кетті, қақпайық бетінен»  деген  екен.

Саясаткерлігіне келсек, әлемнің ірі державалары  басшыларының, тіпті, Рим Папасының алдында сөйлеген кемелдігі мен шешендігі – талай таңға жыр боларлық әңгіме.

Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев Әбекеңнің туған жермен байланысы туралы толғады.

– Әбіш аға… «Көз алдымда ылғи да қос жанарым, қос жанарымдай Маңғыстауым мен Атырауым тұрады есте»  деген сөзін аузынан тастамайды. Мінеки, осы өлке Әбіш аға үшін, әрине, әуелден бір  бөлек аймақ. Осында ағамыздың кіндігінің қаны тамып, ақ бесікте тербеліп өсті.  Ол 1956 жылы білім қуып, сонау Форт-Шевченко қаласынан моторлы қайықпен толқыны жал-жал болып жататын Каспийді кешіп өтіп, осы Гурьевке жетіп, одан әрі сатылай-сатылай оқу іздеп, Алматыға аттанды. Әбіш аға дүниеден өткен кезде Елбасы «Әбіш деген соншалықты кемеңгер, ірі тұлғаларымыздың бірі еді. Алты Алашқа  ғана емес, әлемге ортақ еді» деген болатын. Осы орайда Сабыр Адайдың да айтқан бір сөзі есіме түседі. «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, Туылмайтын өтті өмірден бір қазақ» деп жырға қосты ол.

Әбіш аға үшін Алматы да ерекше болды. Оның бұл қалада 40 жыл өмірі өтті, осында  білім алды. Алматыда өзінің ұлы шығармаларын тудырды. Алматыда жар сүйді, ұрпақ өрбітті. Былайынша айтқанда, Алматы Әбіш ағамыз үшін әлемге самғататын тұғыр болды. Атақ-даңққа бөленді. Кемеңгер дана атанды.

Әбіш аға Астанаға барған кезде дана, абыз дәрежесіне көтерілді.Ол ұлтын сүюдің, ұлтына қызмет етудің өнегесін өсиет етіп, халыққа аманат етіп қалдырды. Сол аманатқа адал болайық.

Мырзатай ағамыз Әбіш ағаны  әулие дейтін. Бірде ұшақпен ұшып бара жатқан кезде Маңғыстаудың үстінде турбулентті жағдай болып ұшақ біраз шайқалады. Адамдар қобалжи бастайды. Сонда Әбекең: «Неге сасасыңдар, әулиелі жерде келесіңдер, ал Мырзатайдың әулиесі қастарыңда», –  деген  екен.

Әбіш ағаға Алла тағала халқымен бірге мәңгі жасауды бұйырған. Соның бір белгісі, мына ашылып отырған зертхана жастардың келешегіне қызмет жасай  берсін!

Сонымен қатар, еске алу кешінде жазушы, қоғам қайраткері Роллан Сейсенбаев, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, атақты спортшы Әмин Тұяқов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сержан Шәкіратовтар Әбіш Кекілбайұлы жайында жылы естеліктерімен бөлісті.

– Рухы – жанымызда, келбеті – жанарымызда, сөзі – құлағымызда, айтқаны – санамызда, жазғаны  сөремізде тұрған Әбіш Кекілбаевты біз қанша айтсақ та жарасады. Ұлы қаламгер, ұлы қайраткер, ғасырда бір туатын құбылыс деп таныған және сонымен замандас болғанымызды мақтан ететін біздерге Әбіш жайлы айту оңай да, қиын. «Таланттарды еске алатын жиындар, тойлар талантқа танылу үшін емес, кейінгіге тағылым беру үшін өтуі керек», – депті Кекілбаев. Тәлімдіні танымау – бейбақтың ісі, тәлімсізге табыну–бейшараның ісі, сырбазды, сызданғанды сыршыл деп ұғу, сылдырлақты сұлулық деп ұғу, көкмылжыңды кемеңгер деп ұғу–кещелердің ісі», – депті Кекілбаев. Ол жайлы сөйлегенде бейбақ, бейшара, кеще болуға қақымыз жоқ. Жарты ғасырдың үстінде бізді соған тәрбиелеген Кекілбаевқа тағзым етіп, тек оның есімін өз өмірімізге арқау ету қалады екен. Кейінгі ұрпаққа соны жеткізе алсақ, армансызбыз. Әдебиет пен өнер құлазып тұрған кездің өзінде Әбіш Кекілбаевтың санамен соққан әдебиет сарайының мұнарасы биікте қала береді, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.

– Әбіш Кекілбайұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған көсемсөздері кітап боп шығып, 30 мың данамен халыққа таралады. Биылдан бастап Әбіш Кекілбаев атындағы республикалық журналистер байқауы өткізіледі. Сондай-ақ, еліміздің бас басылымында «Әбіш Кекілбаев» кабинеті ашылады. Бұл – рухани оқиға, – деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. – Әбіш аға айтқан екен: «Мәңгүрттік – тегіңді, тіліңді ұмыту ғана емес, не ұмытқаныңды ұмыту. Ең үлкен мәңгүрттік – өз-өзіңді бағаламау. Кейде осы сөз еске түскенде, «Біз Әбіш ағаны лайықты деңгейде бағалай алмадық па?» деген ой туады. Бүгін алаштың абызын ұлықтау арқылы осы әлеуметтік мәңгүрттіктен арылуға бір қадам жасадық деп ойлаймын».

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Мереке Құлкенов:  – «Абайтану», «Махамбеттану» деген бар, бірақ, содан біз танып жатырмыз ба? Әбіштану орталығын ашып жатырмыз. Әр уақытта келген қонақтарға көрсететін жылтыраған бөлме емес, кім қазақты, қазақтың сұлу сөзін білгісі, ұққысы келсе, Әбішті білгісі келсе, баратын бір қасиетті орын болса екен», – деген тілегін жеткізді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Абзал Тәлтенов білім ордасында Әбіш Кекілбайұлының рухына арналған шараларды жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдыратындарын айтты.

– Еліме алғыс айтамын, – деді Әбіш Кекілбайұлының жары, жарты ғасыр уақыт жан жолдасы, шаңырақтың отанасы болған Клара Жұмабайқызы. – Әбіш ағаларың – бала болып ойнамаған адам. Кішкенесінен кітаппен дос болған. Ешуақытта біреуді жамандамайтын, дауыс көтеріп сөйлеген емес. Оқу,  жазу, жұмыс істеумен ғұмыры өтті. Жастар, еңбектеніңіздер, еңбек қана биікке жеткізеді, сіздерге соны айтқым келеді.

Кеш барысында белгілі әнші Тамара Асар Әбіш Кекілбаевтың сөзіне жазылған «Арман деген арғымақ» атты әнін орындады. Ілия Жақановтың «Еділ-Жайық» әнін мәдениет қайраткері Маржан Төреханова нақышына келтірсе, Тұрар Әліпбаевтің «Әбіштаған» күйі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің орындауында үнтаспадан тыңдалды. Өтеген Оралбаевтың «Қазақ елінің таңдайы» жырын белгілі жыршы Амандық Көмеков көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, университет студенттері Әбіш Кекілбаевтың өлеңдері мен әңгімелерінен үзінділер оқыды.

«Адамзаттың Әбіші» деп халқы айрықша қастерлеген қаламгердің шығармашылығынан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуат алары сөзсіз. Ұлтының ұлы тұлғасына, рухани кемеңгеріне, данышпанына айналған Кекілбайұлының бай әдеби мұрасы әлемдік деңгейде насихатталса, – деген ой айтылды еске алу кешінде. Біз де осы тілектеміз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, Бақытгүл БАБАШ, Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз