БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Татулықтың киелі бесігіне айналған қасиетті жерімізде өмірге келген бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығына орай жергілікті журналистер арасында өткен конкурс мәресіне жетті. Елдегі бірлік пен ынтымақты дәріптеген материалдары үшін жүлделі орын алғандардың ішінде облыстық «Атырау» газетінің журналистері де болды. Мазмұнды жұмысы үшін газет журналисі Баян Жанұзақова екінші орынды, фотожурналист Ерлан Алтыбаев үшінші орынды, журналистер Дәулетқали Аруев пен Амандық Абдоловтар ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Журналистерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ел бірлігін сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды роль атқарып отырғандығын атап өтті. «Еліміздің тәуелсіздік алған тарихына көз жүгіртер болсақ, аз ғана уақыттың ішінде тағдырлы да тарихи кезеңдердің артта қалғанын көреміз. Еңбекақы, зейнетақы ала алмай жүрген қиын уақыттар да болды. Бір кездері көп ұлтты Қазақстанның болашағына күмәнмен қараған елдер де табылды. Осындай түрлі күрделі кезеңдерді халқымыз ауызбірлігімен, татулығымен өткеріп шықты. Нәтижесінде,  елімізді мекен еткен түрлі ұлттар «Қазақстан халқы» деген бірегей атауға, ұғымға айналды» деген ол бұл жетістіктерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен байланыстырды. Одан әрі этножурналистиканы дамытудың маңызына тоқталған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан БАҚ өкілдері арасындағы аталған конкурсты дәстүрлі түрде өткізіп тұруды ұсынды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, конкурс комиссиясының төрайымы Жанат Асабаева, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиевтар журналистерді жүлделерімен құттықтап, алда да конкурстың дәстүрлі түрде өткізілетіндігін мәлімдеді.

Конкурс қорытындысымен бірінші орынға «Қазақстан-Атырау» телеарнасының журналисі Елнұр Есмұратова лайық деп танылды. Жүлдегерлердің арасында облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің өкілдері Қайырбек Ермұханов, Надежда Шильман, Любовь Монастырская, аудандық «Мақат тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Лена Нұрбаева бар.

Өз тілшіміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз