Бір күнде жеті бала шала туды…

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/3 маусым, 2019 жыл. Шала туған нәрестелердің ауруларын дер кезінде анықтауда скрининг жүргізу  маңызды. Бұл туралы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау қалалық перзентханасында  өткен медициналық қызметкерлерге арналған шеберлік сағатында айтылды.

Жиында республикалық медициналық-генетикалық кеңес беру  мекемесінің басшысы Гүлнара Салауатқызы тақырып аясында баяндама жасады. Ақ халаттыларға барлық жаңа туған нәрестелер ең алдымен тұқым қуалайтын ауруларға тексерудің маңыздылығын түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, бұл процедура «жаңа туған сәбидің неонатальды скринингі» деп аталады. Бұл ем-шараның нәресте дүниеге келгенге дейін белгілі болмайтын ауруларды анықтауда мүмкіндігі зор. Шақалақ өмірге келгеннен үш сағаттан кейін жаңа туған нәрестеден қанның үлгісі алынады.

Шеберлік сағатынан кейін медицина қызметкерлері перзентхана ішін аралап, шала туған шақалақтардың жағдайымен танысты. Бұл күні  мерзімінен бұрын жеті бала дүниеге келсе, оның төртеуі – қыз, үшеуі – ұл.  «Сағат 07.50-де қызым дүниеге келді. Есімі – Асыл. Ең бастысы, сәбиімнің жағдайы жақсы. Ақ халаттылардың жұмысына ризамын.  Сәбиімнің балаларды қорғау күнінде дүниеге келуі де мен үшін қуаныш. Барлық нәрестелердің дені сау болып, өсе берсін!» дейді Бибігүл есімді жас ана. 

Осы күні сәбиін дүниеге әкелген жас аналарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева, қалалық перзентхананың директоры Гүлзейнеп Жүсіпова құттықтап, арнайы сый мен гүл шоқтарын ұсынды.

Жалпы жыл басынан бері аталмыш перзентханада 2400 босану болды. Оның  13-і   – мерзімінен бұрын шала туғандар.  Ал, қазір шала туғандар бөлімшесінде дәрігерлердің күтімде 6 нәресте бар.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *