Бес атыраулықтың ДАИШ лаңкестік ұйымының қатарында соғысып жүргені белгілі болды

Адаспашы айналайын Жаңалықтар

Жиырма тоғыз адам! Бұл – шет мемлекеттердегі күмәнді оқу орталықтарында жүрген атыраулықтардың саны. Соның ішінде 22 адам Египет Араб Республикасында, алтауы Сауд Арабиясында, біреуі Йеменде оқып жүр. Құзырлы органдар олардың барлығы да   «сәләфи» ағымының жақтастары екендігін айтады. Бұл аз десеңіз бес атыраулықтың  ДАИШ лаңкестік ұйымының қатарында соғысып жүргені белгілі болып отыр.

Адаспашы, айналайын!

Басын ашып айтайық, есепке алынып отырған 29 атыраулықтың қай-қайсысы да «мынау» деп көрсететіндей кереметтей бір университетте жүрген жоқ. Қолдағы мәліметтерде, олардың барлығының  жеке меншік сипаттағы күмәнді орталықтарда, марказдарда оқитыны жазылған. Белгісіз «шейхтардың» әр сөзін бұлжымас заңдай қабылдап жүрген жерлестеріміздің бәрі де көші-қон режимін бұзғаны үшін қазір шетелдік полицейлерден жасырынып жүрген көрінеді. Өйткені, соңғы екі жылдан бері лаңкестіктен көз ашпаған Египет бүгінде шетелдіктерді елге кіргізу режимін күшейтіп жатыр. Берілетін визаның мерзімі екі айға ғана жарамды. Оның өзінде, сол елдегі туыстары тарапынан нақты шақыртулары, кері қайту билеттері бар адамдар үшін. Ал, режимді бұздыңыз екен, онда ренжімейсіз. Әуелі айыппұлды төлейсіз, сосын сізге ол елдің шекарасы жабылады.

Өткен айда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауына етегі жасқа толған бір ана келіп кетті. Қ.С. есімді 26 жастағы жігіттің анасы образды түрде айтқанда, «үңгірде оқып жүрген» баласын шет елден қайтарып алуға көмек сұрады. Мұңға батқан ана Египет асқан баласына 400 мың теңге айыппұл салынғанын, енді оны төлеп, елге қайтарып алу үшін қаржылық жағдайының жетпейтінін айтты. Бұл – бір жағдай ғана. Зар илеген ата-анасын қараусыз қалдырған талай тағдырдың оқиғасы қалай аяқталғанын ешкім саралап жатқан жоқ…

Жақында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұдан былай өз бетімен шеттен діни ілім алғысы келетіндерге заңмен тыйым салу мәселесінің қаралып жатқанын хабарлағаны белгілі. Яғни, діни сауат ашамын, бакалаврлық білім аламын десеңіз, мархабат! Тек, өз елімізде оқуға міндеттісіз. Осы талапқа бағынсаңыз, онда магистратура мен докторантураны шетте жалғастыра аласыз. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасы арқылы ғана рұқсат етіледі.

P.S.Интернет кеңістікте, жалпы қоғамда үлкен талқыға түскен осы тақырыпқа қатысты қазір түрлі пікірлер айтылып жатыр. Десе де, сарапшылар шет елде діни білім алуға белгілі бір деңгейде шектеу қою – жат ағымдармен күрестің тиімді жолы деген көзқарасты ұстанады. Себебі, заты белгісіз шетелдік орталықта кім-көрінгеннің лекциясына қанығып алып, оны өзімізде таратудың соңы қайда апаратынын елдегі ушыққан діни ахуал көрсетіп отыр.

Сіз не дейсіз?

Мейіржан РАХМАТУЛЛАҰЛЫ,

«Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:

Мәселе  шариғатта  емес

– Дін мәселесіндегі ғалымдардың терең зерттеу еңбектері, құнды кітаптар негізінен Орта Азия жерінде жазылған. Сол кітаптарды әлі күнге дейін әлемдік деңгейдегі ең мықты деген ислам университеттері оқытады. Осы фактінің өзі  сол кездегі ғұламалардың мықтылығын білдіреді. Кеңес Үкіметі кезінде де билік діни лидерлері бар халықты рухани тұрғыда жеңе алмайтынын білді. Сол себепті, өзге ұлттармен бірге, қазақ арасынан шыққан дін ғұламаларының көзі жойылды.  Осынау трагедияның залалын әлі күнге дейін тартып келеміз. Тәуелсіздік алғалы бері ислам мәселелерін реттеп, дінді қолға алатындай ғалымдар бізде болған жоқ. Осыдан кейін шет елден келгендерді ғұлама көре бастадық. Діни ахуалдың ушығу себебі де осында.

Біріншіден, шет елге баратын балалардың жас ерекшелігіне шектеу қойып, оларды міндетті түрде бақылауда ұстауды ұсынамын. Екіншіден, күнделікті тәжірибеден көріп жүргеніміздей, мектепті бітіре сала шет елге кеткен балалар көп жағдайда жат ағымның шылауына ілігеді. Сондықтан, жас ерекшелігіне талап қойылуы керек. Өйткені, өзге елде оқып келгендер діни біліммен бірге, өзге халықтың тұрмысын, салт-дәстүрін қоса сіңіріп келеді. Осыдан кейін өз елінің, ұлтының дәстүріне, болмысына, тарихына менсінбеушілікпен қарау жағдайы көбейеді.

Назерке ЖЕТПІСБАЙ,

Алматы қаласындағы Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің түлегі, дінтану маманы:

Шала  сауаттылар шатастырады

– Қазір шет елдің белгісіз оқу орнын ортасынан тастап кетіп, аяқталмаған білімімен қазақ жастары арасында насихат, уағыз жүргізетіндер көбейіп кетті. Мұның соңы адасушылыққа әкеліп соқтыруда. Талқыдағы заңда шет елдерде діни білімін жетілдіремін деушілерді арнайы тіркеуге алуды қарастырсақ, жат ағымдармен күресте нәтиже әлдеқайда жақсырақ болар еді. Тіпті, талапкерді өзге мемлекетке жіберуді «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетіне міндеттеп қойсақ та артық етпейді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен мүфтият төмендегі шетелдік

оқу орындарында білім алуды ұсынады:

1) «Әл-Азһар» университеті, Египет Араб Республикасы, Каир қаласы;

2) Стамбул университеті – Түркия Республикасы, Стамбул қаласы;

3) Мәрмара университеті – Түркия Республикасы, Стамбул қаласы;

4) Анкара университеті – Түркия Республикасы, Анкара қаласы;

5) Сельчук университеті – Түркия Республикасы, Конья қаласы;

6) Хасеки университеті – Түркия Республикасы, Стамбул қаласы;

7) Ташкент Ислам университеті – Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласы;

8) Ресей Ислам университеті – Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қазан қаласы;

9) Мәскеу Ислам университеті – Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы;

10) Малайзия халықаралық Ислам университеті – Малайзия Республикасы, Куала-Лумпур қаласы.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нурбейбит

    Дін мәселесі расымен де өткір тұр. Шеттен келген кім екені белгісіз біреулерден ілім алып келіп, оны қазақстандық жастар арасында таратуда. Заңмен тезірек тыйым болса, дінді ойыншыққа айналдырып жүрген ағымдармен күресте нәтижелерге жетер едік

  2. Айнур Асланкызы

    Казир жастар арасында неке де ойыншыкка айналып кетти гой. «Талак» деген созбен талай кыздан тагдыры кор болуда. Менинше, осы мәселе ге заңмен шектеу керек

  3. Гулмира

    Мақала жақсы, нақты ойы бар. Бірақ, неге барлыгы бүркеме түрде айтылады? ИГИЛ-де жүрген кімдер? Олардың аты-жөні, суреттері, нақты мәліметтері қайда? Неге біз барлығын ашық айтпаймыз? 29 атыраулықтың тізімін ашық жазса, тіпті, әкімге келген ананың да аты жөнін толық жазса, кімнің кім екенін біліп жүрер едік.

  4. Гулмира

    Меніңше әлгі ИГИЛ-де жүргендерді тез арада азаматтығынан айыру керек. Және оның нәтижелері халыққа ашық айтылуы керек.