Берекедегі базаның иесі кім?

23643898082499597 9cca Жаңалықтар

Atr.kz/30 шілде, 2019 жыл. Береке ауылы маңында орналасқан өндірістік базадағы бөшкелер көпшіліктің талқысына түсті. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланған суреттер мен бейнежазбаға қатысты жұртшылық арасында түрлі пікір туындап, сан алуан болжамдар айтыла бастады. Ал, шын мәнінде, бұл нысанның иесі кім? Қоршаған ортаға келетін қауіп бар ма?

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба мен суреттерден арнайы қоршалған кең аулада құлыпталған бірнеше гараждар орналасқанын анық байқауға болады. Онда елуге тарта бөшке мен белгісіз қапшықтар ашық күйде жатыр. Кейбірінен жерге май қалдықтары төгілген.

Қоғам белсендісі Арман Хайруллин әлеуметтік желіде:

«Маған жасырын тұлғадан түскен суреттерде аммоний хлоры, көмірсутек (мұнай) негізіндегі эмульгатор аттары жазылып тұр. Соңғы төрт күнде Атырауда екі рет нөсер жауын құйды. Бөшкелер мен қаптардағының құрамын жер асты сулары шайып жатуы мүмкін. Себебі, территорияда бетон жабынды атымен жоқ. Ал, 300 мыңнан астам Атырау халқы үшін Жайық өзені – жалғыз су көзі. Біз осы суды ішіп отырмыз…» деген жазба қалдырған.

Десек те, бұл нысан иесіз болмай шықты. Облыстық экология департаменті мамандарының дерегіне сүйенсек, бұл нысан мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін «Нефтегазовый сервисный Альянс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік базасы көрінеді. Мұндағы негізгі тауар – химиялық реагенттер. Яғни, ұңғымалардың қуатын арттыруға қажетті өнімдер бөшкелерде сақталады.

Мамандардың түсіндіруінше, жабық күйінде сақталған химиялық заттың қоршаған ортаға ешқандай залалы жоқ. Дегенмен, сұйықтықтың төгілу деректері анықталған. Қазір арнайы сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Табиғатқа келтірген зияны анықталғаннан кейін тиісті шаралар алынбақ.

Жалпы, бұл мәселеге орай облыстық полиция департаменті және басқа да құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз