Белгілі шоумен Нұрлан Қоянбаев президент сайлауына қатыса ма?

9915675 Жаңалықтар

Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. Есен Елеукен шоумен Нұрлан Қоянбаевтың президент сайлауына қатысатынын жоққа шығарды.

«Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен продюсер, тележүргізуші және шоумен Нұрлан Қоянбаев сайлауға түседі деген ақпарат жалған екенін мәлім етті, деп хабарлайды Sputnік Қазақстан тілшісі.

Осыған дейін әлеуметтік желіде «КВН одағы» қоғамдық бірлестігі Нұрлан Қоянбаевты президенттікке үміткер ретінде Орталық сайлау комиссиясына ұсынғаны туралы хабар тараған.

«Бұл өтірік ақпарат. Мұндай ұсыныс бізге түскен жоқ», – деді Есен Елеукен.

Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров Нұрлан Қоянбаевтың кандидатурасына қатысты өтініш түспеген айтты.

«Бізге мұндай ақпарат келіп түскен жоқ. Егер кез келген азамат қандай да бір қоғамдық бірлестік атынан ұсынылатын болса, ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында қарастырылады», – деді ол. 

Нұрлан Нұғманұлы Қоянбаев 1979 жылдың 19 шілдесінде туған. Қазақстандық продюсер, тележүргізуші және актер. «Казахи» және «Астана.kz» КВН командаларының капитаны. Qazaqstan телеарнасындағы «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» телебағдарламасын жүргізді.

«Бизнес по-казахски», «Бизнес по-казахски в Америке», «Каникулы в Таиланде», «Бизнес по-казахски в Африке» фильмдері мен «Үзілмес үміт» телехикасында басты рөлдерді сомдап, бас продюсер болған.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Украина президенті сайлауының екінші туры өтіп, оған Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенко мен шоумен Владимир Зеленский қатысты. Сайлау бюллетеньдерінің жартысы өңделіп, Зеленскийдің рекордық көрсеткішке қол жеткізгені белгілі болды. Ол сайлаушылардың 73% дауысына, Порошенко 24,66% дауысқа ие болған. Орталық сайлау комиссиясы Украина президентінің есімін 1 мамырдан кешіктірмей жариялауы тиіс.

Қазақстанда президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз