Bek Air ұшағының екінші ұшқышының жағдайы белгілі болды

11 Жаңалықтар

Atr.kz/27 желтоқсан, 2019 жыл. Алматыда апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші ұшқышының жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

54 жастағы Миржан Мулдахунов № 4 ауруханаға жеткізілді. Ұшқыш жабық ми жарақатымен түсті. Миы шайқалған, сол жақ беті мен шүйде тұсы жыртылған. Кеуде тұсы ауыр соққы алған. Ал әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза болды.

«Таңнан бері жедел жәрдем біздің ауруханаға 19 адам жеткізді. Олардың 11-інің жағдайы өте ауыр болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда 6 пациентке шұғыл ота жасалды. 8 адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. 2 адам, өкінішке орай, қайтыс болды. Басқаларының өмірі үшін күресіп жатырмыз», – деді № 4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова.

Оның айтуынша, емханада штаб құрылды. Пациенттердің туыстарымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз