«БЕЙБАРЫС» – ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ (толықтырылған нұсқа)

IMG 6206 11 04 19 10 47 1 Жаңалықтар

Atr.kz/ 15 сәуір, 2019 жыл.  Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатындағы плей-офф кезеңінің финалдық ойындарында астаналық «Номад» командасымен чемпиондық атаққа таласып жүрген  атыраулық «Бейбарыс» командасы өз алаңындағы кезекті матчтың овертаймында  4:3 есебімен жеңіске жетіп, 2018-2019 жылғы маусымда чемпиондық кубокты иеленді.

Осыған дейінгі ойындарда Владимир Клинга жаттықтыратын «Бейбарыс» хоккейшілері Нұр-Сұлтан қаласының ойыншыларын  үш ойында жеңіп, ал, «Номад» командасы бір рет қана мұнайшылардан басым болған еді. Бәсеке қорытындысы бір команданың төрт жеңісімен шешілетін болғандықтан, жерлестеріміз Атырау мұз айдынында өткен ойынға барын салды.

Бірінші кезең басталысымен-ақ,  шабуылды үдеткен қонақтар 2-ші минутта атыраулық қақпашы Артем Микушиннің осал тұсын тауып кетті. Шайбаны Евгений Королинский салды. Әп-сәтте абдырап қалған мұнайшылар біразға дейін өздерінің қалыпты ойын дағдыларына түсе алмай, тек  9-шы минутта ғана атыраулық қорғаушы Денис Макаров таблодағы есепті теңестірді.

Үзілістен соң ойындағы басымшылық толығымен «Бейбарыс» хоккейшілерінде болып, олар екінші кезеңде тағы екі рет қонақтардың қақпашысын қапы қалдырды. Алғашқысында  Евгений Чемирилов (25 минут) жерлестерімізді алға шығарса, артынан Альберт Вишняков (34  минут) есепті еселеді.

Үшінші кезеңде жерлестеріміз жеңістің жеңсік дәмін сезінгендей босаңсып сала бергені сол еді, қапыны аңдып тұрған қонақтар қатарынан қақпамызға екі шайба соғып (Асетов, 51; Лакиза, 57;) есепті теңестіріп кетті. Кездесу тағдыры қосымша қосылатын 20 минуттық овертаймға тірелгенде, атыраулықтар қол созым жерде тұрған жеңістен айырылмауға тырысып, бірден шабуылға кірісті. Жинақы әрі жойқын шабуылдар нәтижесінде ойынның 67 минутында жерлесіміз Евгений Жареновтің берген тамаша пасын  шабуылшымыз Евгений Дерябин қақпаға дәл бағыттап, ойынның әрі чемпионаттың тағдырын шешіп берді.

Осылайша, 2011, 2015, 2016 жылдары ел біріншілігінде жеңімпаз болған атыраулық «Бейбарыс» хоккейшілері өз тарихында төртінші рет Қазақстан чемпионы атанып отыр.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз