Бас редактордың шеберлік сағаты

ngg Жаңалықтар

Atr.kz/2 қазан, 2019 жыл. Соңғы жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі арасында тығыз әріптестік байланыс орнықты. Журналистика бөлімінде оқитын студенттерге өңірдегі тіс қаққан кәнігі қаламгерлер мен облыстық «Атырау» газетінің тәжірибелі журналистерінің де дәріс беру дәстүрі қалыптасты.

Оқу орнымен арада жасақталған келісімшарт бойынша медиамектеп ашылды. Мұнда студенттердің практикалық сабақтары, өндірістік тәжірибелік оқулары өткізіледі.

Университеттің журналистика кафедрасы тренингтер мен семинар сабақтарын, шеберлік сағаттарын танымал журналистермен өткізу арқылы болашақ мамандардың осы кәсіпке деген қызығушылығын арттыра түсуге жағдай жасап отыр. Жұма күні серіктестіктің баспасөз орталығында оқу орны табалдырығын биыл аттаған 46 студентке ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов қоғамдық сананы қалыптастырудағы журналистиканың орны мен рөлі, телеарна мен газет редакциясындағы жұмыстың айырмашылығы, осы кәсіпті меңгеруде кадрларға қойылатын талап пен жауапкершілік төңірегінде ой өрбітті.

Өзінің қырық жылға жуық жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, еркін форматта сыр-сұхбат өрбіткен бас редактордың әсерлі әңгімесіне зейін қойған бірінші курстықтар өздерін қызықтыратын сауалдарға да нақты, әрі тұшымды жауап алды. Бір таң қаларлығы, өз болашағын журналистикамен байланыстыруға ниетті бұл жастардың 95 пайызын нәзікжандар құрайды.

Журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор Мәншүк Мұқашеваның айтуынша, биыл оқуға қабылданғандардың арасынан 9 студент – мемлекеттік грант иегері. Университеттің, қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсене қатысып жүрген жастар да баршылық. Мәселен, бірінші курс студенттері – Ақбаян Алпысбай Жұмекен оқулары қалалық байқауының бас жүлдесін қанжығаласа, Тілдер мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған Абай мен Пушкин өлеңдерін мәнерлеп оқу оқушылар сайысында Данияр Мұхтарғалиев бірінші, Айдана Сатымова үшінші орынға ие болды. Ал, студент Саябек Ерғалиев Алғыс хатпен марапатталған.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз