Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?

8 Жаңалықтар

Atr.kz/30 қараша, 2019 жыл. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».

Бұл соңы жалпыұлттық бағдарламаға ұласқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Расымен де, біз батырлар жыры, ертегі атаулының балалардың қалыптасуына бағыт көрсететін рухани азық екендігін ұмытпауымыз керек. Осыны әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыздың жыршылдық пен шешендік өнерді балаға кішкентайынан дарытқан тамаша философиясын заманауи үлгіде жалғастыру керек ақ. Бірақ, қазіргі картина қандай?

«Бад бэйбидің» бәлесі


Телефонға телмірген ұрпақ келеді көз алдыңа. Мейлі автобус, мейлі көше, мейлі кафе барлық жерде телефон сұрап жылаған бала. Және бұл қазақтың әр шаңырағында күнделікті қайталанып жатқан көрініс.
Оған етіміз үйреніп кеткені сонша, сәби тыныш болсын деген оймен оның сұраған түсініксіз видеосын өзіміз іздеп, қосып беретін болдық. Бір қарағанда, керемет ақ тәсіл. Бала бірден тыныштанады. Сәби жыламай отырған соң, сіздің де жаныңыз рахатқа батады. Бірақ, осындай виртуалды әлемнен алып жатқан «тәрбие» кішкене бүлдіршіннің санасына қалай әсер етеді? Осы жағын ойланып көрдік пе екен?
Еуропалықтардың жер бетінде мүлде болмаған, ойдан шығарылған сан түрлі кейіпкерлері қазір «бад бэйби» деп басталатын «You tube» видеоларын жаулап алды. Берісі 500 мың, әрісі 6 миллионға дейін қаралым жинайтын видеолар сиқырын қанша ізденсек те, қабылдай алмадық. Бірақ, балалар санасын баурауы мүмкін себептер қатарында, қандай қитұрқы жағдайда болмасын қолданылатын арнайы эффектілердің тұруы ғажап емес. Ал, көп жағдайда қатыгездікке баулитын мұндай видеолардың психотроптық әсері туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып.
Психологтар дұрыс айтады. Бала сіз бен біз ас үйде жиі пайдаланатын губка іспетті. Нені көреді, нені естиді, сана соны қабылдайды. Оның ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын анықтап жату үшін, сәби сана өсуі керек.


Айғаным, Зере әжелердің құпиясы


Тарихқа қарап отырсақ, қазақ халқының бала тәрбиесінде қолданған әдіс-тәсілдерінің, тіпті күнделікті өмір салтының тұнып тұрған халықтық педагогика екендігін көруге болады. Еуропаға жол салған Шоқан Уәлихановты, мәңгі өлмейтін дала философиясының негізін қалаған дана Абай Құнанбаевты кезінде Айғаным, Зередей әжелеріміз ертегімен, батырлар жырымен сусындатып, тәлім-тәрбие берген. Әділдікті қақ жарған билерден, атағы жер жарған даңқты батыр, қолбасшы, ғұлама адамдардан балаларына бата алғызған. Бата алу үшін, ат жалын енді тартып мінген жас талай күн, талай түн жол жүріп, межелі жерге арнайы баратын болған. Үлкендер жиындарға баланы ертіп жүріп, жыр-қиссаларды тыңдатып өсірген. Осылайша, күнделікті өмір салтымен үзілмей жалғасқан халықтық тәрбие қазаққа арысы Сүйінбай, Ыбырай, берісі Халел, Әлихандай дараларды сыйлады.
Адамның адам болып қалыптасуы бала жастан бойына сіңірген тәрбиеге тікелей байланысты екенін тарихтың әлдеқашан дәлелдеп тастағандығына тағы бір мысал келтірелік. Қарап отырсаңыз, атағы әлемге жайылған танымал тұлғалардың дені жетістікке жетудің сырын бала күнгі армандарымен ұштастырады. Мәселен, Троя қаласын құм-топырақтан аршып алып шыққан әйгілі Генрих Шлиманды ынталандырған дүние – бала кезінде анасы айтқан ертегі екен. Сол ертегіні тыңдап, Трояны көзбен көруді армандаған бала Генрих ғалым атанған тұста да мақсатынан қайтпай, қаншама мазақ пен азапқа төзе жүріп, көздегеніне жетті. Топырақ астында қалған құнды жәдігерді адамзат игілігіне қайтарды…


Ертегі терапия


Енді сол тағы да психологтардың айтқанына жүгінсек, ертегі тыңдап өскен бала алдағы өміріне бағыт қалыптастырады екен. Бала ертегі кейіпкерлерінің тұлғасына қарап, бой түзейді. Осыны ескерген Еуропа елдері, тіпті, көршілес Ресей ертегі терапиясына мән бере бастады. Ерекше тәрбие үлгісін олар балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолдануда. Сол сияқты, батырлар жыры да тарихтың бір бөлігі, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша ілім. Орыс зерттеушілерімен бірге, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев сынды кейбір қазақ ғалымдары эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек еткен.
«Ертегілермен қоса, лироэпостық жырларды ұрпақ тәрбиесіне байланысты қолдануымыз керек. Өзіміз жиі сынға алатын айырқалпақты ағайындардың, яғни, Қырғыз елінде екі баланың бірі Манас жырын жатқа айтады. Асылында, қызық оқиғаға қызықпайтын бала жоқ. Демек, балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында бала тәрбиесіне батырлар жыры мен эпостарды пайдаланудың тың тәсілдері керек. Мысалы, «Қобыланды» жырындағы Құртқа – батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Батырлығымен басқаларға үлгі болған кейіпкерлерді мультфильмге айналдырсақ, біздің балаларымыз «Өрмекші адам» болуды емес, шынайы батыр болуды мақсат тұтар еді» дейді тәжірибелі психолог Мөлдір Әлімжанова.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Әния ЕРМАҒАНБЕТОВА, ұстаз:
«Маша мен аюды» басатын кейіпкер жоқ

  • «Қазіргі кішкентай балалар «Маша мен аюды» қарайтын болды. Олардың орнын басатын кейіпкерді таппай отырмыз. Біздің Ер Төстігіміз, Исатай–Махамбеттеріміз қайда? Бүгінгі ұрпақ жырауларды, күй-термелерді қажетсінбейді» Демек, осы дүниелердің қажеттілік екенін дәлелдейтін технология табуымыз қажет.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз