«Бұл – менің тағдырым…»

homeless 2532754 1280 Жаңалықтар

Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. …Ол орталық көшелердің бірінде үнемі қайыр сұрап отырады. Сақал-мұрты өскен, жаманжәутік киген оны кезінде тәуір қызметте істеген, әйелі мен бала-шағасы болды деуге сену қиын.

− Біздің ауылдың адамы. Мықты есепші болыпты. Әп-әдемі әйелінен өзі ажырасып, бес баласымен тастап кеткен көрінеді. «Жүргіш болған» дейді жұрт. Ендігі сиқын қарашы! «Табысына» арақ алып ішеді, – деді бірде танысым.

Бүгінде бәріміз куә болып жүргендей, түрлі себеппен сүрініп кетіп, бұзылып жүрген осындай тағдырлар қаншама?! Айталық, «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» КММсіне жыл ішінде жүзге тарта кісі келіп түседі. Олардың бәрінің дерлік құжаты, нақты тұрағы, болмаса тіркелген мекен-жайы болмайды. Дерексіз жанның отбасын, жанашырларын, тума-туыстарын табу да оңай емес көрінеді.

Үстіміздегі жылдың алты айында аталған орталыққа 37 адам қабылданған. Үшеуіне құжат рәсімделген. Төртеуі жұмысқа орналастырылып, біреуі туған жері – Ақтөбеге жіберілген. Екі кісіге – жасына байланысты зейнетақы, біреуіне әлеуметтік жәрдемақы, ал, төртеуіне мүгедектік тағайындалған. Бірінші және екінші топ мүгедектері енді Қарттар үйіне жеткізіледі.

− Қысы-жазы көрінген жерді паналап жүрген кісіде қайбір саулық бола қойсын?! Біздің мекемеге зорға жетіп, шамалыдан соң жантәсілім ететіндер де баршылық, – дейді бізбен арадағы әңгімеде орталықтың директоры Өміржан Жұманиязов.

– Іште осындай төрт адам қайтыс болды. Біз олар туралы полицияға, «жедел жәрдемге» хабарлаймыз. Жасыратын несі бар, осындай тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың көбі – өзіміздің қаракөз ағайындар. Олар бастарына түскен сан түрлі қиындықты «ащы судың» күшімен ғана жеңілдеткілері келеді. Ал, оның ақыры, міне, мынадай…

Осындағы белгілі тұрағы мен құжаты жоқ жанның ең үлкені 75 жаста болса, ең жасы 19-да. Олармен психолог пен еңбек терапиясы маманы жұмыс жасайды. Барар жері жоқ жандар бұл орталықта бір жыл тұра алады.

Мұндағы «Түнде болу бөлімшесі» де бос болмайды. Бір түнде 9-11 адамнан түнеп шығады. Бір қызығы, пенде өзінің өмірінде кездесетін қиындық атаулының бәрін бір-ақ ауыз «ТАҒДЫР» сөзіне ысырып салуға құмар. Сөйтсе, өзінен бар жауапкершілік алынып тасталатын тәрізді. Отбасынан ажыраса да, жұмыстан қысқарса да, ұрлық-қарлық жасаса да, біреуді жәбірлесе де – соның бәріне сол баяғы тағдыры «кінәлі».

Бірде аталған орталық әкімшілігі бұқаралық ақпарат құралдары мен көші-қон полициясы арқылы құжаты мен тұрағы жоқ адамдар туралы хабарлама жариялайды. Арада шамалы уақыт өтер-өтпесте өздеріндегі Д. деген азаматты туған балалары іздеп келеді. Олар – әкелерін, ал, үлкен кісі балаларын тапқанына мәз болады. «Жұмыс барысында осындай да көңіл жұбатар көріністер болып тұрады» – дейді Өміржан Саясатұлы бізбен арадағы әңгімеде. Тек ол біренсаран жағдай ғана.

Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз