Бүгінгінің БЕТАШАРы бұрынғыдан БАСҚАша

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Рухани жаңғыру

Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Шыны керек, бүгінге дейін беташардың той үстінде орындалатынына бәріміз куәміз. Яғни, жаңа түскен келіннің беті өзі табалдырығын аттаған шаңырақта емес, зәулім той сарайлары мен мейрамханаларда ашылады. Ол аздай, бұл рәсімнің күндіз емес, түнгі мезгілде орындалып жүргені рас. Беташардың бұлайша өзгеруіне не себеп? Дәстүрді қайтсек жаңғыртамыз?

Бұдан басқа, бұрынғы ұзын ақ орамалдың орнын қазір бедерлі фата басып алды. Бұл аз десеңіз, рәсімді орындайтын жалдамалы арнайы топ немесе асаба беташардың мәтінін эстрада жанрына салып, сұйық сөзбен сылдырата айтып шығады. Келіннің бетін қазақтың киелі домбырасымен емес, көп жағдайда қолымен аша салатындарды да жиі көріп жүрміз. Мәні мен мағынасы жоқ, тек ұйқас қуып шығарылған мәтінмен беташарды орындап жүргендер бар.

Келіннің ата-енесінен бастап, қайнаға, қайнапа, нағашы, жиен, бөле, құдақұдағай секілді барша ағайын-туысты түгендеп жырға қосқаны өз алдына, көрші-көлем, ұжымдас, достарды ұзынсонар тізбекке енгізіп, келінге оларға да сәлем салдыртады. Жас жұбайлардың достары мен құрбы-құрдастарына иіліп, сәлем салдырудың мәні мен маңызын қанша ойласақ та біз ұғына алмадық. Сайып келгенде, мұның бәрі ортаға қойылған көрімдікке арналған қоржынның ішін ақшаға толтыру ма деп болжадық?!

Қасиетті салттың қадірін қашырмайық!

Осындай олқылықтардан кейін «беташар» деген қасиетті ұғымның қадірін жоғалтып алдық па?» деп алаңдаймыз. Бағзыдан келе жатқан бұл дәстүріміздің бұрынғы орындалысы қалай еді? ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиұлының айтуынша, беташар – өзінің туған отауынан ата-анасының ақ батасын алып, жаңа босағаны оң аяғымен аттап кірер алдында жасалатын қазаққа ғана тән ғұрып.

– Негізінен рәсім екі бөлімнен тұратын. Алдымен, домбырасын қолына алып, әуелете әнге салып ақын жыр шашумен жас келінді жаңа жұртымен таныстырады. Екінші бөлімінде ауылдың үлкендері құнды өсиет айтып, мәнді де мағыналы мәліметтер беретін. Беташар мәтінінің сөзі терең, ойы қорғасындай салмақты еді. Сөз қадірін биік қойып, оның әр сөйлеміне ерекше мән берілетін. Сондай-ақ, рәсім келін табалдырық аттаған күні жасалып, оған ет-бауыр жақындары мен туған-туыстары ғана қатысқан. Кенен Әзірбаев әдемі жырымен келінінің бетін өзі домбырамен ашқан.

Бүгінде сол өлеңнің төрт-бес шумағы ғана эстрада жанрына салынып айтылып жүр. Оны да бүгінгінің «ақындары» жаттанды, жасанды дауыспен айтатынына қынжыламыз. Еш келістік жоқ. Мұның бәрі – өзімізді келеке ету, салтымызды аяққа таптау. Қазір тойлардағы «беташар» рәсімі тек әншейін «спектакльге» ғана айналды, – дейді дәстүр жанашыры.

Айта кету керек, келіннің келуі барша жекжаттарға, достарға ортақ қуаныш болғанымен, бұл – негізінен сол әулетті таныстыруға ғана арналған салт. Ал, басқа ағайын отыз күн ойын, қырық күн тойында қуанышқа ортақ болады. Беташар айтқан жігітке атымтай жомарттары ат мінгізіп, қасқыр ішік, түлкі тымақ беріп құрмет көрсетсе, басқалары да қал-қадірінше жоралғы жасап, мәре-сәре болып жатады екен. Ал, қазір сананы тұрмыс билеген мынау заманда салтымыз да қою тұманның ішіне сіңіп кеткендей.

Көршілерде қалай?

Бүгінде беташар жыры әр жерде әртүрлі айтылып жүр. Бұл дәстүр еліміздің оңтүстік өңірлерінде келін шаңыраққа түскен уақытта орын далады. Ең жақын туыстары ғана қатысып, сол күні әулетте кішігірім той өтеді. Екі абысыны келіннің екі жағынан ұстап, ата-енесінен бастап, үй ішіне сәлем салдырады. Көрімдік берушілер ақшаларын қоржынға салады. Рәсімнен кейін дәстүрлі әндер айтылып, дастархан басында ақсақалдар мен ақжаулықтылар терең мағыналы, ғибратқа толы әңгімелер айтады. Ал, ұлан-асыр тойды әркім қал-қадірі жеткенше көп ұзатпай жасайды. Көршілес Ақтөбе облысында рәсімді кейбіреулер күндіз шаңырақта өткізгенімен, беташар жырында барлық адамның атын атап, түсін түстеп жырлайды.

Ал, біздің аймақта үлкен тойдың үстінде келіннің бетін ашып жатамыз. Оған дейін келінді үйге әкеліп, кемінде бір-екі апта немесе екі-үш айды араға салып жіберетініміз де бар. Бұл уақытта келіннің бетін көрмеген адам қала ма? Жуырда Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылының Жеңіс-Баян есімді ақсақалды мен ақжаулықтысы немересі отау құрарда беташар рәсімін түскі уақытта арнайы жасап, әдемі салттың ерекше көрінісін көрсетті. Шақырылған қонақтар да сол әулетке қарасты ағайынтуыстардан құралды. Қазағымның осынау дәстүрі бүгін бір отбасында жаңғырса, алдағы уақытта өзгелер бұдан үлгі алып, мыңдаған отбасы да бет бұрады деп сенеміз.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, бұрынғыдан қадірлі саналатын беташардың қазақтың әр жерінде әрқалай орындалуы жөн бе? Қазақ – қашан да қай жерде де қазақ. Оның салты да бір болуы керек. Ендеше, той салтанатындағы беташарды өзімізше «дамыта» бермей, оның кешегісіне көз тастап, бүгінгісін бағамдап, болашағын да ойласақ игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

*Сіз не дейсіз?

Мақсот ИСЛАТ, асаба:

– Жасыратыны жоқ, қазір беташардың орындалысында еш мән қалмады. Оның құндылығы жойылып кетті. Қазір асабаның бірқатары беташарды эстрадамен ашқанды жөн көреді. Мен эстрадамен беташар айтпаймын. Той иелері ұсынса, оны домбырамен орындап жүрмін. Әулет туралы ақпаратты алдын-ала алып, шама-шарқым жеткенше жырға қосамын. Жоғалып бара жатқан бұл дәстүрімізге шынымен әркімнің жоқшы болғаны жөн-ақ. Той ұйымдастырушылар мен асабалар бірігіп, рәсімді жүйелі жолға қойғанымыз абзал.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *