Бүгін Атыраудан «Менің Қазақстаным» поезды аймақты аралауға жолға шықты

Жаңалықтар

Atr.kz/9 желтоқсан, 2019 жыл. Атырау темір жол вокзалында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық корпорациясы АҚ «Атырау облыстық магистральдік желі бөлімшесі» филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 28 жыл толуына орай «Менің  туым, менің Отаным» атты патриоттық акция өз бастауын алды.

Осы акция негізінде вокзал перонынан «Менің Қазақстаным» атты ақпараттық үгіт-насихат поезды аймағымызды аралауға жолға шықты.  

Мемлекеттік Туды кеңінен насихаттау және қазақстандық жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыруды  мақсат қылған акция республикамызда 2019 жылдың 13 қазанында Алматы қаласындағы «Медеу» биік таулы спорт кешенінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен басталған еді.Енді осы игі акция өз жалғасын мұнайлы өңірімізде тауып, қасиетті туымызды қастерлеген шараның салтанатты ашылуында  «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Лесқали Бердіғожин, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық корпорациясы АҚ «Атырау облыстық магистральдік желі бөлімшесі» филиалының директоры Елубай Сапаровтар сөз алып, олар Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның қасиеттілігін келешек ұрпақтың санасына сіңіру біріміздің азаматтық парызымыз екендігін айтты. Мемлекеттік рәмізге деген құрметіміз – елге деген сүйіспеншілігіміздің жарқын көрінісі болып табылатындығын жеткізді.

Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев «Менің  туым, менің Отаным» атты патриоттық акциясының эстафетасын  «Қазақстан темір жолы» Ұлттық корпорациясы АҚ «Атырау облыстық магистральдік желі бөлімшесі» филиалының директоры Елубай Сапаровқа табыстады.

Көк байрағымызды желбірете қозғалған үгіт-насихат поезд аймағымыздағы барлық елді мекендерді үш күн бойы аралай жүріп шойын жол бойының тұрғындарына ақпараттық ағарту және медико-санитарлық сипаттағы жұмыстар жүргізіліп, спорттық шаралар мен концерттік бағдарламалар өткізілетін болады.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *