Қазақтың алғашқы құрылтайы қайда өтті?

666264 Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлы даланың  жеті қыры» атты ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастаған мақаласын оқып, жанарыма жас іркілді. Ата-бабаларымыздың қолы қорамсада, аяғы үзеңгіде, ат жалында ғұмыр кеше жүріп, қанымен қорғаған Ұлы даланың тарихын жоқтайтын мезгілдің жеткеніне қуандым. Екі «халық жауының» немересімін. Мамандығым – заңгер. Кеңес дәуірін дәріптеген кезеңде, «кемелденген социализм» тұсында білім алып, қызмет атқарсам да бала кезімнен аталарымның, әкемнің  санама сіңіріп кеткен шынайы қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, ғұрып-салтын, бастарынан өткізген қуғын-сүргіннің  азабын  ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Әріден сақталған отбасылық мұрағаттар мені ұлт құндылығының кәусарынан сусындатты. Осыған байланысты мақала, дастан, баллада, әңгімелер, өлеңдер де жаздым.

666264

Елбасының  Ұлт тарихын  ұлықтап, адамзатты мойындатуы – әлем ғалымдарының назарын аударатын Ұлы тарихтың бастауы деп білемін. Ұлт тағдыры толғантқан Елбасына, пікір білдірген тарихшылар, қаламгерлер мен зиялы қауымға, тарихи сананың қайта жаңғыруына ықылас білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз. Сібірден елге келіп он жыл өмір сүрген уақытында МҚК-нің (КГБ) көз қырында болған «халық жауы» атам Балапан Ақжанов өлерінен бір жыл  бұрын (1969 ж.) жасырын түрде екі жерге барып тәу етіп, тағзым жасағаны  он төрт жастағы менің санамда мәңгі қалды. Олар: үш жүздің басы қосылып 1710 жылы     Қазақтың алғашқы құрылтайы өткен қос төбе – «Құлжұмыр – қасқатөбе» де, екіншісі өзінің аяулы жары, репрессия құрбаны Зейфун ханымның мүрдесі жатқан жер еді. Оны    бір-жар адам ғана білсе де МҚК-нің (КГБ) агентіне жауап беруге тура келген. Сол, қос төбе «Құлжұмыр – қасқатөбе» Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының қиылысар тұсында орналасқан. Қазір ол аймақтан «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы өтіп жатыр.

Құба жон, қоңыр белдің қос төбесі,

Ұлы дала жүрегі – мәртебесі.

Үш жүзден ту тігіліп, кеңес өткен,

Хан, қараша, билердің  ол – елесі.

«Құлжұмыр–Қасқатөбе»  ұрпақтардың,

Тарихтан тағылым алар бір белесі.

Білек тіліп, қан қосқан асылдардың,

Жанын қиып қалдырған несібесі,

Қайғы жұтқан халқынан бата тілеп,

Құрбандыққа шалынған боз биесі.

Жоңғардың  езгісінен кек алынып,

Мезгіл жеткен күйрейтін керегесі.

Бөкенбай қол бастаған – батырлардың,

Кеудесінен атылған кек жебесі,

Қолдарында айбалта, қылыш-найза,

«Аруақ», – деп буылды бел кісесі.

Үш ғасыр қасқаланған «Қасқатөбе»,

Қазақтардың көз жасы hәм киесі.

Екі айырылған: бір жағы шөп-бұталар,

Тік биік, аппақ шағыл бір шүйдесі.

Кім біледі, бәлкім ол, адал жерде,

Қиылған  Күн мен Түннің ақ некесі.

Арқа тұсы астасқан жорықтарда,

Ұлытаудың Бұланты-Білеутісі,

Әскер жинап үш жүзге тіреу болған,

Кіндік-кие қазақтың қос төбесі.

Атыңнан айналайын, «Жұмыр-Қасқа»,

Ұлы дала жүрегі – мәртебесі!

(*кісе – керек-жарақ салу үшін белге байланатын белбеу)

Дәреже  НӘБИҚЫЗЫ,

             заңгер,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті .

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз