Қазақ елі десе, құстай ұшамын

Сүлеймен ШАДКАМ Жаңалықтар

Сүлеймен ШАДКАМ,

дүниежүзi қазақтары қауымдастығының

Германиядағы филиалы төрағасы, кәсіпкер

Сүлеймен ШАДКАМ

Өзім Германияда тұрсам да, Қазақстанды сырттай қарап отырамын. Жетістіктерге көңілім толып, марқайып қаламын.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқи отырып, өзіме керек жерін түртіп алдым. Әсерленгенім сонша, мақалаға орай пікірімді білдіруді жөн санадым.

Қазіргідей техника заманында сенің қайда тұрып жатқаның маңызды емес, бәрін компьютер, телефон арқылы оқып, білуге болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолғы халыққа арнаған мақаласында негізінен рухани бағытта қалам тербеген екен. Әсіресе, «Туған жерге туыңды тік» деген сөзі ұнап қалды. Расында, туған жерге, ата-бабаның қасық қанымен, қиылған жанымен қорғалған ұлан-байтақ  жерге ештеңе жетпейді. Қасиетті мекеннің қадірін бәріміз бірдей біле бермейміз. Бірақ, өлкеден ұзағанда ғана оның мәнін түсінесің. Біздің ата-бабамыз қазақ жерінде туып, сол жерде қызмет еткенімен бір кездегі саяси көзқарастарға байланысты жер аударылып кеткен еді. Сондықтан, олар ұзақ жыл Иранда тұрақтап қалды. Біз де сол жерде дүниеге келгенбіз. Бірақ, әкеміз бізге көзі жұмылғанша қазақ екенімізді айтумен болды. Әке өсиетін екі етпей, анамды, бауырларымды Қазақ еліне әкелуге мүмкіндігім жеткеніне қуанамын. Қазір бұрынғыдай емес, Қазақстанға жиі келіп тұрамын. «Ағайынға келе жатырмын» деп ағымнан жарылып, құстай ұшып жетемін. Бұл сезімді басынан өткермегендер сезінбес. Елдегі қазіргі саяси тұрақтылық жақсы. Көптеген әлем елдерімен салыстырғанда Қазақ елінде береке, бірлік бар. Тәубе дейміз. Тіпті, өз кәсібін ашамын деушілерге, оқимын дегендерге де барлық жағдай жасалуда. Мен де Қазақстан алғаш егемендік алған тұста Германиядан Қазақстанға келген алғашқы кәсіпкерлердің бірі едім. Сөйтіп, бірнеше құрылыс компанияларын іске қосуға әлім жетті. Қазір Германия мен Қазақстанның екіжақты келісімі аясында кәсібім жақсарып, көптеген адамды жұмыспен қамтып  отырған жайым  бар.

Менің пікірімді оқып отырған оқырман «өзі қай елде тұрып жатыр екен» деп ойлайтыныны анық.  Өзім әзірге Германияда тұрамын. Келуге асықпаймын. Себебі, қазір менің Германияда тұрғаным дұрыс. Өйткені, Қазақстаннан емделуге, демалуға келетін қандастарым көп. Соларға көмектесемін. Көпшілігі тіл білмей келеді, үйіме қонақ етемін, көлігіммен апарып, алып жүремін. Осылайша, қоғамға титтей де болсын пайдамды тигізермін.

Бірақ, түбі ата-бабамның туған жеріне ораларым хақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз