«Қайырымдылық керуені» республикалық форумы үздіктерді анықтады

ZHomart zhannyi olyi ashyi Жаңалықтар

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Атырауда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында қайырымды ұйымдар, меценаттар мен донорлардың республикалық форумы болып өтті.

????????????????????????????????????

Тұңғыш Президент күнiне орай ұйымдастырылған  «Қайырымдылық керуенi»  республикалық форумы – қоғамда мейiрiмдiлiктi, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру мен қазақстандықтардың, солардың iшiнде балалардың, мүмкiндiгi шектеулi адамдардың тұрмысы мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған жоба.

2015 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш акцияға еліміздің түкпір-түкпірінен меценаттар мен қайырымды жандар жиналды. Аталған акция бойынша биылғы жылдың басынан бері елдегі мұқтаж 400 мыңнан аса азаматқа 11 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілген екен.

«Қайырымдылық керуені» форумының қонақтарын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко құттықтады.

– Ақ Жайық өңірінде ұйымдастырылып отырған форумға көпұлтты еліміздің әр аймағынан түрлі салада еңбек етуші жомарт жандар жиналды. Өткен жылы меценаттарды ынталандыру үшін арнайы «Жомарт жан» төсбелгісі тағайындалған болатын. Бұл марапат – меценаттық және қайырымдылық қызметін дамытуға сіңірген еңбегі үшін көтермелеу мен қоғамдық танудың белгісі. Қайырымдылық – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық жасау ежелден келе жатқан игі дәстүр екенін атап өтіп, ел азаматтарын бір-біріне қарайласуға, мейірімділік танытуға шақырады. Қазақстан халқы Ассамблеясы – этностар арасындағы достықтың ғана емес, болашағы біртұтас ұлттың ынтымағы мен берекесінің ұйытқысы, нағыз жанашыр отбасының үлгісі, – деген Леонид Андреевич қайырымды азаматтардың алғашқы тобына «Жомарт жан» төсбелгісін тақты. Олардың қатарында «BI Engineering» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Омаров, «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бибігүл Махметова болды.

????????????????????????????????????

– Жетімдер мен мұқтаж жандарға көмек беріп, қайырымдылық жасап тұру – қай халықта да бар адами асыл қасиеттердің бірі. Әр қадамның өзінің қайтарымы бар дегендей, жоқ-жітіктерге жасаған игілікті істеріңіздің қайтарымы болады. Атыраулық кәсіпкерлердің демеушілігімен соңғы жылда  әлеуметтік жағынан әлсіздер санатындағы 26 мыңдай адамға 5 млрд. теңгенің қайырымдылығы жасалды. «Жомарт жан» төсбелгісінің үлкен мағынасы бар – деді форум қатысушыларын құттықтаған аймақ басшы Нұрлан Ноғаев.

«Жомарт жан» төсбелгісіне «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-нің құрылтайшысы Ибрагим Ақдрашев ие болды. Танымал кәсіпкер Ақтөбе облысының «Алға» балалар үйінің 30 тәрбиеленушісін өз қамқорлығына алған. «Туған жер» бағдарламасы аясында  Мақат ауданының Доссор кентінен Адай ата қорымына дейін автокөлік жолын жүргізіп, «Атамекен» саябағындағы монументтік ескерткішін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Ибрагим Шияпұлының  қайырымдылық көмегінің жалпы көлемі 117 млн. теңгені құрайды.

Ал, Азиз Алиев Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына белсенді қатысып, жергілікті фольклорлық топтарға, ақындық үйірмелер мен халық театрына қаражатпен қайырымдылық көмек көрсетіп жүрсе, жезқазғандық Бекзат Алтынбеков «Кәсіптік бағдар және қашықтықтан оқыту орталығын» ашып, онда тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар тегін оқытылады. Талантты балаларға қолдау көрсетіп, олардың түрлі сайыстарға қатысуына қаржылық қолдау жасайды. Қайырымдылық қызметінің нәтижесі 140 млн. теңгені құрайды.

Түрлі аталымдар бойынша марапат иелері қатарында «Мүгедек әлемі» ұйымының жетекшісі Күлбаршын Нұржігітова, «Атырау – маленькая  страна» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ерлан Күмісқалиев, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова, меценаттар Әлібек Семғалиев, Андрей Кораблев, облыстық джиу-джитсу федерациясының басшысы Айбар Есенғалиев бар.

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз бар. Астарынан  адамгершілік аталатын ұлы ұғым есіп тұрғаны айтпасақ та белгілі. Оған қоса сауапты істі ұрпағының бойына сіңіруге тырысқан бабаларының жомарттық, мәрттік дағдысы да  ту көтерген.

Сіз не дейсіз?

Болат ОСПАНОВ, кәсіпкер (Қарағанды):

–  Қайырымдылық қанымызға сіңген қасиет қой. Өзіңнен артылған қаражатты айналаңдағы мұқтаждармен бөлісу – азаматтықтың белгісі. Өзім Қарағанды, Алматы, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстарының су мен сел тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына және 2013 жылы Маңғыстау облысындағы жазатайым оқиға салдарынан қиындыққа ұшыраған теміржолшылардың отбасыларына қаржылай көмек көрсеттім. Өзге әріптестеріммен танысып, олардың да игілікті істеріне қуанып тұрмын.

Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА, «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы (Атырау):

– Біз қайырымдылық саласында 16 жылдан бері жұмыс жасаймыз. Осы уақытта 35 жоба іске асырылды. Соңғы екі жылда ТШО компаниясының қолдауымен мүгедек жандарға қолөнер бұйымдарын тігуді үйреттік. Үкіметтік емес ұйымдар да атымтайдай азаматтарға арқа сүйейді. Ел арасындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылай қолдауға зәруміз.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз