Автобус неге кешігеді?

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Мәселе Қоғам

Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. Жылдың басында облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жағдайы біршама жақсарып қалған болатын. Қала ішіндегі маршруттарға қатынайтын автобустар мен газельдер тозығы жетіп, жүргендерінен тұрғаны көп болып, жолаушылардың жүйкесін әбден жұқартып жүргендіктен, жаңа автобустарды көргенде қуанғанымыз рас.

«Жол азабын жүрген білер» дегендей, баратын жерге жету үшін кемінде бір сағат бұрын шығып, оның 30-45 минуты жолға кетіп, межеге иек сүйеп қана үлгеретін болса, ендігі жерде жылдам барып, уақытты үнемдеуге де әбден болады ғой.

Бірақ, қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктің кілтипаны біте қоятын түрі жоқ. Сол баяғы ән. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…» дейтін кондуктор мен жүргізушіні көрмедік. Бұрын көліктердің аздығын, ескіріп, бұзыла беретінін сылтау ететін олардың жағдай түзелгеннен кейін де жолаушыларды межелі жеткізуге ынталы емес екені көп кешікпей-ақ сезілді.

Мәселен, Махамбет көшесі арқылы қаланың түкпір-түкпіріне баратын автобустар жүреді. «Авангард – Теміржол вокзалы – Авангард» бағытында жүретін №14 автобустар 5 минуттық интервалмен жүрсе, «Балықшы Теміржол вокзалы-Балықшы» маршрутындағы №2 автобустар бірі кетіп қалса, арада 20-25 минут уақыттан кейін ғана келесісі келетіні өкінішті. «№14 маршрутты бізге айтпаңыздар! Оларда машина көп, бізде аз» дейді кондукторлар шаптыға сөйлеп. Қазіргі таңда қалаішілік маршруттардың бәрі дерлік жаңартылды.

Мәселен, «СМП 163-Ескі Әуежай – СМП 163» бағытындағы №21, «Контейнер ықшамауданы – Водников – Ширинаға» жүретін №8 маршруттарында да жаңа автобустар. Алайда, «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалып отырғаны тұрғындарға қиындық тудыруда.

«Мен үнемі №14 автобуспен жүремін. Қызметіме баруға қолайлы. Бұл бағыттағы қоғамдық көліктің қызметіне ешқандай сын айта алмаймын. Тез жүреді, баратын жерге тез апарады. Ал, кондукторларға көңілім толмайтыны рас. Өте дөрекі, жұлқылап, жұлмалап, итергіштеп жатқандар көңілге қонбайды. «Тез, тез» деп айғай салады да тұрады.

Кейде үлкен кісілер түсе алмай жатады, балалы адамдар болады. Сондықтан, асықтырмау керек. Оқушыларға да ұрсып, жер-жебіріне жетіп жататынын көргенде, шыдай алмай ескерту жасаймын. Бірақ, біздің адамдар сондайда бір-бірін қолдамайтыны өкінішті» дейді өзін Жанар деп таныстырған жолаушы.

«Жұмыс орным «Шалқыма» сауда үйінің жанында болғандықтан, үнемі №2 маршрутқа шығамын. Өте қиын, дер кезінде келмейді. Автобустар арасындағы интервал 25 минут, тіпті одан да көп сияқты. Өйткені, аялдамада босқа тұрған соң санап тұрамын, №14 автобустың 5-і кеткенде барып 2-нің төбесі әрең көрінеді. Ал, ішіне кірген жағдайды сіз сұрамаңыз, мен айтпайын.

Адамдар бір-бірін қысып, итеріп, әрең тұрады. Жүргізуші де жолаушылардың жағдайымен санаспай, тежегішін ойда-жоқта басып қалғанда бір-бірінің үстіне құлап, айғайласып, дауыс көтеріп жатады. Кондукторлардың дөрекілігін айта-айта жауыр болды» деді қала тұрғыны Болат Жақыпұлы.

P. S.

Жаңа автобустар келгеннен кейін жақсарады деп үміттенген қоғамдық көліктер тұрғындардың көңілінен шықпай тұр. Бар уақытын зая кетіріп, қыс болса, тоңып, жазда күн астында шыжып автобус күтудің қандай қиын екенін басынан өткізген адам ғана біледі.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *