Ауырып ем іздегенше…

IMG 5103 e1559213701927 Жаңалықтар

Аtr.kz/30 мамыр, 2019 жыл. Мамырдың үшінші жексенбісі  – бүкіл әлемде ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні. Осыған орай облыстық ЖИТС-пен күрес және  алдын алу орталығында баспасөз-конференциясы өтті.

Мамандардың айтуынша, халықаралық еске алу күнін өткізу – бұл АИТВ инфекциясының  одан әрі таралуын тоқтату мен  инфекцияға қарсы тұруға дайын  болудың тағы бір мүмкіндігі. «Ешкімнің аурудан сақтандырылмағанын және әлдеқашан АИТВ инфекциясының  «осал топтар» ауруы  еместігін еске түсіру маңызды. Бүгінде адамның әлеуметтік мәртебесі, жасы мен келбеті бұл инфекцияның бар немесе жоқ екендігін көрсете алмайды. Сондықтан, әр адам АИТВ-ға тестілеуден өткені жөн.

Сөйтіп, тұрғындар вирустың таралуын тоқтатуға өз үлесін қоса алады.  Биыл бұл атаулы күнге байланысты «Өмір сүру үшін есте сақтаймыз!» тақырыбында бір апталық акция өтті. Акция аясында экспресс-тестілеу жүргізіліп, жастар арасында оқу-ақпараттық шаралары ұйымдастырылды. Негізгі идея – уақытылы ем жүргізу арқылы аталмыш инфекцияның өлімге әкелетін аурулардан толыққанды өмір сүруге болатын созылмалы дерттердің қатарына көшіруге болатындығын тұрғындарға жеткізу» дейді облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.

Айта кету керек, биыл облыста  төрт айда 316 адамда осы инфекция анықталған. Оның 70-і шетелдіктер. Қазір орталықта АИТВ жұқтырған 202 адам диспансерлік есепте тұрса, оның екеуі бала. Үш адам  ЖИТС науқастары.  Жалпы, аймақта ең алғашқы дерек 1993 жылы тіркелген.  Сол уақыттан бері оны жұқтырған 36 адам қайтыс болса, оның 13-і ЖИТС науқастары.

Аталған орталықтың бөлім басшысы Гүлнар Омарованың айтуынша, бүгінде аталмыш ауру жастар арасында жиі кездеседі. «Дерттің 70-80 пайызы инекциялық жолмен таралған. Негізінен бұл ауру қан арқылы, жыныстық қатынас және жүктілік пен сәбиді емізу кезінде анадан бала жұғады. Егер науқас өзінің дертін біле тұра басқа адамға қасақана жұқтырса, ол заңдылық бойынша жауапқа тартылады» дейді ол.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз