АУЫЛдағы АГРОфирмалар

f887a06d4a1cce86537c1d56208dfd34 Stranitsa 01 Жаңалықтар

Atr.kz/9 тамыз, 2019 жыл. Алғашқы алты айда облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 22,3 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңіндегіден 101,2%-ға артты. Оның 20,9 млрд. теңгесі (101,3%) мал шаруашылығына, 499,8 млн. теңгесі (100%) егіншілік саласына және қалған 900 млн. теңгесі өзге қызмет түрлеріне тиесілі болып отыр. Еңбек өнімділігінің индексі 114%-ға тұрақтады.

Төрт түлікте өсім бар Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың мәлімдеуінше, агроөнеркәсіп кешенінде 2 467 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Оның 1 422-сі мал шаруашылығымен айналысады. Есепті мерзімде барлық түлік түрінің өсімі қамтамасыз етілді. Осылайша, мүйізді ірі қара – 191,2 мың (өсім 3,5%), түйе – 34,3 мың (2,3%), жылқы – 90,7 мың (6,5%), қой-ешкі – 700,7 мың (2,4%) және құс 448,3 мыңды құрады. Осы кезеңде малдан алынатын өнім көлемі де көбейіпті.

Тірілей салмақта 23,1 мың тонна ет, 32,7 мың тонна сүт және 60,7 млн. дана тауық жұмыртқасы өндіріліп, 1 тонна шұжық өнімдері шығарылды. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтың саны 21ге жеткен. Соның ішінде, сегізі – мүйізді ірі қара, жетеуі – қой, төртеуі – түйе, екеуі жылқы өсірумен шұғылданады.

«Сыбағадан» алған сыбаға

Елімізде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері 364 мүйізді ірі қара мен 12 600-ге жуық ұсақ мал сатып алынған. Аталған бағдарлама аясында мақұлданған 18 жобаны жүзеге асыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 874,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Одан басқа, екі жоба қаралу сатысында тұр. Жалпы өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы бағдарламаларды жүзеге асыруға қаралған қаражат көлемі 1,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы деңгейден 57,8%-ға көтерілген.

Шабындық жайы қинап тұр

Алдағы қыс маусымына облыс бойынша 513,3 мың тонна ірі сабақты мал азығын дайындау жоспарланса, қазір оның 133,9 мың тоннасы әзірленген. Осы орайда, жауын-шашын мөлшерінің аздығынан шөптің шығымы сиректеу болып тұр. Сол себептен, қысқа қажетті мал азығының басым бөлігін көршілес облыстардың аумағынан дайындауға тура келіп отыр. «Жасыл орақ» науқанына барлығы 784 трактор, 301 автокөлік, 486 шабу агрегаты мен 241 рулон тайлаушы тартылыпты.

Егін – ел ырысы

Биыл облыста 8 933 гектар жерге егін салынып, аумағы өткен жылғыдан 110%-ға ұлғайды. Тамшылатып суару тәсілі қолданылатын егіндіктің аумағы 2 800 гектарға жеткізіліп, озық технология өндіріске енгізілген алты жылда бұл көрсеткіш екі есе дерлік жоғарылады. Сөйтіп, бүгінде осы әдіспен күтілген егіндіктің үлес салмағы 32%-ды қамтып отыр.

Мұның сыртында, ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылатын егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде жасалынған меморандум шарттары толықтай орындалған. Жиын-терім жұмыстары басталған айдан астам мезгілде 1 466 гектар алқап игеріліп, 18 712 тонна өнім алынды. Дақылдардың арасында көкөніс пен бау-бақша түсімінің көбірек екені аңғарылды. Соңғы кездері аймақта жылыжай шаруашылықтарын өркендетуге басымдық берілуде.

Тұтынушыларды жыл бойына егін өнімдерімен қамтып, сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін бұл бастама өміршеңдігін дәлелдеуде. Жылыжайлардың жалпы ауданы 16 гектарға дейін ұлғайған.

Тұрақтандыру қоры – қауіпсіздік кепілі

Қазіргі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында жалпы сыйымдылығы отыз екі мың тоннаға жуықтайтын 29 азық-түлік, көкөніс сақтау қоймасы жұмыс жасайды. Енді алға қарай 10 мың тонналық қойманы іске қосу жоспарланыпты. Бұл азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға кепілдік береді. Тұрғындарды жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіші көкөнісбақшадан – 118, сүттен – 112, ет пен жұмыртқадан – 108 және картоптан 48%-ды қамтыды.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың тағы бір түрі – ауыл шаруашылығы техникаларын лизингімен беру. Өткен жылы осындай жүйемен 335 млн. 911 мың теңгеге 70 бірлік түрлі техника мен агрегат сатып алынған. Ал, биылғы алты айда лизингке алынған техниканың саны 87ге жетіп, қаржылай сомасы 408 млн. 665 мың теңгені құрапты.

«Еңбек» кәсіпкерлікті қолдайды

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер тұрғындарының кәсіпкерлікпен шұғылдануына қолдау көрсету ауыл шаруашылығы басқармасына да жүктелген маңызды міндеттердің бірінен саналады. Осы мақсатта оларды шағын несиемен қамтамасыз етуге 1,3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қазір соның 446,7 млн. теңгесі кәсіпкерлердің қолына тиіп, нәтижесінде 50-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз