«АУЫЛ ­– ЕЛ БЕСІГІ» жобасы 7 млн ауыл тұрғынын қамтиды

Аудан хабарлары Жаңалықтар Әлеумет әлеуеті

Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Елбасының бастамасымен республикамызда  көптеген жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне қызмет етуде. Солардың санатында «Ауыл ­– Ел бесігі» жобасын атауға болар еді.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтылып, айрықша басымдық берілген: «Біз Елбасының «Ауыл ­­– Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Осы мақсатта Үкіметке  бөлінген 30 млрд. теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 млрд. теңге қаржы қарастыруды тапсырамын».

Жалпы алғанда, аталған жоба шеңберінде алдағы жеті жылда елімізде ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, жаңа инженерлік желілерді жүргізу, сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын қайта жаңғырту және жаңадан салу көзделген. Осы кезеңде 130 мың жаңа жұмыс орнын ашу арқылы жеті миллионға жуық ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту күтілуде.

­- Басты мақсат ­– әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жақсарту жолымен ауылды өркениет талабына сай дамыған ортаға айналдыру, тұрғындардың тұрмыс сапасы мен өмір сүру деңгейін көтеру, жастарды ауылда еңбек етуге тартып, тұрақтандыру. Мәселен, 2019 жылы Атырау облысының  Индер, Исатай және Махамбет аудандарының орталықтарында жаңадан бой көтерген мөлтекаудандарды газбен жабдықтау, көшелерін жарықтандыру, ауылішілік автокөлік, жаяу жүргінші жолдарын күрделі және жай жөндеуден өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылды, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Мақсот Бағытов.

«Ауыл ­– Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына ел куә. Былтыр Индер ауданының орталығындағы ескі үш қабатты үйлер реконструкциядан  өткізіліп, айналасы абаттандырылды. Көшелерге асфальт жолдар төселіп, саябақтар қалпына келтірілді. Көпбалалы отбасылар үшін «Ару Ана» жаңа тұрғын үй кешені салынды. Сол сияқты, Исатай мен Махамбет аудандарының орталықтарында ауылішілік жолдарды төсеу жұмыстары жалғастырылып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қатары көбейді.

Әр қазақтың кіндігі байланған алтын бесік ­­– ауыл ажарын айшықтап, абаттанып,  кемелдене түсуіне кең жол ашып, өркениетке жетелеген өміршең жоба биыл одан әрі жалғасуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған