АУРУХАНАЛАРҒА – ЖАҢА ЖАБДЫҚ

Бүгінде облысымыздағы ауруханаларда жүрек-қан тамырлары ауруын емдеудің озық әдістері мен аппараттары қолданылуда. Әсіресе, науқастардың инфаркт жағдайын дәл және тез анықтау үшін қан құрамын экспресс талдау тәсілінің алар орны ерекше.

 

Осы мақсатта жаңа жылдың басында «Эксон Мобил Қазақстан» компаниясының демеушілігімен облыстың бес аудандық орталық ауруханалары Америкада шығарылған қымбат бағалы «АlereТriaqe МeterРro» кардиомаркер талдағыштарын алуға қол жеткізген-ді. Енді осы компания облыстық кардиология орталығында облысымыздың аудандық ауруханаларына кардиомаркерлердің экспресс талдағыштарын тарту ету рәсімін жасады.

– «Эксон Мобил» компаниясымен біз осымен төрт жылдың үстінде тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова. Ал, бүгін емдеу орындарына табыстап отырған кардиомаркерлердің экспресс талдағыштары жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлімді азайтумен бірге, кардиологтар мен зертханашылардың соңғы үлгідегі жабдықпен жұмыс жасауларына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да  компаниямен  ынтымақтастығымыз жалғасатын болады.

 Бұдан соң емдеу орындарын жабдықтаушы «Локалфарм» ЖШС-нің  директоры Мәди Есқараев, сондай-ақ, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Марат Қонысов компанияның бұл ізгілікті көмегі үшін ризашылықтарын білдірді.

 Рәсім соңында «Эксон Мобил» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Нұғыман аудандардағы орталық ауруханаларының өкілдеріне кардиомаркерлердің экспресс талдағыш жабдықтарын салтанатты жағдайда табыс етті.

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз