Ауған соғысы салған жара жазылмай тұр

augan 1 Жаңалықтар

Кеңес әскерінің құрамында  Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан қазақстандықтарға  әлі күнге ресми түрде  «соғыс ардагері» деген құқықтық мәртебе берілмеген. Ауған соғысына қатысқандардың пікірінше, бұл мәселе Парламентте  он жылдан астам уақыт талқыланып келеді, бірақ, әлі біржақты шешімін таппай отыр. 

augan-1

Ауған соғысына қатысқандар өздерін заңды тұрғыда «соғыс ардагері» деп танығанда ғана «қоғам мен билік өкілдерінің Ауған соғысына қатысушыларға деген көзқарасы өзгереді» деп санайды.

Ауған соғысына қатысушылар мүгедектігіне сәйкес жәрдемақы алуы үшін жыл сайын арнайы комиссиядан өтеді. Ал, комиссиядан өту үшін  мүгедек екенін дәлелдеп арнайы госпитальға жатып шығуы қажет. Осының бәріне жүгіруге кім-кімнің де жүйкесі сыр берері анық. Арнайы жеңілдіктер болса, мұның барлығы болмас еді. Ал, кезінде Ауғанстанда жүргенде сүзек, бауыр қабынуы секілді инфекциялық аурулармен сырқаттанғандар, бүгінде мүгедектік ала алмай отыр. «Ауғандықтардың» ішінде ең көп қиналып жүргендер де – солар. Егер оларға «соғыс ардагері» деген мәртебе берілсе, онда Ұлы Отан соғысының ардагерлері секілді әлеуметтік кепілдіктерге ие болар еді. Қазір заңмен қорғалмағандықтан, шенеуніктерге өтініш жасап та бара алмайды. Өйткені, олардың айтатын жауабы белгілі, «біз сендерді онда жіберген жоқпыз» дейді. Мемлекет Ауған соғысына қатысушыларға оң көзқарас танытатын болса, онда қоғамның да, билік өкілдерінің де  көзқарасы  өзгерері сөзсіз.

Ауған соғысына қатысқандардың бірі, запастағы генерал-майор Мұрат Қалматаев ардагерлер туралы заң жобасы Парламент қарауында он  жыл бойы  талқыланып келе жатқанымен, әлі күнге жобаға депутаттар тарапынан қажетті көңіл бөлінбей отырғанын өмірінің соңына дейін айтып өткені белгілі.

Ресейде, Украина мен Белоруссияда, көршілес Қырғызстанда Ауған соғысына қатысушылардың Кеңес өкіметі кезіндегі материалдық жеңілдіктері сол қалпында сақталған. Қазақстанда барлық жеңілдіктер мемлекеттік жәрдемақымен алмастырылды.  Ауған соғысына қатысушылар 28000 теңгеге жуық жәрдемақы алуда. Оның өзінде Президент жарлығымен жәрдемақылар мөлшері көтерілді. Оған дейін  2200 теңге болған. Барлық жеңілдіктер осы ақшамен алмастырылды. Бұл тіпті қоғамдық көлікпен жүруге де жетпейді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Ауғанстанға барған әрбір алтыншы жауынгер кемтар болып оралды. Тоқсан пайыздайы сүзек, іш сүзегі, бауырдың қабынуы ауруларына шалдықты. Қазір сол аурулар асқынып, кемтарлар саны көбейіп барады. Оларға өмір сүретін қаражат керек. Сондықтан, Ауған соғысы ардагерлерінің материалдық жағдайы – өз алдына жеке әңгіме.

Тарихқа көз жіберсек, 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында  Ауған соғысына КСРО аумағынан 620 мыңнан астам жауынгер мен офицер қатысты. Осы соғыста Кеңес Одағынан 15 мың 51 адам оққа ұшып, 118 ұшақ, 800 танк және 11 мың 369 әртүрлі әскери техникалар жойылып кетті. Ал, Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269 жауынгер. Соғыс даласында Қазақстан 924 боздағынан айырылды. Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 жас елге мүгедек болып оралса, 21 солдат із-түзсіз кетті. Ауған соғысының жауынгерлері  Атырау облысы бойынша – 782. Олардың көбі ауған жерінде алған жарақаттан ертерек көз жұмды. Қазіргі таңда облыста 534  жауынгер-интернационалист есепте тұр.

Соғыстың аяқталғанына биыл  28 жыл толды. Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың перзенттерін жоқтаған күні. Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн. «Интернационализм» деген саясаттандырылған сөздің құрбандығына айналып, оған имандай сеніп, бүгінгі күні күл-талқан болған тағдырының өтеуі мен бодауын кімнен сұрарын білмей дал болған жандардың өзегіне өкінішін жасырған күн!

«Ауған соғысының 110 айға созылған қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жандары жаралы 18 мың 360 қазақстандық ардагер ортамызда жүр. Жандары жаралы дейтініміз, олар өліммен тікелей кездесті.   Сонда да ата-баба рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралды. Бүгін қазақстандық Отан қорғаушылар солардан үлгі алып, соларға қарап сап түзейді» деген еді бірде Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Арада 28 жыл өтсе де,  Ауған соғысы өзінің ізін әлі жасырып болған жоқ. Бұл қанды іздің жасырылуы, ұмытылуы мүмкін де емес. Өйткені, ол  қыршын жас жауынгерлердің қанымен, аналардың көз жасымен тарих шежіресіне жазылды.

Гүлзада РАХМЕТҚЫЗЫ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз