Атыраулық зейнеткер көлік апатына түскен жұбайы қиындықтан қалай шыққанын айтты

news ntk2mjkznti5mdi 610x340 1 Жаңалықтар

Atr.kz/4 ақпан, 2020 жыл. 2004 жылдың 17 желтоқсаны болатын. Жолдасым Гүлнәр екеуміз автобуспен Аққыстау кентіне жолға шықтық. Бірақ, сол жолғы сапарымыздың ауыр естелігімен мәңгі есте қалатынын біз ол кезде білген жоқпыз.

Атыраудан 17 шақырым ұзаған соң мінген автобусымыз аударылып, жол апатына ұшырадық. Асфальттың беті көк мұз екен. Періштесі қаққан деп жатады ғой, мен апаттан аман қалдым. Гүлнәрдың бел омыртқасына зақым келіп, қозғала алмай, төсек тартып қалды. Жанұямыздың өмірі күрт өзгерді. Сол кезде үлкен ұлымыз Тұрар 16 жаста, кіші ұлымыз Қуандық 11 жаста болатын. Гүлнәрдың өмірі үшін күрес басталды.

Өзім ол кезде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының « Ж а й ы қ м ұ н а й г а з » басқармасының өндірістіктехникалық бөлімінде инженер қызметін атқарып жүрген едім. Сөйтіп, науқасқа шипа іздеп, интернеттегі медициналық орталықтардың сайттарына хат жолдадым. Солардың бірінен, атап айтқанда, Мәскеу қаласындағы Вертебрология және ортопедия медициналық орталығынан 2005 жылдың ақпан айында жауап хат келді. Олар менен алдымен жұбайымның рентген суреттерін алып Мәскеуге келуімді сұрады. Гүлнәр қатты науқас, балалар жас, бір сөзбен айтқанда, үйдегі жағдай өте ауыр еді.

Сөйтіп, сәті түсіп, наурыз айында Мәскеудегі Губкин атындағы университетке білімін жетілдіруге баратын басқарма мамандарына рентген суреттерін беріп жібердім. Олар медициналық орталықтан «операция жасаймыз» деген құжат алып келді. Онда көрсетілген ақылы операция құны да қымбат болатын. Енді науқасымыздың өмірі қаржыға келіп тірелді. Астана қаласындағы бас кеңсемізге, «Қазмұнайгаз Б.Ө.» акционерлік қоғамының сол кездегі бас директоры Жақып Марабаевтың атына операцияға қаржылай көмек көрсетуді сұрап өтініш-хат жолдадым.

Бірақ, өтінішімнің орындалар-орындалмасы белгісіз еді. Атырау қаласының банктерін жағалап, кредит алуға дайындала бастадым. Кенет 2005 жылдың мамыр айында Астанадан «компания сіздің хатты қарап, жұбайыңыздың операциясын жасауға қаржы бөлді» деген хат келді. Бұйрыққа қол қойып, пәрмен берген компания басшысы Жақып Марабаев ініміз екен. Науқасымыздың Мәскеуге баратын күні белгілі болғаннан кейін Ресей Федерациясындағы Қазақстанның елшілігіне науқас жағдайының өте ауыр екендігіне байланысты назарға алуды, қажет болған жағдайда көмектесуді өтініп хат жолдағанбыз.

Елшілік қызметкерлері емханамен жүйелі түрде хабарласып, науқастың жағдайын біліп отырды. Гүлнәрға операция жасауға қан табылмай қатты қиналған кезде елшілік қызметкері Мәскеу қаласының түбіндегі әскери бөлімге барып, әскерлермен кездесіп, керекті мөлшердегі қанды емханаға жеткізіп беріпті. Ол кездегі елшілік басшысы Қырымбек Көшербаев ағамыз еді. Сөйтіп, 2005 жылдың шілде айында бес сағатқа созылған күрделі операция жасалды. Операцияны Ресейдің «Спинной мозг» қоғамының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор Андрей Владимирович Басков пен осы қоғамның хатшысы, медицина ғылымының кандидаты Игорь Анатольевич Борщенко есімді дәрігерлер жасады.

Төсек тартып жатқан Гүлнәр елге мүгедек арбасына отырып келді. Көп ұзамай, 2006 жылдың қазан айында, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының сол кездегі басшысы Мақсым Ізбасов ағамыздың шешімімен, қаладағы кеңсеге инженерлік қызметке ауыстырылдым. Компания басшылары жанұя жағдайына қарап, І топтағы мүгедек жанды бағып отырған соң, маған осындай көмек көрсетті. Осы қызметті 2018 жылға дейін атқарып келдім.

Өткен жылы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басшысы Әнуар Жақсыбеков, арнайы жәрдемақы (пособия) тағайындап, зейнеткерлікке шығуыма үш жыл бұрын жұмыстан босатты. Бұл да компанияның жанұямызға жасаған қамқорлығының көрінісі, қарапайым инженерге жасалған құрметі деп санаймын. Ұ л д а р ы м ы з е р ж е т т і . Үлкеніміз Тұрар Атырау мұнайгаз институтын 2010 жылы тәмамдап, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып қызмет атқаруда. Кіші ұлымыз Қуандық Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұран университетін аяқтады.

Қазір Елордадағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамында маман болып жұмыс істейді. Екеуі де үйленді. Гүлнәр әже атанып, немерелерінің тәтті күлкілерінің сыңғырына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде. Бос уақытым көбейгендіктен болса керек, қазір газет-журналдарды оқуға көп көңіл бөлемін. Телеарналардың ж а ң а л ы қ т а р ы н ү з б е й тыңдаймын. Таң қаларлығы, елімізде болып жатқан ізгілікті шаралар, замандастарымыздың ж а қ с ы л ы қ т а р ы а у ы з толтырарлықтай насихатталып, көрсетілмейді. Көрсетілсе де, өз дәрежесінде емес.

Біздің жанұямыз өмірдің бір белесінде тағдырдың сынағын басынан өткізді. Сол сынақтан шығуға атсалысқан Қырымбек Көшербаев, Жақып Марабаев, Мақсым Ізбасов, Әнуар Жақсыбеков сынды азаматтарға, Ресей дәрігерлері Андрей Басков пен Игорь Борщенко, есімдері белгісіз, науқас адамға қан құйып берген ресейлік әскерлерге алғысымыз шексіз…

… Жақында Атырауда бір ағайынның асына барғанмын, сәл кешігіп қалыппын. Асаба мені төрде орналасқан үстелдің біріндегі бос орынға жайғастырды. Жанымда отырған азаматтарға көз салсам, мұнайгаз компанияларының басшылары екен. Бұрын теледидардан көріп жүрген азаматтар ғой. Қонақтардың арасында отырған Жақып Марабаев көзіме оттай басылды. Арасында өзім жақсы білетін Әнуар Жақсыбеков те бар екен. Оған қиналған кезімізде Жақып Нәсіпқалиұлы жасаған жақсылықты қысқаша айттым. Әнуар бауырымыз отбасымыздың алғысын Жақып інімізге сол сәтте жеткізді. Арада көптеген жылдар өткен соң Жақып інімізге жанұямыздың алғысын жеткізудің сәті осылай түскен еді.

Шалхар ЖАЙЛАШЕВ,

мұнай саласының ардагері, зейнеткер

praprara
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз