Атыраулық 50 көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарланған

20190502104301 Жаңалықтар

Аtr.kz/2 мамыр, 2019 жыл. Қазақстанда көпбалалы отбасыларға пәтер беру басталды.

15 мамыр күні Атырау облысындағы 50 көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметіне сәйкес, 32 мың көп балалы отбасы баспана алуға кезекте тұр. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша алға қойылған міндеттердің іске асырылу барысы ҚР Үкіметінің ерекше бақылауына алынған.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда көпбалалы отбасыларға баспана беру жұмыстары басталды. Тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі жаңа заңды іске асырудың алғашқы күні елордада және еліміздің өңірлерінде 249 отбасы баспаналы болды.

Биыл 30 сәуірде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Парламенті тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заңды қабылдады. Құжатты іске асыру ҚР Үкіметіне әкімдіктермен бірлесіп қысқа мерзім ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі көп балалы отбасыларға пәтер беруді бастауға мүмкіндік берді. Президент Әкімшілігінің, ҚР Парламенті мен Үкіметінің үйлесімді атқарған жұмыстарының нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсартудың жүйелі шаралары қабылданды.

Биыл мамыр айында жалпы елімізде 2019 жылға жоспарланған 6 мың көп балалы отбасының 1,2 мыңын баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде алғашқы 24 пәтер Нұр-Сұлтан қаласында, 15-і Шымкент қаласында берілген. Павлодар облысының көпбалалы отбасыларына – 76, Қарағанды облысында – 27, Ақтөбе облысында – 25, Алматы облысында – 20, Маңғыстау облысында – 18, Жамбыл облысында – 17, Шығыс Қазақстан облысында – 11, Батыс Қазақстан облысында – 10, Ақмола облысында – 6 пәтер берілді.

Дереккөз: primeminister.kz

20190502111408
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз