Атыраулық жеткіншектер су додасынан өткен Қазақстан чемпионатынан 1 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль иемденді

1111 Жаңалықтар

            Қостанай қаласында суға жүзуден 2005 жылы туылған ұлдар мен 2007 жылы туған қыздар арасында Қазақстан чемпионаты болып өтті. «Қысқы каникул – 2020» атауымен өткен бұл су додасында жас жеткіншектеріміз 1 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль иемденді.

Бес күнге созылған бәсекелер қорытындысында  Альмира Қадырбай 200 метрге кешенді жүзуде бәрінен оқ бойы озық шығып жеңімпаз атанса, одан кейінгі 200 метрлік еркін жүзуде – екінші, 100 метрлік және 50 метрлік еркін жүзу түрініде – үшінші орын алды.

  Осы еркін жүзу әдісінде тағы бір жерлесіміз Дамир Алтай 50 метрлік сайыста – екінші, 100 метрлікте – үшінші  болып келді. Ал Анеля Марат 200 метрлік кешенді жүзуде – екінші, 50 метрлік брасс әдісінде үшінші орын иемденді. Дидар Ғизатов болса  200 метрлік кешенді жүзуде үшінші болды.

Болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларды жарысқа жоғары санатты бапкер Нұрлан Жұмағазиев пен аға жаттықтырушы Иван Галкин дайындады.

Атырау өңірінде суда жүзу спорты өкілдері жыл өткен сайын мол табыстарға кенеліп келеді. Өткен жылы Үндістанның Бангалор қаласында өткен Азия чемпионатында еліміздің жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз Ғани Жұмабай мен Никита Ковальчук құрлықтық бәсекеде күміс жүлдеге ие болса, одан бұрын паражүзушілеріміз Ержан Сәлімгереев пен Дмитрий Ли Индонезияда өткен Паразиада ойындарында алтыннан алқа тағынып, Әлемдік кубок сайыстарында алдарына қара салғызбап еді.

Енді міне, балғын шәкірттеріміз де өздерінің қарқынды әрі тыңғылықты дайындықтарының жемісін көре бастады. 

25102018
img 6010

Мұратбек  ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз