Атыраудың субұрқағы неге құрғады?

img 2115 Жаңалықтар

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Шаһар шырайын келтіріп, экологиясы мен тазалығына оң әсерін тигізіп, адамдардың жайлы демалысына қолайлы жағдай туғызар нысанның бірі – субұрқақ. Атырау қаласында субұрқақтардың салынғанына он бес жылдан асты. Бүгінде олардың бәрі дерлік тозығы жетіп, істен шыққан. Сондықтан, оларды бұзып, орнына жаңасын салу – кезек күттірмес мәселе.

– Бүгінгі таңда Атыраудағы субұрқақтардың саны 31 болса, оның 12-сі Исатай-Махамбет алаңында орналасқан. Алаңдағы субұрқақтар түгелімен жаңартылады. Одан бөлек, Жеңіс саябағы аумағындағы «Торнадо» (Авангард ықшамауданы), Құрманғазы мәдениет сарайының алдындағы «Скульптурный» (Тұрғындар қалашығы), А.Құнанбаев көшесіндегі «Ажурный» (Балықшы кенті), Құрманғазы саябағындағы «Хоровод», «Классика» және Қ.Смағұлов бульварындағы «Крестики и Нолики» субұрқақтары күрделі жөндеуден өткізіледі. Соған байланысты, жобалаусметалық құжаттамалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алып отыр. Соның негізінде,құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін келісім-шарт жасақталды, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айбек Жәлелов.

Оның айтуынша, субұрқақтарды қайта жаңартуға жергілікті бюджеттен 201 млн. теңге қаражат бөлінген. Алайда, қаржыландырудың кешіктірілуіне байланысты жұмыстарды атқару 2020 жылға қалдырылыпты. Соған қарағанда, атыраулықтардың тағы бір жазды субұрқақсыз өткізуіне тура келетін сыңайлы. Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, қолданыстағы субұрқақтарының 10-15 жылда істен шығуы сумен жабдықтау жүйесінің тиісті талапқа сай, төзімді материалдардан салынбауынан болып отыр. Ашығын айтқанда, тот баспайтын болат тұрбалардың орнына қарапайым тұрбалар төселіпті. Оның үстіне, субұрқақтарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін инженерлік коммуникациялардың күтімінде де көптеген кемшіліктерге жол берілген.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз