Атыраудағы еріктілер штабының құрамы жүз адамға жуықтады

screenshot 20200415 095615 Жаңалықтар

Аtr.kz/17 сәуір, 2020 жыл. Атаулы жыл аясында «Азаматтық орталық» мекемесі жанынан еріктілер штабы құрылған болатын. Орталықтың басшысы Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, штаб мүшелері жұмыстарын бірнеше бағыт бойынша жүргізеді.

Мәселен, автоеріктілер мұқтаж отбасыларына азық-түлік, дәрі-дәрмек таратса, медицина еріктілері жедел жәрдем қызметкерлеріне көмектеседі. Халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауар бағаларына мониторинг жасайтын қоғамдық тәртіп сақшыларымен бірге түрлі рейдтік шараларға қатысатын топтар да жұмыс жасауда. Сол сияқты, қазіргідей індетке қарсы күрес кезінде өз қолдарымен бетперделерді тігіп, тиісті адамдарға жеткізетін еріктілер де бар.

Еріктілер штабының ұйытқы болуымен ашылған қайырымдылық қорына аз уақыттың ішінде 1 млн. теңгеден астам қаржы жинақталып отыр. Соның есебінен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен берілген тізімге сәйкес, жалғызілікті қарттар мен жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлығы 170-ке жуық отбасына азықтүлік себеті (әрқайсысының бағасы 13 60014 800 теңге аралығында) таратылды.

Одан бөлек, атыраулық жеке кәсіпкер Бауыржан Кенжеғалиев қайырымдылық қорына бір миллион теңге қаржы бөліп, 100 мұқтаж отбасына күнделікті қажетті азық-түлікпен жәрдемдесті. Бұл үрдіске оның әріптесі Гусейн Ибрагимов пен «Каритас Милосердие» қорының өкілдері де өз үлесін қосты. Сонымен бірге, еріктілердің қолымен 12 300 бетперде тігіліп, үлестірілді.

Жалпы алғанда, еріктілер штабының құрамында 100-ге жуық волонтер болса, олардың жас шамасы 30-55 аралығын қамтиды. Сайып келгенде, жоғарыда баяндалғандай, азаматтардың өз еркімен, шын ықылас-ниетімен атқарып жатқан жұмыстары еріктілердің қашан да елмен бірге екенінің нақты көрінісі болса керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз