Атырауда жедел- жәрдем станциясының реаномобильдері жаңартылады

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/27 қараша, 2019 жыл. Облыста жедел жәрдемшілердің шақыртуларға кешігуінің себебі неде? Мәселенің шешімін табудың қандай жолдары бар? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жедел жәрдем стансасының директоры Ерлан Сүйеуғалиев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, сала қызметкерлеріне шақыртулардың көбі сағат 18.00-ден кейін басталып, таңғы екіге дейін созылады. Күндізгі мезгілдерде кешігу жағдайлары мүлдем орын алмайды. «Бүгінде шақыртуларға кешігудің басты себебі – жедел жәрдемдегі көліктердің тозуы салдарынан оның жетіспеушілігі.

Дәлірек айтқанда, қазір көліктердің 80 пайызының тозығы жеткен. Барлығы 94 көлік болса, оның 24-і баланстан шығаруды, 25-і күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Ал, күрделі жөндеу жүргізу бірқатар уақыт пен қомақты қаражатты қажет етеді. Осынау мәселелерді шешіп, шақыртуларды уақытылы қамту үшін жергілікті бюджеттен  бес реаномобильді автокөлікке сұраныс беріліп, сатып алынды. Қазір оларды есепке алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 22 реаномобиль  Атырау облысына алынуда. Бұлар 2020 жылдың бірінші тоқсанында аймаққа толық жеткізіледі. Келесі жылы біздің жедел жәрдем техникаларына қатысты мәселе түбегейлі шешімін табады» деді Ерлан Бердіғалиұлы.

Оның айтуынша, қазір жедел жәрдем стансасына бір күнде 1100 шақырту түседі. Оның басым көпшілігін дене қызуының көтерілуі шағымы құрайды. Негізсіз шақыртулар саны да көп екен.

«Мәселен, сарымсақ, пияз турап отырып, пышақ тілген терісі ашыса да біздің қызметке жүгінушілер бар. Бірқатар тұрғын осы секілді шағымдармен «103-ке» қоңырау шалып, желіні  босатпайды. Біздегі заңдылық бойынша, бригада шағымданушының жағдайына қарай санат бойынша  барлық шақыртуға баруға тиісті. Енді бірқатары шынымен де шұғыл көмекті қажет етіп, шағымданады.

Мұндай жағдайларда бригаданың бос еместігінен кешігу фактілері орын алып жатады. Сондықтан, тұрғындар жедел жәрдем шақырғанда осынау мәселелерді ескерсе екен. Түркияда белгіленген заң аясында жедел жәрдемшілер бригаданың көмегін қажет етпейтін негізсіз шағымдарға барып уақыт жоғалтпайды» деді Е.Сүйеуғалиев.

Бұдан басқа, брифингте жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева алғашқы көмек көрсетуде волонтерлік жұмыстарды арттыру, кадрларды халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту  іс-шаралары туралы ой бөлісті.

Биыл облыстық жедел жәрдем стансасына 78 маман қызметке алынды. Оның ішінде жас мамандар саны – 46. Атырау қаласына – 54, ал, аудандарға 24 қызметкер бөлінді. Бүгінде Құлсары қаласына 13 фельдшер мен 8 жүргізуші қажет. Мұндай жетіспеушілік Атырау қаласында да бар. Бүгінде  кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу жолдары да қарастырылуда.

Келесі жылы Атырау қаласында бір станса мен екі подстансаның құрылысы басталады  және подстансаның санын беске дейін арттыру жоспарланған.  

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *