Атырауда тәртіп сақшысы өз өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарды (+ВИДЕО)

FullSizeRender 02 07 19 05 58 БЕЙНЕЖАЗБА
https://youtu.be/V7YaMLgGuSI

Atr.kz/3 шілде, 2019 жыл. 1 шілде күні сағат 23.30 шамасында Жайық жағалауында қызмет атқарып жүрген  полиция лейтенанты Нұржан Абенов пен полиция сержанты Ілияс Алтынбекұлына жағалаудағы адамдардың бірі «Атырау» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің маңындағы өзеннің жағасында ұзақ уақыттан бері бір қыз баланың жылап тұрғанын айтты.

Бұл хабарды естісімен жаяу патруль ойланбастан көрсетілген тұсқа бағыт алды. Полицейлер оқиға орнына жеткенде қыз баланың суда тұрғанын көрді.

«Көңілін аулау үшін суда не істеп тұрғанын сұрадым. Бізді байқаған кезде ол судың ортасына қарай жылжи бастады. Біз жағаға жүгіріп келгенше қыз өзеннің белуардан келетін тұсына дейін жетіп қалды. Полиция сержанты Ілияс Алтынбекұлы аяқ киімін шешіп, шалбарының балағын қайырды да киімшең суға түсті. Қыз дауысын шығарып айқайлай бастады, алайда тоқтаған жоқ. Әріптесіме көмектесіп, екеулеп қызды жағаға шығардық. Жол-патрульдік полициясы шақыртылып, азаматша қалалық полиция басқармасына жеткізілді» дейді Атырау қалалық полиция басқармасы ЖПҚ қызмет инспекторы Нұржан Абенов.

Осы кезде оқиға куәгерлері Лаура Серікова және достары үйге қайтып келе жатқан. Форма киген полиция қызметкерлерінің жағалау қоршауынан секіріп, суға түсіп бара жатқанын көрген ол: «Алғашында ештеңеге түсінбедік. Бәрі тез болды. Полицейлер қызды жағаға алып шыққан кезде ғана жағдай белгілі болды. Полицейлер жедел әрекет етті, жарайсыңдар!» деп полицейлерге ризашылығын білдірді.

Құтқарылған азаматшаға психологиялық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.

Атыраулық полицейлер суға батқан адамдарды құтқару, суицидке бекінгендерді райынан қайтару, өртеніп жатқан пәтерлерден азаматтарды алып шығу әрекеттерімен көзге түсіп келеді. Соңғы екі жылда полицейлер 11 адамды ажалдан арашалап қалған.

Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері елеусіз қалмай, «Ерлігі үшін» медалін – 8, «Айбын» орденін – 3 тәртіп сақшасы иеленді.

Соңғы ерлік адамды судан құтқару кезінде  өз өмірін қиған Шалқар Ақымғалиевқа тиесілі болатын.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз